Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұтынушысы үздіксіз іздеп келетін кәсіпкер

Тұтынушысы үздіксіз іздеп келетін кәсіпкер

Тереңөзекте тұтынушысы үз­дік­­сіз іздеп келетін жеке кәсіпкер тұрады. Оның қызметін кез келген адам қажет ететіндігіне әб­ден көзіміз жеткен. Әркез жергілікті халыққа сапалы жұмыс үлгі­сін көрсететін Ғазизбек Сейт­мұ­ра­тов осыдан 13 жыл бұрын өзінің полиграфиялық орталы­ғын ашқан. Қазіргі уақытта ол графикалық дизайнды меңге­ріп, сандық технология саласын тереңнен игеру үстінде. Уақыт­пен санаспай жергілікті халыққа қызмет ететін еңбекқор жанмен дидарласу сәті түскен болатын.

Қай кезде де тұтынушыны жайдарлы мінезімен  қарсыалатын  Ғазизбек  Сейт­мұ­ратов биыл 35 жасқа қадам басады. Жер­­гілікті ақын Сейтмұрат Ембергеновтің неме­ресі алғаш білім алу үшін аудан орта­лы­ғындағы №35 Иса Тоқтыбаев атын­дағы мектеп-лицейге барады. Бас­тауыш­­тағы ал­ғашқы 2 сыныпты білімнің қара­шаңы­рағында оқығанымен, кейіннен жеке кәсіпкер отбасымен бірге Түлкібас ауданына қоныс ау­дарады. Шырайлы өлкеде ер жеткен Ғ.Сейтмұратов мектеп бітірген сәттен еңбекке ерте араласа бастайды. Сан салада шынығып, қабілетін шыңдай түседі.

– Мен кішкентайымнан сандық технология мен компьютерлік бағдарламаға қатты қызықтым. Бағдарламашы мамандығын мең­­геруге құлшынысым жоғары болды. Өз ке­зе­гінде Алматы қаласында түрлі салада қызмет еткен едім. Еліміздің бірнеше қала­сында жүріп, өмірлік тәжірибе жинақтауға да зор мүмкіндік туды. Осыдан 15 жыл бұрын Тереңөзекке қайта көшіп келдім. Бұл ретте, сәулет саласында өзіндік қолтаңбасын қалдыра білген Ержан Жарықбаев ағамның жанына қызметке орналастым. Күнделіктікомпьютерді жөндеп, арнайы жобаларды үй­рене білдім. Ғаламтор желісінен графикалық дизайн жасаудың қыр-сырына қаныққан болатынмын. Негізінен, шығармашылықпен ай­налысқанда үнемі ізденіс үстінде болған жөн. Мәселен, өзім 5 жылға жуық компьютерден қол үзіп қалғанда сандық технологияның бағ­­дарламалары мүлдем басқа бағытта өзге­ріп отыратындығын анық аңғардым, – дейді жеке кәсіпкер.

Әрине, нарықтық заманда өз қажеттілігің­ді өтеу, отбасына табыс көзін кіргізу басты орында тұруы тиіс. Графикалық дизайнмен сан түрлі бағытта ерекше дүниелер жасап шығаруға болады. Кәсіпкерлікке бет бұрған жылдары Ғазекең Қызылорда қаласынан поли­графиялық орталық ашқан. Дегенмен, аудан тұрғындарының ұсынысы бо­йынша Ғазизбек Шахмұратұлы Тереңөзекте жеке кәсібін ашуға бел буады. Міне, осы кезеңде кәсіби маман ретінде қалыптасқан оның қызметіне жергілікті тұрғындар тұ­рақ­ты түрде жүгіне бастайды. Сапалы әрі тия­нақты жасалған өнімді жарыққа шығарып, көпшілікке ұсынады. Кейде таңғы 3-4-ке дейін жұмыс жасайтын әмбебап маман кез келген мекеменің, жеке тұлғаның суретін өңдеп, бірнеше форматта шығарады. Сонымен бірге арнайы диплом, алғыс хат, сертификат, куәлік, буклет сынды бірнеше дүниені шығарумен айналысады. Сан түрлі форматтағы фотоны дайындау үшін арнайы компьютерлік бағдарламаны қолданады.  Өз қаражаты есебінен компьютер құрал-жаб­дығын, дизайнмен жасалған бұйымды шығаратын аппаратты, ламинат жасайтын құрылғыны сатып алған.

– Пандемия уақытында жеке кәсіпкерлер­ге жұмыс жүргізу қиындық соқтырғаны мә­лім. Күнкөріс деңгейін жақсарту үшін бір орныңда тұрып қалмау керек екендігін жақ­сы білемін. Сондықтан өзге қалалардан онлайн тапсырыс ала бастадым. Әсілінде, шы­ғармашылықпен айналысқан адамға барлық мүмкіндік жан-жақты қарастырылған. Туған інімінің ұсынысымен бірнеше сала бо­йынша бағдарламалау жүйесімен шұғыл­дандым. Үлкен қалалардан көлемді тапсырыс орындай бастаған болатынмын. Әрине, жеке­леген күрделі мәселелер артта қалды. Бүгінде тұрақты тұтынушыларымызға сапалы қызмет ұсынуға барымызды саламыз. Аудан тұрғындары тарапынан түскен ұсыныс бойынша графикалық дизайнмен жұмысты жетілдіре бермекпін, – деді Ғазизбек Шах­мұратұлы.

Көпшіліктің зор алғысын ар­қа­­лаған Ғазизбек Сейтмұратовтың әкесі Шахмұрат аға – елімізге белгілі суретші. Жа­қында Қызылорда қаласында арна­йы көрмесін өт­кізген ардақты жан Сыр жұртшылығының ыстық ықыласына бөленді. Анасы Рузада Беделбайқызы ұстаздық салада қажырлы еңбек еткен. Қазіргі уақытта Ғазекеңнің ата-анасы Алматы қаласында тұрады. Ол отбасында 4 ағайынды. Оның үлкен әпкесі Гүлдәурен көпбалалы ана болса, екінші әпкесі Сымбат – ағылшын пәнінің мұғалімі. Ақпараттық технология саласында қызмет ететін інісі Ғани ағасымен графикалық бағ­дарламалау ісі бойынша үнемі ақылдасып отырады.

Үнемі жаңашылдықтан таймайтын Ғазе­кең 2012 жылы терең­өзектік Айгүл Сүлей­меновамен шаңырақ көтерген. Қазіргі таң­да жарасымды жұп төртінші перзентінің дү­ние­ге келуін күтіп отыр. Бүгінде Айгүл Сүлей­менова №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейде оқу­шыларға сабақ береді.

Графикалық дизайн саласында мол тәжі­рибе жинақтаған жеке кәсіпкер алдағы уақыт­та бірқатар шет мемлекетпен байланыс орнатуды жоспарлауда.  Өйткені, өзге мем­лекеттерден тапсырыс алу – жаңа жобаларды жүзеге асыруға жол ашады.

Ақпараттық технология саласына барынша машықтанған жеке кәсіпкер кәсібінің өрісін кеңейте бермек. Шығармашылықпен тұрақты айналысқан ол әрбір қалада жұ­мыс сапасына байланысты қаражат өзгеше төленетіндігін тілге тиек етеді. Оның қыз­метінде мүлдем қателесуге жол беріл­мейді. Бір жерден қате кеткен жағдайда бірнеше қағазды қайта шығаруға тура келеді. Сон­дықтан төзімділікті, икемділікті жанына серік еткен Ғазизбек Сейтмұратовты аудан халқы жақсы таниды. Жерлестері мақтан тұтады. Қай кезде де өзіне жоғары талап қоя білетін әмбебап маманның жұмысына сәттілік тілей­міз!
Балтабай ОРДАБЕКОВ  
07 қаңтар 2023 ж. 448 0