Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстан ғылымы: Бүгін мен болашақ

Қазақстан ғылымы: Бүгін мен болашақ

Қазақ ғылымы дамуының негізгі күші – ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындары. Бүгінгі күні қазақстанда ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын 383 ұйым бар. ҚР білім және ғылым министрлігінің жетекшілігімен еліміздегі оқу орындары жанынан ғылыми-зерттеу орталықтарының құрылуы да отандық ғылымның ілгерілеуіне өзіндік үлес қосуда.

Елімізде білім беруді және ғылымды дамыту үшін түрлі шаралар кешенді іске асырылуда. Осыған орай Қазақстандық білім мен ғылымның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін кеңейту, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ғылымның үлесін арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметі 2019 жылдың желтоқсанында Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020–2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын қабылдады. Аталған бес жылдықта бағдарламаны іске асыру үшін 11,5 млрд теңге қаржы бөлу көзделді. Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының 16-65 жас аралығындағы ересектердің құзыреттілігін халықаралық бағалау бағдарламасының нәтижелеріне сүйенсек, Қазақстан оқу бойынша 34-орынды, математикалық сауаттылықтан (39 елдің ішінен) 33-орынды және ақпараттық-коммуникативтік технологиялар саласындағы сауаттылық бойынша (36 елдің ішінен) 32-орынды иеленген. Бұл нәтижелер әлдеқайда төмен дегенді білдіреді. Білім және ғылым жүйесіндегі бұл ахуал өзгермейтін болса, кәсіби кадрлардың азаюы және еліміздің экономикалық әлеуетінің әлсіреуі орын алуы мүмкін. Дегенмен бұл деградация дегенді білдірмейді. Еліміз етек-жеңін жинап, Тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері әлемдік рейтингте бәсекеге қабілетті болуға ұмтылуда. Қазақта ғылым кейін ғана пайда болған жоқ. Қазақ ғылымы сонау ғасырлар қойнауынан өріс алады. Өнертапқыштар халқымызда бұрыннан болған. Әйтпесе, бірнеше таспа қайыстан көмкеріп қамшы өріп, ішек пен ағаштан түрлі аспаптар жасап, бүгінгі күнге ұмтылмас мұра қалдырмаған болар еді. Қанша ғасыр бұрын зәулім-зәулім кесенелер мен күмбездер орнатып, күннің түсу бағыты негізінде жылынуды қамтамасыз ететін сәулет өнерінің ірі жетістіктері – моншалар құрылысын ойлап, іске асырғаны тарихтан белгілі болса, ғылым мен өнертабыс ХХ ғасырда пайда бола қалды деп қалай нүкте қоямыз?! Домбыра мен қобыздың, сыбызғы мен сазсырнайдың әуелеген үні құлақтың құрышын қандырғанда, «нағыз физика, нағыз акустика, нағыз өнертабыс деген осы екен-ау» деген ойға қаласыз. Ал, ХХІ ғасыр – ғылым мен техниканың дамыған дәуірі. Адамзаттың өмір сүру дағдысы ауырдан жеңілге ойысқан сайын адам бір ғана түймешік арқылы бүкіл әлемді басқарғысы келеді. Адам армандайды және қолынан бәрі келеді. Ұшатын кілем болса, айшылық жерден жылдам ха- бар алсам дейді. Ақырында ұшақтың да, ұялы байланыстыңда сан түрін ойлап табады. Жарықты қосасыз ба, теле- дидарды басқа арнаға бұрасыз ба, қиындығы жоқ. Тіпті орныңызда отырып басқара беріңіз. Пультті өзіңізбен алу- ды ұмытпасаңыз болғаны.

Бұның бәрі ғылым мен білімнің дамығандығының нәтижесі. Отандық ғылым мен өндірісті сөз ететін болсақ, салыстырмалы түрде даму деңгейіміз төмен. Үйіңіздегі теледидарыңыз атақты «LG» компаниясыныкі болса, компа- ния Кореяға тиесілі. Қолыңыздағы смартфоныңыздың сыртында «тістелген алманың» суреті бейнеленсе, ол АҚШ-қа тиесілі. Көлігіңіздің құжатында «Hyundai» деген жазу болса, ол да оңтүстік Кореяның өнертабысы.
 
Отандық ғылымның қазіргі жағдайы

Рас, отандық ғылымның қазіргі деңгейі өркениетті елдермен салыстырғанда төмендеу. Себеп – қаржыландыру жүйесі мен ғылымды басқару мәселелері. Маңыздысы – ғылымның елге, өнеркәсіптің дамуына қосатын үлесі, әкелер пайдасы. Бұл ретте біз дүниежүзінде 61-орындамыз. Бұл көрсеткіш дамыған елдер деңгейінен 24 есе төмен дегенді білдіреді. Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020–2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында білім мен ғылым дамуының әлсіз тұстарының бірі – ғылым, білім және өндірістің нашар байланысы деп көрсетілген. Ғылым-білімнің дамуында ғалымдар саны мен сапасы да басымдыққа ие. Осы ретте статистикаға сүйенсек, елімізде 1 млн халыққа 662 ғалымнан келеді, бұл Ресейге қарағанда (2852) 4,3 есе, Беларуське қарағанда (1805) 2,7 есе және АҚШ-қа қарағанда (4256) 6,4 есе аз.

Отандық ғылымның қарыштауына тағы бір кедергі – ҚР жоғары білім беру жүйесінде ғылыми қызметкерлерді еңбекке ынталандыру деңгейінің төмендігі. Ғылымды ақшамен бағалауға болмайтындығы белгілі. Дегенмен, бүгінгі нарық заманында болашақтың іргетасын қалаушыларға алаңсыз ғылыммен айналысуға жағдай жасалуы тиіс.

Өркениеті озық елдерде ғалымдар ең жоғарғы зиялы топ өкілдері ретінде бағаланады. Соған сай, олардың еңбектерін жеткілікті дәрежеде бағалап, өздеріне де құрмет көрсетіледі. Мемлекеттің ғылымға деген көзқарасы оның жалпы ішкі өнімінің ғылымды дамытуға бөлінетін қаражатының пайыздық деңгейімен өлшенеді. Ғылымға ең көп қаржы бөлетін Израиль – 4,6%, Швеция – 4%, Жапония – 3,4%, АҚШ – 2,7%, Германия – 2,5%. Ал Ресейде – 1,25% болса, Қазақстанда бар болғаны 0,12% деп көрсетеді статистикалық мәліметтер. Халықаралық академиялық кеңестің мәліметі бойынша мемлекеттің ғылым саласына бөлетін қаражаты 1,5 пайыздан артық болған жағдайда ғана ғылым дамиды. Сандарды сөйлетіп, пайыздық мөлшерге салатын болсақ, отандық ғылым саласының «әттеген-ай» тұстары ап-анық шыға қалады. Бірақ бұл тұралап қалу емес. Отандық ғылым бүгінгі күні дамудың даңғыл жолына түсіп келеді. Ғылым сапасын жақсарту жөніндегі шараларды іске асыру нәтижесінде ғылымды қаржыландыру жеті есеге дейін ұлғайғандығы, бизнес тарапынан ғылыми қызметті бірлесіп қаржыландыру үлесінің артқандығы қуантады. Бизнестің ғылымға қосқан үлесі 3 жыл ішінде 4,8 млрд теңгені құрады. Жыл сайын елімізде ғалымдардың еңбегін қолдау, жас ғалымдарды ғылым саласына тарту мақсатында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры дарынды жастардың бастамаларын қолдауға бағытталған жобаларға қаржы бөліп, конкурстар, форумдар ұйымдастырады. Бұндай маңызды шараларға шетелден қатысушылар да шақыртылып, ел дарындыларының тәжірибе алмасуына жағдай жасалады.

Қазақстанда қандай ғылым салалары дамып келеді?

Елімізде қабылданған бағдарламалар мен ұтымды саясаттың нәтижесінде біршама ғылым салалары дамып, қазақ ғылымының жетістігі ретінде бағалануда. Атап айтар болсақ, «Парасат» ғылыми-техникалық орталығы» АҚ таукен және металлургия саласы бағдарлама негізінде «отқа төзімді және сапасы төмен шикізаттарды өңдеу мен байыту технологиясымен» ең алғаш демеркуризациялы өңделген көмірден вакуумда алтын өндіру, бөліп алу үшін үздіксіз әсер етуші құралдар мен технология әзірледі.

Ж.Әбішев атындағы химия-металлургиялық институты ҚР Минералды шикізаттарын кешенді қайта өңдеудің Ұлттық орталығымен бірлесе отырып, «Минералды-шикізат ресурстары мен түрлі-түсті металлургияның техногенді қалдықтарын тиімді пайдаланып, отандық өндіріске қажетті өнім алу» бағдарламасы бойынша маңызды ғылыми-зерттеу
жұмыстарын жүргізді.

Іргелі ғылымдар бағдарламасы бойынша емдік дәрі-дәрмек жасауда «Фитохимия» халықаралық ғылыми- өндірістік холдингі» АҚ «Өсімдіктер және олардың синтетикалық баламаларының жаңа биологиялық белсенді қосылысы» тақырыбында алғаш рет бірегей дәрілік заттар алуды қолға алғаны еліміз үшін мақтан тұтарлық жаңалық. Қазақстан Республикасында атом энергетикасының дамыту бағдарламасы бойынша энергетика саласында жер бетін атмо-геохимикалық түсіруде оның геологиялық ортадағы техногендік өзгерістерінің әдістемесі мен модельдік бағдарламасы әзірленді

Алғаш рет Қазақстанда радон 222Rn изотопынан дозалық жүктемесі анықталып, қазақ ғалымдары оны
алудың әдістемелік нұсқаулығын әзірлегенін де ауыз толтырып айтуға болады. Бұнымен қоса ауылшаруашылығы, медицина салаларыбойынша елімізде ірі-ірі жетістіктер орын алғандығы көңіл қуантады.

ТҮЙІН

Ғұлама ғалым әл-Фараби «Ғылымы жоқ елдің – болашағы жоқ» деген екен. Әрі жас, әрі жасампаз егемен еліміздің басшысы Қ.К.Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында: «Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі» деген болатын. Мемлекет басшысы айтпақшы, біздің заманымыз – ғылым мен білімнің дамуына білек түріп белсе-
не кірісетін кезең.

Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының қорытындысы қойылған мақсаттар мен міндеттер 93,4 пайызға орындалғанын көрсетеді. Ендігі кезекте бекітілгеніне бір жылдан астам уақыт өткен Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020–2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша орындалған міндеттердің пайыздық үлесі жоғарыболатындығына сенім мол.


Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ

11 қаңтар 2022 ж. 4 487 0