Ұлттық құндылықтар – ұлттың тірегі

Дүниеде қазақтан асқан қонақжай халық жоқ. Қазақ жерінде болған поляк саяхатшысы А.Янушкевич қазақ халқының қонақжайлығына тәнті болып: «Дүние жүзін қазақтар жайласа, мен бүкіл жер шарын тегін аралайтын едім» деген екен. Қонақжайлылық, меймандостық – қазақ халқының сүйегіне сіңген қасиет. Бұл қасиет қазақтарды басқа халықтардан ерекшелеп, мәртебесін арттырады, мерейін өсіреді.
Қазақ халқы ежелден күні бүгінге дейін амандық, есен-саулық білуге ерекше мән берген. Қазақтың салт-дәстүрінде баланың дүниеге келуі, есеюі, келін түсіріп, қыз ұзату, өлімге дейінгі кезең қоғам мен әлеуметтік мәселелерді терең қамтыған. Көптеген жоралғылар халқымыздың дархан мінез, кең пейілді екенін көрсетеді және аңғартады.
Қазақ халқының басты ұлттық құндылығы – ана тілі. Біздің ана тіліміз және мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі. Қазақ тілі әлемдегі ең ғажайып тіл деп айту артық айтқандық емес, керісінше мақтанамыз. Ана сүтімен, ата қанымен бойымызға дарыған ұлттық тіл бізбен ғасырлар бойы жасасып келе жатыр. Мемлекеттік тіл – біздің ата-бабаларымыздан келе жатқан баға жетпес байлығымыз. Біздің ана тіліміз – түркі тілдерінің ішіндегі ең бай сөздік қоры мол және әлемдегі ең таза тілдердің бірі.
Қазақ халқы өзінің ұлттық құндылықтарымен басқа ұлттардан ерекшеленеді. Осындай баға жетпес құндылығы бар еліміз бақытты. Өзінің құндылықтарының арқасында ол өзінің ұлттық ерекшелігін сақтай отырып осы күнге жетті. Егер біз ертеңгі ұрпақтың ұлтшыл, патриот болып өсуін қаласақ, онда ата-дәстүрімізді құрметтеуді және ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруіне себепші болуымыз керек. Ұлттық құндылықтарды сіңіре білген адам болашаққа жауапкершілікпен қарайды және еліміз үшін тынымсыз қызмет ететін азамат болады.
Біздің ұлттық құндылықтарымыз – ұлттың тірегі. Сонымен қатар біздің болашағымыздың мәңгілік шамшырағы, кемелдікке жету жолындағы жарық сәуле екені белгілі.
Олжас Дүйсенов,
Сырдария аудандық сотының жетекші маманы