Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Сарыптан» сақтаныңыз

«Сарыптан» сақтаныңыз

Сарып (бруцеллез) - адамдарға ауру малдан жұғатын, адам денесінің буын, жүйке жүйелерін зақымдануына әкеліп соғатын, аса қауіпті жұқпалы аурулардың бірі.

Ауру қоздырғышы (бруцелла микробы) сыртқы ортаның әсеріне өте шыдамды келеді: сүт өнімдерінде 25 күнге дейін сақталып, мал терісінде 3-4 ай, суда 5 ай, топырақта 2-3 ай өмір сүрсе, салқын жерде ұзақ сақталады. Ауру малдардың ішіндегі ең қауіптісі уақ малдар. Ауру қоздырғыштары сыртқы ортаға ауырған малдардың тезегі, қиы, шуы, тағы басқалар арқылы бөлініп тарайды.

Ауру қоздырғыштары адам денесіне әсіресе, мал төлдету, ауру малды сою, жіліктеу, немесе жүнін қырқу кезінде тері арқылы енеді.

Ал, күнделікті тұрмыста: ауырған малдың шикі сүтін ішкенде, сол сүттен дайындалған қаймақ, ірімшік шала пісірілген ет тағамдарын пайдаланғанда жұғады.

Сарып ауруымен ауырған адам тез шаршағыш, тамаққа зауқы соқпай, басы ауырып, делсал болып бойының ауыр тартқанын сезеді. Емделмеген жағдайда ауыру күшейіп, науқастың дене қызуы 38-39 градусқа дейін көтеріліп, қол аяғы сырқырап, белі ауырып, түнге қарай малшынып терлеп, ұйқысы бұзылып, мойын, қолтық асты, шабының бездері ісіп ауырады.

Дәрігерлерге көрінбей, өзінше емделген жағдайда ауру созылмалы түрге айналып, науқас адамның белі шойырылып, қол аяқ буындары ісіп, қозғалтпай ауырып, әрең бүгіледі. Ауру 2-3 жылдан көп жылға дейін созылып, кейбіреулер жұмысқа жарамай сал, мүгедек болып қалуы ықтимал.

Сарыптың тек ауру малдардан немесе мал өнімдерінен жұғатынын ескерсек, бірінші кезекте сақтану шараларын аурудың көзі болып табылатын себептерді жоюдан бастаған жөн.

Ол үшін, жеке меншік мал иелері мен шағын шаруашылық басшылары, жергілікті ауыл әкімдер, ветеринария мамандарымен бірлесіп, жеке меншіктегі немесе қожалықтардағы мал бастарын түгелдей есепке алып, зертханалық жолымен тексеріп, анықталған малдарды дереу оқшаулап жою жұмыстарын жүргізу керек.

Жанұя мүшелерінде алғашқы ауру белгілері байқалған жағдайда, жедел түрде аймақтық дәрігерге қаралу қажет.
Сырдария Аудандық Сэб Басқармасы


30 маусым 2023 ж. 188 0