Қоғамдық қауіпсіздіктің қырағы сақшысы
Жыл сайын елімізде маусым айында бірнеше сала мамандары төл мерекелерін атап өтеді. Солардың бірі ел тыныштығы мен қауіпсіздігінің сақшылары – полиция қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Осыдан 24 жыл бұрын ҚР Тұңғыш Президентінің Жарлығымен 23 маусым Қазақстан полициясы күні болып жарияланды. Содан бері осы күні ел тыныштығының сақшыларына, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген полиция қызметкерлеріне құрмет көрсетіліп келеді.
Сырдария аудандық полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесінің әкімшілік практика тобының инспекторы Мақсат Омаровтың қызметі әрі міндеті – адам өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, келеңсіз оқиға орын алғанда сол жерге алғашқы болып жетіп, тергеп-тексеру амалдарын жүргізу, ел тыныштығын сақтауға үлес қосу. Полиция инспекторы соңғы 16 жылдан бері қызмет барысында түрлі жағдаймен бетпе-бет келіп, тез шешім қабылдау қабілеті мен біліктілігінің, тегеурінділігінің арқасында қызметін мінсіз атқарып келеді.
Отбасында әкесі Қадырқұлдың берген тәрбиесі мен анасы ардақты ұстаз Айткүлдің қамқорлығымен осы қиын да жауапты қызметті таңдады. Заңгер мамандығын алған ол болашағын түбегейлі полиция қызметімен байланыстыруды мақсат етеді.
–Ер азаматқа тән мамандықтың мәртебесі мен үшін әрдайым биік тұрады. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» демекші, берілген пәрменді орындауға, заң аясында қызмет етуге мықты жігер мен біліктілік керек. Полиция қызметі – қиын әрі жауапты жұмыс. Қиын дейтінім, оқыс оқиға орын алғанда ауыр жағдайды көзіңмен көресің, жауапты болатыны – мәселен, жол-көлік оқиғасы болғанда тергеп-тексеру кезінде қырағы болуың қажет. Адам тағдыры шешілетіндіктен, ұсақ-түйек болып көрінген жайға көп нәрсе байланысты болатындығы, – дейді полиция аға лейтенанты Мақсат Қадырқұлұлы.
Полицей өзінің міндетіне сәйкес аудан аумағында Құмкөл кеніші, «Қызылорда-Жалағаш», «Шымкент-Самара» тас жолы бойында орын алған жол-көлік оқиғаларын тергеп-тексеріп, істі сотқа жолдайды. Тәуліктің кез келген уақытында жол-көлік оқиғасы болған жерге алдымен жететін де қырағы полицей.
Қазіргі кезде екінің бірі көлік айдайды. Тіпті, кей кезде жолда жүру ережесін білмейтін немесе кәмелет жасқа толмаған балалар көлік руліне отырып, жол-көлік оқиғасына ұшырайды. Сондайда полиция қызметкерінің біліктілігі сынға түседі. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін дәлелдеу керек. Адамдардың ашуға салынатын кездерінде салқынқандылық таныту абыройлы іс екеніне ұзақ жылғы тәжірибесінде көзі жеткен. Сондықтан заң баршаға ортақ екенін, заң алдында жауапты екенін, әсіресе жолға шыққан жүргізуші еш уақытта естен шығармағаны абзал.
– Заңнамаға сәйкес әкімшілік айыппұлды өндіру, оны төлеу міндетті екенін түсіндіреміз. Уақытылы төленбеген жағдайда сотқа жолданатынын ескертіп, азаматтарға егжей-тегжей айтамыз. Келеңсіз жағдай орын алғанда ешкім өзін кінәлі санамайды. Ал заңның құрығы ұзын екенін, айналып келгенде заң баршаға ортақ екенін түсіндіру біздің міндетіміз, – дейді полиция инспекторы М.Омаров.
Мамандығын мақтан ететін полиция инспекторы өзінің басты ұстанымы – антына адал болу, қызметін таза атқару, қандай қиыншылық кездессе де шыдамды болу деп біледі. Шыны керек, бұл көптің қолынан келе бермейді. Күн сайын қызметке келгенде оның алдында заңдылықтың сақталуын қадағалау, қылмыстың алдын алу секілді жауапты міндеті тұрады. Қарбаласқа, қауырт тірлікке толы қызметте аса қырағылық пен табандылық танытып жүрген полиция инспекторы қызметтегі жауапкершілігінің зор екенін жақсы біледі.
Жүрегі «елім» деп соғатын, бейбіт заманда басын қауіпке тігіп, Отанға деген адалдығын бірінші кезекке қоятын полиция қызметкерінің әріптестері арасында да беделі биік.
Бүгінде Мақсат Омаровтың кеудесінде «Мінсіз қызметі үшін» полициядағы 10 және 15 жылдық медалі жарқырайды. Сондай-ақ облыстық полиция департаменті, аудандық полиция бөлімі, аудан әкімінің «Алғыс хаты» – атқарған адал еңбегінің жемісі.
Жауапты қызметті мінсіз атқарып келе жатқан абыройлы азаматты кәсіби мерекесімен құттықтаймыз!
Бибісара ЖАНӘЛІ
Пікір 2