Ардагерге құрмет көрсетіле береді
Қазақта «Қариялық – даналық пен өмір тәжірибесінің қайнар көзі» деген тәмсіл бар. Қай кезде де ел игілігі жолында бар қажыр-қайратын жұмсаған қазыналы қартқа құрмет көрсету күн тәртібінен түспеуі керек. Осыған дейінгі ғұмырында жас ұрпаққа өмірлік бағыт-бағдар берген асыл жандарды қадірлей білген абзал. Әрине, қарт адамдарға, әкелерге және аналарға құрмет көрсетілмейтін мемлекеттің құлдырауы жақын екені бекерден-бекер айтылмаса керек-ті. Бұл ретте, аудандық ардагерлер кеңесі арда тұтар жандарға қолдау көрсетуді жүйелі түрде ұйымдастырып келеді.
Негізінен, аймаққа белгілі ардагер Мұса Келдібаев басқаратын аудандық ардагерлер кеңесінде 4126 зейнеткер есепте тұрады. Сырдария ауданына қарасты елді мекендерде құрылған бастауыш ардагерлер ұйымына кірген қариялар қоғам өмірінде белсенді. Өткен жылы құрылғанына 35 жыл толған ардагерлер кеңесін бұған дейін Тасмағанбет Батыршаев, Рүстем Садықов, Наурыз Қартбаев, Хайрулла Әбенов басқарған болатын. Әрине, ел ағаларының ілкімді істерін жалғастыру мақсатында былтыр біршама жұмыстар атқарылды.
– Аудан бойынша ардагерлер 73 ұйымға біріктірілген. Анығын айтқанда, 14-і кент, ауылдық ардагерлер кеңесі, 18-і оқу орындарында, 8-і денсаулық саласында, 33-і шаруашылықтар мен мекемелерде құрылған бастауыш ұйымдар болып табылады. Есебіміздегі ардагерлердің 1-і ҰОС-на қатысушы, 156-сы тылда еңбек еткен. Ал 2-і республикаға еңбегі сіңген қызметкерлер, 46-сы Сырдария ауданының Құрметті азаматы саналады. Аудандық ардагерлер кеңесі әрбір зейнеткердің қоғамдағы орны мен әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын үнемі назарда ұстап, оны жақсарту іс-шараларын қарастырып келеді. Соның нәтижесінде ардагерлеріміздің тұрмыстық, қоғамдық өмірдегі белсенділігі артуда. 2022 жылы аудандық ардагерлер кеңесінің бастамасымен мерейлі жасқа келген бірқатар ардагер жыл бойына марапатталып отырды. Ең алдымен, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының аудандық филиалымен 100 жасқа келген соғыс ардагері Яхия Тасыровпен «Отан қорғаушы ел намысын қорғаушы спортшыларға бата береді» атты кездесу өткізді. Мереке күндері аудан басшысының тікелей қолдауымен ардагерге құрмет көрсету, сый-құрмет жасау өз жалғасын табуда. Жыл көлемінде соғыс және еңбек ардагерлеріне құрмет көрсетілген. Қазыналы қартты есепке алу және жаңадан бастауыш ұйымдарға қамту жұмыстары үнемі назарда. Өткен жылы тұрмыстық сала қызметкерлері (быткомбинат) және автокөлік жүргізушілері (АТП) өз бастауыш ұйымдарын құрды, – дейді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев.
Жалпы, аудан ардагерлерін қолдау мақсатында тағылымы мол біршама іс-шара ұйымдастырылуда. Қазыналы қарттар республикалық, облыстық, аудандық спорттық жарыстарда бақ сынауда. Өз кезегінде жоғары орыннан көрінген ардагерлер қатары баршылық. Аудандық ардагерлер кеңесінің қолдауымен қарттар арасында саламатты өмір салтын қалыптастыру, спорт түрлеріне қарияларды кеңінен тарту бағытындағы жұмыс тар жолға қойылған. Осыған дейін мерейлі жасқа толған қариялардың мерейтойын атап өту дәстүрге айналған. Сонымен бірге бірқатар шаруашылық тарапынан ардагерлерді сауықтыру іс-шараларына демеушілік жасалады.
– Ардагерлердің қоғамдағы рөлі мен беделін, белсенділігін көтеру – негізгі міндеттеріміздің бірі. Аудан, ауыл өміріне, онда өткізілетін іс-шаралар мен жиындарға ардагерлер белсене қатысады. Оның дәлелі ретінде ауылдарда өзін-өзі басқару мақсатында құрылған қоғамдық кеңестердің барлығын ардагер ақсақалдар басқарса, мүшелерінің басым бөлігі зейнеткерлер екендігін айтуға болады. Ақылман жандардың мемлекет тарапынан белгіленген зейнетақылары мен әлеуметтік төлемдерін әуре-сарсаңсыз уақытылы алуы қадағалануда. Әр айдың алғашқы жартысында төлемдер 1 банк пен 14 байланыс бөлімшесіне аударылып, олардың ардагерлерге қызмет көрсету жағдайы жергілікті ардагерлер ұйымдары тарапынан бақыланып, денсаулығы төмен 107 ардагердің зейнетақылары үйлеріне жеткізіліп беріледі. Олардың еліміз бойынша жасалынатын жеңілдік пен жәрдемақы алуларына нақты көмек ұйымдастырылуда. Мәселен, соғыс кезінде жақын шетелде болған, қазір ол жақтан құжат алдыруға мүмкіндігі жоқ 14 басқа ұлт өкілін тыл ардагері санатына енгізілді. Аталған жандардың тиісті мемлекеттік төлемдерін алуларына тікелей аудандық ардагерлер кеңесі көмектесіп, мүмкіндік жасалды. 2022 жылдан бастап 1938 жылы туған ардагерлерді тыл еңбеккері санатына қосу бастау алды. Осы уақыт ішінде, ардагерлердің денсаулығын нығайту, емдеу орындарында демалдыруда бірқатар іс-шара атқарылды. Аудан, ауыл ардагерлер кеңестерінің ұсыныстары қолдау тауып, шаруашылықтар көмегімен есепті кезеңде 300-ден астам қарияның демалуына, тарихи-танымдық саяхат жасауына зор мүмкіндік жасалды, – деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Әрбір ауылда сөзі өтімді, елге сыйлы батагөй ақсақал қатары жетерлік. Қай кезде де олар ел ішіндегі татулықты, ынтымақ пен бірлікті сақтауға барын салады. Аудандық ардагерлер кеңесі әйелдер және мүмкіндігі шектеулі жандар ұйымымен бірлесіп, жұмысын жандандыруда. Сан түрлі спортпен шұғылданатын ардагерлер қауымы аудан мерейін асыра бермек. Ауданға қарасты ауылдарда ардагерлердің белсенділігін арттыру мақсатында семинарлар, танымдық іс-шаралар тұрақты өткізіліп тұрады. Жалпы, ауданда қариялардың жағдайын жақсартуға қолдау көп.
Б.ҚАРАМАНТЕГІ