Қауіпсіздік талаптары түсіндірілді
Жазғы лагерь – өте ерекше әрі қызықты демалыс орны. Онда балалар өз уақытын тиімді әрі пайдалы өткізе алады. Күнделікті түрлі сайыстар мен ойын жаттығулары жүргізіледі. Әр баланың таланты мен қабілетін ашу мақсатында ұйымдастырылатын сайыстар балалар үшін өте қызықты. Осыған орай, біз «Жалын» тынығу лагеріне арнайы барып, іс-шараларға қатыстық.
Жалын» лагерінде қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі «Нашақорлыққа жол жоқ» тақырыбында театрландырылған қойылым және сурет көрмесі сайыс түрінде өтті. Оған қонақ ретінде қатысқан сала мамандары саламатты өмір салтын насихаттап, адам баласының басты байлығы денсаулықты сақтаудың негізгі қағидаларын атап өтті. Іс-шарада денсаулықтың қадірін түсіну, нашақорлық ауруынан сақтану, имандылық қасиеттерді қалыптастыру, сақтай білуге тәрбиелеу насихатталды. Бұл сайыста балалар өзара бөлініп, ерекше қабілеттерін көрсетіп таң қалдырды.
Содан кейін өрт қауіпсіздігін сақтау, төтенше жағдай орын алған жағдайда не істеу қажеттігін Сырдария ауданының төтенше жағдайлар бөлімі және №12 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері демалушыларға түсіндіріп өтті. Өрттің қаншалықты адам өміріне қауіпті екендігін, балаларға отпен ойнамау керектігін түсіндіре отырып, өрт сөндірушілердің құрал-жабдықтарымен таныстырды. Өрт сөндірушілер ер балалардың қызығушылығын арттырып, болашақта өрт сөндіруші қызметкері болуға шақырды.
Жасөспірімдер арасында саламатты өмір салтын қалыптастыру бағытында «Жалын» сауықтыру лагерінің тынығушылары арасында футболдан жолдастық кездесу ұйымдастырылды. Жеңіске жету үшін ойнайтын балалар достықты дәріптей отыра доп тепті. Қатысушылар жақсы ойын өрнегін көрсете білді. Командалық топ ауызбіршілікті де, достықты да жолдастық кездесуде қатар насихаттады. Болашақта балалардың арасында ел мерейін үстем ететін мықты спортшылар шығарына сенеміз.
Осылайша, біздің болашақ журналист ретінде лагерь жұмысымен танысуға бағытталған жұмысымыз сәтті әрі қызықты өтті. Өзіміз де көңілді балалармен жақсы уақыт өткіздік. Бір күндік лагерь өмірінде небір қызықтар болғанымен, негізгі іс-шараларды қағаз бетіне түсіріп, оқырманға ұсынуды жөн санадық.
Назым ӘБІЛХАЙ,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университеті
журналистика факультетінің
1-курс студенті