Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық домбыра күні дүние есігін ашқан алғашқы сәбиге домбыра сыйлады

Ұлттық домбыра күні дүние есігін ашқан алғашқы сәбиге домбыра сыйлады

Сырдария аудандық қоғамдық даму бөлімінің қолдауымен «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Ұлттық домбыра күні дүние есігін ашқан алғашқы сәбиге домбыра сыйлау акциясы өткізілді.

Акцияның мақсаты – ұлттық аспабымызды ұлықтау. Ұрпағымызды қазақтың ұлттық өнеріне ұлтжандылыққа тәрбиелеу.

Домбырадан қалыптасқан тәрбие үлгісі адамның ой ұшқырлығын шыңдауға, ата бабадан кәсіп болған дәстүрлі дамуға, өнер арқылы білімге терең бойлауға мүмкіндік тудыратыны анық. Домбырадан таралған тәрбие – білімнің қайнаған бұлағына, сарқылмас қазына, дәстүр табиғатына, қазақ тіліне өз үлесін қосып келе жатқан үрдіс.

Көне дәуірден жеткен бұл аспап халқымыздың болмыс-бітімін, салт-дәстүрі мен мәдениетін айшықтайды. Рухымызды көтеріп, мерейімізді өсірген домбыра асыл мұрамызға, ұлттың символына айналды.

Акцияға Сырдария аудандық емхананың бас дәрігері, орынбасары, перзентхана бөлімінің дәрігерлері мен медбикелері, аудандық қоғамдық даму бөлімінің маманы, «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы мен мүшесі қатысты. Мамандар өз кезегінде ұлттық домбыра күні дүние есігін ашқан сәбидің анасы Беймбетова Шакизада Бақытқызына қасиетті домбыраны табыстап, тілектерін жеткізді. Ерекше мерекеде өмірге келген шақалақтың анасы Шакизада өз кезегінде аналық ақ тілегін айтып, ризашылығын білдірді.
05 шілде 2023 ж. 130 0