Жауапкершілікті сезініп жүрміз бе?
Сырдария ауданында бірнеше жылдан бері инфрақұрылымды дамыту жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Бұл ретте, даму көрсеткіші жоғарғы деңгейге шыққан ауданда «Балалар жылы» аясында бірнеше ойын алаңы салынған болатын.
Қазіргі уақытта Тереңөзек кентіндегі ойын және футбол алаңдарында бос уақытын тиімді өткізетін балалар қарасы мол. Тереңөзек кентіндегі ойын алаңдары жас жеткіншек үшін таптырмас орынға айналды. Мәселен, «Қазақ», Аманкелді Иманов, Азатбақыт Әлиакбаров көшелерінің бойында орналасқан футбол алаңдарында доп қуалаған аудан жастары жетерлік. Сонымен бірге жекелеген ойын алаңдары бүлдіршіндердің демалыс орнына айналған. Бұдан бөлек, кенттегі бірнеше көшенің тұрғындары ойын алаңдарын қажет ететіндіктерін алға тартады. Алдағы уақытта аталған мәселе кезең-кезеңімен шешіледі деп сенеміз.
Аудан көлемінде пайдалануға берілген ойын алаңдарын арнайы тақырып ретінде қозғауымыздың өзіндік себебі бар. Қазіргі уақытта сапалы жасалған дүниені күтіп ұстау мәселесі көпті ойлантады. Бүгінде ойын алаңдарын бүлдіріп, жарамсыз күйге айналдыру тұрғындар арасында сан мәрте қайталанған. Жақында Иса Тоқтыбаев көшесінің бойында орналасқан ойын алаңына Тереңөзек кенті әкімдігінің қолдауымен орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Ойын алаңы негізінен бірнеше жыл бұрын балалар үшін арнайы салынған. Тозығы жеткен ойын алаңды қалыпқа келтіру үшін кент әкімдігінің мамандары тартылды. Бұл ретте, Тереңөзек кентінің әкімі Е.Бахтияров жергілікті халықтың ойын алаңын күтіп ұстау керектігін айтады.
– Құрметті кент тұрғындары балалар үшін салынған және жаңартылған ойын алаңдарын күтіп ұстау – маңызды рөл ойнайды. Осы, спорт және ойын алаңдарына әрбіріміз жанашырлық танытып, ұқыпты қарауды сұраймыз. Алдағы уақытта балалар ойын алаңдарын салу ойда бар. Демалыс уақытында балалар көбіне ойын алаңдарынан табылады. Әрине, балалардың қауіпсіз әрі сапалы алаңдарда ойнауына ата-аналар жауапкершілікпен қарағаны жөн. Қашанда балаларға мемлекет меншігіндегі мүлікті күтіп ұстау керектігін ескертсе дейміз. Шындығында, бірнеше жөндеуден өткен ойын алаңы ұзақ мерзімде балалар игілігіне жараса деген тілегіміз бар, – деді Тереңөзек кентінің әкімі Ержан Бахтияров.
Асылында, қоғам өмірінде балалардың алар орны ерекше. Олардың дені сау ұрпақ ретінде қалыптасып, кедергісіз ортада жетілгені жақсы. Үнемі ата-ана баласына дастархан басында отырып, мемлекет мүлкіне жанашырлықпен қарау керектігін, ойын алаңдарын салу барысында едәуір қаражат жұмсалғандығы жөнінде мұқият айту керек секілді.
– Мен балаларымды күн сайын «Қазақ» көшесінде орналасқан спорт алаңына әкелемін. Кем дегенде 40-қа жуық бала күні бойы доп тебеді. Бірнеше топқа бөлінген балалар футболдың қызығына кіріп, бос уақытын тиімді пайдаланады. Бұл ретте, балалардың ойын алаңдарын бүлдіруге әуестігін жиі байқаймыз. Тор қоршауға өрмелеп шығып, ойын алаңының темірлерін бір-бірінен ажыратуда. Сонымен қатар ойын алаңына қоқыс тастамау керектігін ескертеміз. Кейде бөтелке шынысы кездесіп жатады. Талай баланың шыны қалдықтарынан аяғы жараланғанын көзіміз көрді. Немқұрайлылық танытпау үшін ата-аналалар балаларына сапалы әрі қолайлы етіп салынған мүлікті бүлдірмеу керектігі жайында жөнінде ақыл айтқаны жөн, – дейді кент тұрғын Асылбек Абдыханов.
Балтабай ОРДАБЕКОВ