Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Cарып ауруы адамның жүйке жүйесін зақымдайды

Cарып ауруы адамның жүйке жүйесін зақымдайды

Мал шаруашылығымен айналысатын тұрғындар арасында бруцеллезге шалдыққандар тіркеліп жатады. Ел ішінде сарып ауруы деп аталатын дерттің денсаулыққа тигізетін кері әсері аз емес. Зоонозды инфекцияның негізгі көзі – жануарлар. Аталған ауру түрінен сақтану жолы қандай? Бұл жөнінде Қызылорда облысы саниатриялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова ҚазАқпарат тілшісіне жан-жақты айтып берді.

- Адамдар бұл ауруды қалай жұқтырып алады?

- Бұл жұқпалы аурудың қоздырғышы – бруцелл, ол суыққа төзімді, ыстыққа төзімсіз бактерия. 1886 жылы ағылшын дәрігері Дэвид Брюс ғылыми негізде ол жайында алғашқы қорытындысын шығарған. Кейіннен оның адамға малдан жұғатыны анықталды.

Ауру қоздырғышы жануарлар ағзасында өмір сүріп, көбейеді. Сыртқы ортаға сүт, зəр шығару, төлдеу мен түсік тастау арқылы бөлінеді.

Инфекция негізінен ауру жануарлармен жанасқанда, олардың өнімін пайдаланғанда берілуі мүмкін. Сондай-ақ, ол аэрогенді жол арқылы, яғни инфекция бар шаң-тозаңды жұту кезінде жұғуы ықтимал. Адамдар малға қарау кезінде қауіпсіздік ережесін сақтамаудан, ауру қоздырғышы бар ет, сүт жəне олардың өнімдерін қайнатпай тамаққа пайдалану салдарынан жұғады.

- Аталған дерттің қандай белгілері бар?

- Дене қызуының көтерілуі, тершеңдік, дене салмағын жоғалту белгілері байқалса, ол сарып ауруына шалдыққан болуы мүмкін.

Жүн жуатын, ет комбинатында еңбек ететін жұмысшылар және мал шаруашығымен айналысатын адамдар сарыппен жиі ауырады. Оның белгісі 1-3 аптада білінеді. Cырқаттанған адамның температурасы 39-40 граддусқа дейін көтеріліп, қалтырап, әлсіздік пайда болады. Қалың тер басып, басы ауырады. Буыны мен бұлшық еті сырқырайды. Жүйке және қан тамыры жүйесі зақымданады.

Ауру дұрыс емделмесе, еңбекке жарамсыздыққа әкелуі мүмкін. Науқас адам ауруханада емделуі тиіс. Сондай-ақ, дер кезінде дәрігерге қаралмаған жағдайда бруцеллез асқынып, мүгедектікке әкеліп соқтыруы мүмкін. Балалар мен жасөспірімдерді белсіздік ауруымен зақымдау қаупі бар.

- Сақтану жолдарын айта кетсеңіз...

- Бұл дертпен көптеген үй жануары ауырады. Олардың қатарында қой, ешкі, сиыр бар. Ауырған мал іш тастайды. Адамға ауру малдың сүтін қайнатпай ішуден, етін дұрыс пісірмей жегеннен жұғады. Себебі, қоздырғыш ұзақ уақыт өмір сүреді. Ал, жоғары температураға сарып қоздырғышы өте сезімтал келеді жəне қайнату кезінде өледі. Сондықтан, сарып ауруының бактериясы жоғары температураға сезімтал болғандықтан, сүт және сүт өнімдерін, ет және ет өнімдерін қолданар алдында термиялық өңдеуден міндетті түрде өткізу қажет.

Ең бастысы, мал ұстау бойынша ветеринариялық-санитариялық қағиданы сақтау қажет. Әсіресе, оларды күтіп-бағу кезінде жеке гигиена қағидасын естен шығаруға болмайды. Мал шаруашылығымен айналысатын азаматтар, қырқыншылар, қасапшылар, тері өңдеумен айналысатын жұмысшылар бірқатар талаптарға назар аударғаны дұрыс. Атап айтқанда, ауру малды төлдету, қойдың жүнін қырқып, одан өнім алу кезінде халат, резеңке етік пен қолғап, алдына су өтпейтін алжапқыш секілді арнайы киімдерді пайдаланғаны абзал. Қолды жиі сабындап жуып жүрудің де маңызы өте зор.

Айта кетерлігі, мал өнімдерін тек рұқсат етілген орындардан алу керек. Мал немесе мал өнімін сатып алсаңыз, олардың қауіпсіздігін куәландыратын құжатын талап еткеніңіз жөн.

Ауладағы малдың арасында түсік тастау, өлі туу жағдайын дереу мал дәрігеріне хабарлау керек. Әр отбасы мал дәрігерімен тығыз байланыста болғаны дұрыс.

Сарып ауруы байқалған шаруашылықтардан шетке мал шығарылмайды. Шеттен келген мал тексеруден өтеді. Ауру мал жайылған өріске сау малды жаюға тыйым салынады. Сарыптан сақтану үшін сау малға вакцинация жасалады. Ауру мал тұрған қора, алаң, аула көңнен тазартылып, концентрациясы жоғары ерітінділермен дезинфекцияланады.

- Мұндай жағдай Қызылорда облысында жиі тіркеле ме? Бұған байланысты қандай іс-шаралар қолға алынған?

- Былтыр облыста сарып ауруының 46 жағдайы тіркелді. Салыстырмалы 2021 жылға қарағанда ауру көрсеткіші жасөспірімдер арасында 2 жағдайға төмендеген.

Cарып ауруы облыстың барлық ауданы мен қалада да тіркелді. Оның ішінде, облыстық орташа көрсеткіштен жоғары жағдай Қазалы, Жаңақорған аудандарында көрініс берді. Дертке шалдыққандардың арасында ауыл тұрғындарының үлесі – 80,4%. Олардың барлығы – мал ұстауға қолайлы елді мекен тұрғындары. Үй жағдайында малға күтім жасайтын, қора тазалап, жем-шөбін беруге қатысатындар шалдыққан.

Барлық ошақтан ауру көзі мен жұқтыру факторын анықтау мақсатында зертханалық тексеруге үлгілер мен сынамалар алынды. Ауру ошақтарында эпидемиолог және ветеринария қызметі мамандары тарапынан бірлескен жан-жақты эпизоотологиялық-эпидемиологиялық зерттеулер жасалды. Аурудың шығу аймағы, ауру көзі, таралу жолдары нақтыланды. Эпизоотологиялық ошақтарды жоюға індетке қарсы эпизоотолого-эпидемиологиялық іс-шаралар кешені ұйымдастырылды. Оң нәтиже анықталған мал қораларын ветеринария саласы мамандары залалсыздандырды, барлық сарып ауруы анықталған малдар жойылды.

- Әңгімеңізге рақмет.
19 ақпан 2023 ж. 202 0