ҚР Премьер-министрінің орынбасары үлгілі ауылда болды

Аймаққа сапары барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Сырдария ауданында да болды. Аудандағы «Мағжан және К» ЖШС күріш ақтау және тұз өндіру зауыттарының жұмысымен танысты. Облыс әкімі Н.Нәлібаев, Қазақстанның Еңбек Ері А.Ералиев, аудан әкімі Б.Сәрменбаев бірге жүріп, ауданның тыныс-тіршілігімен таныстырды. Бүгінде серіктестік заманауи технологиялық құрал-жабдықтармен жабдықталған және бірыңғай автоматтандырылған жүйе арқылы басқарылатын кәсіпорын азық-түлік тауарларының бірқатар түрін шығаруда.
Жұмыс сапарында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі С.Жұманғарин «Абзал және К» ТС-нің күріш алқабына барды. Өңірдегі іргелі компания 1994 жылы құрылып, республикаға белгілі Нағи Ілиясов ауылында күріш егіп, алынған өнімді компания зауытында өңдейді. Компанияның күріш өнімдері қазақстандық нарықпен қатар Ресей, Украина, Тәжікстан, Өзбекстан, Моңғолия тағы басқа елдерге сатылады.
Мұнан әрі Үкімет басшысының орынбасары Нағи Ілиясов ауылында жүргізілген абаттандыру жұмыстарын, салынған әлеуметтік нысандарды тамашалады. «Абзал және К» ТС бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ұзақ жылдан бері елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуына инвестиция салып келеді. Өткен жылы 300 млн теңгеден астам қаржыға «Еңбекшілер аллеясы» бой көтерді.
Үлгілі ауылдың тыныс-тіршілігімен танысқан Үкімет делегациясы елді мекендегі серпінді істерге оң бағасын берді.
Сонымен қатар ҚР Премьер-Министрінің орынбасары «Абай-Даулет» ЖШС күріш зауытын және күріш сататын арнайы дүкенін аралады. «Жан Арай» ЖШС агроөнеркәсіп кешенінің қуаттылығы 4000 тонна қойма құрылысымен де танысты.
Ердос БЕРКІНБАЕВ
