Қарияларға құрмет – ортақ міндет
Өткен аптада «Достық» үйінде аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мәжілісі өтті. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев, алқа мүшелері, бастауыш ардагерлер ұйымдарының жетекшілері қатысты.
Алқа мәжілісіне аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев төрағалық етіп, күн тәртібіне сәйкес Ақжарма ауылдық ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары Қ.Шмановқа сөз берілді.
Қ.Шманов ауылдық ардагерлер кеңесінің ардагерлерді құрметтеу, ұлағаттау, материалдық және моральдық қолдау, олардың әлеуметтік жағдайларын жақсарту бағытында атқарылған жұмыстар туралы айтты. Ауылдық округ әкімімен, ауылдағы басқа да бастауыш ардагерлер ұйымдарымен тығыз байланыс орнатылғанын тілге тиек етті. Ауылдық округтегі шаруашылықтардың көмегімен өткен жылы ауылдың бір топ ардагерлеріне материалдық көмек көрсетілген екен. Мереке күндері бағалы сыйлықтар жасалып, зейнетке шыққан ардагерлерге сый-сияпаттар да тапсырылған. Сонымен қатар «Сайрам» шипажайына жолдама беріліп, ауыл ардагерлері демалып, сауыққаны, «Тіл сақшысы», «Ардагер айнасы» газеттеріне тегін жаздыру ұйымдастырылғаны белгілі болды.
Алдағы уақытта арнайы жабдықталған ардагерлер бөлмесін жасақтауға «Ақжарма және К» шаруашылығының басшысы Қ.Нұрсейітов көмек беретіні, ауыл әкімінің қолдауымен аяқ су мәселесін шешуге 2 насос қондырғысы алынғандығы баяндалды.
Өз кезегінде Шаған ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Атақаев ауылдағы қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтығын, шаруашылық тиісті материалдық қолдау көрсету іс-шараларын жүргізіп отырғандығын, халықты ауызбіршілікке шақыруда ардагерлердің үлесі зор екендігіне тоқталды.
Ал Н.Ілиясов ауылдық ардагерлері кеңесінің төрғасы Т.Жұмабеков өз сөзінде ауылда 2009 жылдан бері ауылдық ардагерлер кеңесі тұрақты түрде жұмыс жасап келе жатқанын айтты. Бірнеше рет озат тәжірибені тарату мақсатында республикалық, облыстық семинар-кеңес өткізілгеніне тоқталды. Ауылда инвестормен тығыз байланыс орнатылғанын, ардагерлерді соңғы сапарға шығарып салу, халықтың бірлігін, ел тыныштығын сақтау, бата беру секілді іс-шараларға ұйытқы болу мақсатында жұмыс одан әрі жалғасу керек деген пікірін жеткізді.
Ардагерлердің алқа мәжілісінде аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Ұ.Жанәлиева ауылдық ардагерлер кеңесінің атқарған жұмысына оң баға беріп, ұсынысын білдірді. Яғни түрлі қоғамдық ұйымдардың басы қосылатын осы «Достық» үйіне күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуі керектігіне және айналасын көгалдандыру, аяқ су мәселесіне ықпал етуді сұрады.
Жиын соңында аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев елімізде өткен саяси науқанда халықтың ауызбіршілік көрсеткеніне, ардагерлер ел азаматтарына батасын беріп, қолдау жасағанына ризашылық білдірді. Сондай-ақ ауданда «Құрмет пен қошеметтен тыс қалған ардагер болмасын» деген пікірдің орынды екеніне тоқталды. Ұсыныс ретінде алқа мәжілісін өткізу форматын өзгертіп, күн тәртібінде қаралатын мәселеге байланысты тиісті жауапты лауазымды тұлғалардың, ауыл әкімдері, мекеме, шаруашылық басшылары, мектеп директорларының қатысуымен мәселені талқылау қажеттігін айтты.
Мәжіліс соңында қасиетті Рамазан айында ақ тілектер қабыл болсын деген ниетпен ақсақал Т.Жұмабеков батасын берді.
«ТТ» ақпарат