Тиімді басқару және тәртіп
Өмір – үлкен мектеп. Сол үлкен мектепте тек біліммен ғана жетістікке жетемін деу қате болар. Әр басшыға біліктілікпен қатар тәжірибе, ұйымдастырушылық қарым-қабілет, іскерлік, үлкен-кішімен тез тіл табысу секілді қасиеттер ауадай қажет. Басылымның бас редакторына да қойылатын басты талаптар осы.
Аудандық газеттің бас редакторына ақпараттық-насихаттық саясатты қатесіз, сапалы ұйымдастыру, оқырмандармен байланыс орнатудан бөлек негізгі үш міндет жүктеледі. Оның біріншісі басылым таралымын көбейту болса, екіншісі – жарнамалық түсімдердің көлемін арттыру. Ал, үшінші міндет – ұжымдағы қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығы. Жоғарыдағы екі міндет орындалса, кейінгісі өзі-ақ ретке келеді. Осы міндеттерді орындау мақсатында шығармашылық ұжым мүшелерінің әлеуетіне, мүмкіндігіне сай қысқа мерзімді жұмыс жоспарын құрған жөн дер едім.
Басқарудың үш стилі бар. Қай салада болсын, басқару осы стильдердің біріне бағытталып жүргізіледі. Олар – демократиялық, либералдық және тоталитарлық басқару жүйелері. Біздіңше, ең ұтымды стиль – демократиялық немесе алқалы басқару стилі. Яғни, әр қызметкер басқару үдерісіне қатысуға құқылы. Бәріне бірдей талап қойып, бәріне бірдей көңіл бөлгенде ғана іс ілгері басады. Қандай да бір мәселе болса, оны көпшіліктің талқысына салып, үлкеннің де, кішінің де пікірін ескерген жөн. Сонда ғана ұжымда жағымды атмосфера орнайды. Сондай-ақ медиаменеджмент талаптарын зерттеп, ұжымды мақсатты басқарудың да тиімділігі көп.
Бұл дегеніміз ұжымға толықтай еркін беруді білдірмейді. Тиімді басқарудың ең басты негізі – тәртіпте. Тәртіп болмаса, нәтиже болмайтыны анық. Тәртіпті қадағалаушы – басшы. Сол себепті жұмысқа уақытылы келу, іскерлік байланысқа сай киім кию, функционалдық міндеттерді уақытылы әрі сапалы атқару секілді мәселелерге басшы жіті назар аударуы қажет.
Басқару әдістерінің маңыздысы – бірінші басшымен тікелей әріптестік қарым-қатынас құру. Мысалы, аудандық деңгейде аудан әкімі мен аудандық газеттің бас редакторы тікелей сөйлесіп, ортақ мәселелерді орынбасар немесе басқа да бағынышты бөлім, мекемелердің басшысынсыз тікелей талқылағаны дұрыс. Сондай-ақ бас редактор аудан басшысына ақпараттық саясат туралы өз ойларын ашық айтып, кемшін тұстарды ретке келтіруге ұсыныс білдіруге ешқашан жүрексінбеуі қажет. Міне, сонда ғана редакторды әкім орынбасарлары, бөлім басшылары, кент және ауыл әкімдері құрметтеп, сыйлайды, пікірімен санасады. Ал редактор «Сен тимесең, мен тиме» деп отыра берсе, ешқашан өсу, ілгерілеу, даму болмайды. Соның салдары газетке де тиіп, газеттің беделі артпайды, таралым саны да көбеймейді. Қысқаша айтқанда, редактор абыройы – газет абыройы.
Сонымен қатар тәртіп мәселесіне келгенде басшылық тарапынан қызметкерлерге тым қатаңдық танытуға болмайды. Себебі, шамадан тыс қатаңдық ұжым қызметкерлерінің бірлігіне кері әсер етеді. Шығармашыл адамдарға кей уақытта шығармашылық ой, сөз, іс еркіндігі де берілуі керек. Мәселен, аптаның бір күнін шығармашылыққа арнау журналистердің тың идея мен жақсы материалдар жинауына мүмкіндік береді. Сондай-ақ шығармашылық тоқырауға түспес үшін табиғат аясында демалыс немесе өзге өңірлерге әріптестермен тәжірибе алмасу секілді түрлі іс-шаралар жұмыстың дұрыс үйлесіміне оң әсерін тигізері анық.
Маған көршілес аудандағы әріптестерім «Таралым санын қалай көбейттіңіздер?» деген сұрақты жиі қояды. Бұл сұраққа жауап беру үшін көп ойланудың қажеті жоқ секілді. Біз газет тиражын арттыруды екі бағытқа, яғни жоспарлы және жоспардан тыс жұмыс ретінде қарастырдық. Жоспарлы жұмыс ресми мекемелер арқылы үйлестірілсе, жоспардан тыс жұмыс жанашырлықпен, іскерлікпен, келісіммен және ортақ мәмілеге келумен реттеледі. Мысалы, 2019 жылы Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің таралымы шаруа қожалықтарының қарызға жазылғанын қоса есептегенде небәрі 3094 дана болса, екі жылдың ішінде газет тиражы 853 данаға артып 3947 дана болды. Таралым санының артуы – біздің бірлесе атқарған жұмысымыздың жемісі. Осы ретте, газет абыройының жоғарылауы бас редактордан бастап редакциядағы барлық қызметкердің кәсібилігіне, жан-жақтылығына тікелей байланысты екенін атап өткен жөн.
Ұжым жұмысын тиімді әрі ұтымды ұйымдастыру үшін мекеме қызметкерлерін марапатқа ұсынудың орны ерекше. «Уақытылы бағаланбаған еңбек – жаза» демекші әр қызметкердің еңбегін бағалап, ынталандырып отырған дұрыс. Өйткені, редакция – қажырлы еңбектің, үздіксіз ізденістің ордасы. Сондықтан түрлі тақырыпта зерттеу жүргізіп, сала мамандарымен пікірлесіп, қоғамның өзекті мәселелері жөнінде сараптамалық мақала жазып жүрген тілшілерге ерекше құрмет көрсетуді назарда ұстаудың маңызы зор.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы»
газетінің бас редакторы:
«Сыр журналистикасының тарихы»
кітабынан алынды
Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы»
газетінің бас редакторы:
«Сыр журналистикасының тарихы»
кітабынан алынды