Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ана мен бала денсаулығының сақшысы

Ана мен бала денсаулығының сақшысы

«Адамзатты табиғат емдейді, дәрігер – табиғаттың кө­­мек­­шісі ғана» деп тұжырым жасаған медицинаның ата­­сы Гиппократ – ежелгі грек дәрігері. Ұзақ ғұмырын бүкіл медицина саласына арнаған дәрігер денсаулық сақ­­­­­шы­ларына «Гиппократ анты» деп аталатын дәрі­­герлік моральдық-этикалық ант мәтінін жазған. Қазір бар­­лық ақ халатты абзал жандар қызметіне кіріспес бұ­­рын ант беріп, қиын да жауапкершілігі зор жұмысқа кіріседі.

Осындай әлемдегі ең ізгі мамандық иесі атану екінің бі­рінің қолынан келе бермейтіні анық. Аса ыждағаттылық пен төзімділікті қажет ететін маман иесі күрделі мамандықты меңгеру үшін ұзақ оқып, білім алады. Жас маман ретінде тә­жірибе жинап, уақытпен санас­пай адал еңбектің арқа­сында нағыз дәрігер атанады.

Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында ауданда ана мен бала өміріне жауапты әрі жаңа өмірдің аман-есен дүниеге келуіне себепші болып жүрген алтын қолды дә­рігер, аудан­ның бас гинекологы Нейлә Әбішева туралы жазуды жөн көрдік.

Нейлә Темірханқызы жүрек қалауы­мен, анасы Дүрия­ның ама­натымен алдымен меди­ци­налық училищені оқып, ар­наулы оқу орнын үздік аяқтап, жо­ғарғы оқу орнына түседі. Еліміздің сол жылдардағы ең іргелі оқу орындарының бірі Ақтөбе медициналық институтта 1988-1994 жылдары оқып, туған елге акушер-гинеколог бо­лып оралады.

Жас маманды туған жері құ­рақ ұша қарсы алып, ол ау­дандағы аурухананың пер­зент­хана бө­лімшесінде өз маман­дығы бо­йынша еңбек жолын бастайды.

– Әлі күнге дейін есімде, жас дәрігер болып перзентхана бөлімшесіне 3 тамыз күні қа­былдандым. Сол күні ақыл­шы-ұстазым Әбілғазы Мерейдің қолдауымен алғаш рет жас ананы босандырдым. Медицина саласында сол жылдары қызмет ететін Райса Гриценко деген медбикенің Ресейден келген қызы өзінің тұңғышын дүниеге әкелді. Жас ананың аман-есен босанғанына қуандық. Дүниеге жаңа өмір әкелу, екі адамның өміріне жауапты болу деген не екенін түсіндім, – дейді дәрігер Нейлә Темірханқызы еңбек жолындағы алғашқы жұмыс күндерін еске алып.

Осындай қиындығы мен жа­уапкер­шілігі қатар жүретін қызметте абыройлы болу із­деніс пен қажырлы еңбекті қажет етеді. Бүгінде жоғарғы са­натты акушер-гинеколог атан­­ған Нейлә Темірханқызы 28 жыл еңбек өтілінде көпте­ген жас кадрлардың өз ісінің білгірі атануына себепкер болды. Аудандағы акушер-гине­ко­логтар Марал Ноғай­баева, Эльвира Галымова, Индира Өте­мұратованың білікті тә­лім­гері Нейлә Темірханқы­зынан үй­­ренгендері көп дейді әріп­тес­тері.

– Мықты дәрігер атану үшін ең алдымен үнемі білік­ті­лікті жетілдіру қажет. Біздің қызмет уақытпен санас­пауды қажет етеді. Тәуліктің кез келген уақытында ана мен ба­ланың өмірі қыл үстінде болады. Сондай кезде дәрігер салқынқандылық танытып, дереу медициналық көмек беруге да­йын болуы тиіс. Аудандағы перзентхана бөлімшесі 2018 жылы перинетальді көмектің екінші деңгейіне көшті. Міне, содан бері перзентханада бо­санған барлық әйелдерге қа­жетті көмек көрсетіліп, сә­биін аман-есен өмірге әкелуіне барлық жағдай жасалды. Қа­зір­гі кезде бөлімшенің мең­герушісі қызметін атқарып ке­­ле жатқан дәрігер Азамат Байдәулетов, дәрігер Салтанат Рүстембекқызы болашағынан зор үміт күттіретін мықты мамандар. Ал неанатолог Алтынай Ижазованың еңбегі ер­лікпен пара-пар. Мерзімінен бұрын дүниеге келген нәрес­телердің сауығып әрі қарай өмірін жалғастыруына себепші болып келеді. Білікті дәрігердің еңбегіне ризамыз. Соңғы 4 жыл­дың ішінде ауданда нәрес­тенің шетінеуі болған емес. Сонымен қатар осынау жылдары да ана өлімі де тіркелген жоқ, – дейді білікті дәрігер.

Нейлә Темірханқызы өткен жылы аудандық перзентханада 747 сәби дүниеге келгенін айтады. Ал осы жылдың 5 айында 286 шақалақ аман-есен дүниеге келген. Жалпы аудандағы аку­шер-гинекологтардың жұ­мы­сын үй­лес­тіруге бақылау жасайтын бас гинеколог осы күні жүктілікпен 427 әйел есеп­ке алынғанын айтты. Бұл көр­сеткіш жыл соңына де­йін екі есеге дейін артады. Сон­дық­тан жүктілік бойынша есепке алынған күннен бас­тап, бо­сан­ғаннан кейін 42 күн бойы дәрігер бақылауында болатын әрбір ана мен баланың ден­саулығына аса қырағылық танытатын дәрігердің қызметі қан­шалықты жауапты екенін түсіну қиын емес.

Дәрігерден соңғы жылдары әйелдер арасында жиі ке­здесетін аурушаңдық туралы сұрағанымызда, бұл сауал гинеколог дәрігер үшін ең ма­ңызды мәселе екенін айтты. Яғни босану жасындағы барлық әйел ең алдымен отбасын жос­парлап, жүктілік аралығын сақ­таған жағдайда ешқандай теріс жағдай болмайды дейді. Соңғы жылдары әйелдер арасында өте жиі кездесетін қан аздық, бүйрек аурулары, йод жетіспеушілігі мен жүрек-қан тамырларының ауруы дені сау сәбидің дүниеге келуіне кедер­гісін келтіруде.

– Қазір заман жақсы. Сон­дықтан жүктілікті жоспар­ла­ғанда ең алдымен әйел өз ден­саулығына мән беруі керек. Дені сау әйел ғана дені сау баланы өмірге әкеле алады. Өзі аурушаң болса, баланың да өміріне қауіп төнеді. Ер­те жастағы жүктілік те – бү­гінгі күннің өзекті мәселесі. Кә­мелетке толмаған жасөспірім қыз­дардың аяғын шалыс басып, жүкті болып қалуы ата-анасының тәрбиесінен. Ана қыз балаға оның болашағы туралы көп әңгіме айтып, қажет болса дәрігерден кеңес сұрауы керек. Ал 43 жастан асқан әйелдер үшін жүкті болу өміріне қауіп төндіреді. Көпбалалы аналар осыны түсінсе дейміз, – дейді бас гинеколог.

Дәрігердің әр күні қауырт тіршілікке толы. Адал еңбек пен маңдай терінің арқасында «Денсаулық саласының үз­ді­гі» атанып, абыройға кенелді. Мұнан басқа басшылық тарапынан алған Алғыстары мен Құрмет грамоталары да же­терлік. Осы марапаттардың ішін­де дәрігерге ең қымбатты­сы ха­лықтан алған алғаусыз алғыс­тың орны бір төбе. Нейлә Темір­ханқызы ешуақытта осынау қиын мамандықты таңда­ға­нына өкінген емес. Әке тәрбиесі мен ана ұлағаты оның өмірлік азығы. Бір отбасында 5 қыз бала мен 1 ер бала өскен ортада әке жолымен ұлағатты ұстаз атанғандары да бар. Ал әпкесінің жолымен дәрігерлікті оқып, бүгінде облыс орталығындағы Ана мен бала орталығында реаниматолог-дәрігер қызметіндегі інісі Данияр да Гиппократ антына адалдық танытқан абзал жан. Бір отбасынан дәрігерлік жолды жалғастыруға бел буған Дильназ медициналық колледждің студенті. Болашақ дәрігер болуды армандайтын қызының таңдауына анасы қарсылық та­нытқан емес.

Сырдариялық дәрігер Нейлә Темір­хан­қызының өмірлік ұста­нымы мен қызметтік жолы күн сайын шыдамдылық пен сүйіс­пеншілікпен үндеседі. Осындай ізгілік пен мейірімділік қасиетке ұласқан дәрігердің дара жолы одан әрі жалғасын тауып, жа­ңа күн жаңа өмірдің келуіне се­бепші болғай!

Бибісара ЖАНӘЛІ
17 маусым 2023 ж. 272 0