Шуақты күннің шырайын келтірді
Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға пандемия уақытында шектеу қойылғаны белгілі. Қиын-қыстау күндер артта қалып, бүгінде балғындар қызықты сәттерге куә болуда. Мәселен, «Жалын» тынығу лагерінде 7 ауысым бойынша оқушылар демалуда. Бұл ретте, әрбір тынығушының уақытын тиімді өткізу мақсатында Сырдария ауданы бойынша білім бөлімінің әдіскерлері «Көңілді бейсенбі» тақырыбында іс-шаралар өткізді.
Бір күнге созылған іс-шаралар барысында баланың ой-қабілетін дамыту, шығармашылығын шыңдау, дене қозғалысын арттыруға көңіл бөлінді. Ең бірінші кезекте, тынығушылар «Біздің лагерь» тақырыбында сурет салу байқауында бақ сынады. Білікті маман Зәуре Білісбаева бастаған әділ қазылар құрамы ерекше сурет салған балаларды анықтады. Олардың қабілетін ашу, сурет салуға деген ынтасын ояту үшін жан-жақты бағыт-бағдар берді. Бұдан кейін әдіскер Сұлтан Үсеновтің жетекшілігімен «Біз жүйрікпіз, шапшаңбыз!» атты топтар арасында эстафеталық жарыс жалғасын тапты. Бірнеше кезең бойынша жарысқан топтар ұйымшылдық үлгісін көрсетті.
– Таңертеңгі сессияны балалардың шығармашылығы мен спорттық қарым-қабілетін ашуға арнадық. Ойы ұшқыр балалар тақырыптық сурет салуға бейім. Сонымен бірге жас суретшілер қиялға ерік беріп, керемет туынды жасауға тырысты. Өз кезегінде эстафеталық жарыста жылдамдық маңызды рөл ойнады. Жан ұшыра ойнаған балалар жеңіс үшін барын салды, – дейді әдіскер Зәуре Білісбаева.
Ал «Алтын көмбе» деп аталатын топтық сайыста демалушылар жасырылған сурет қиындыларын тауып, интеллектуалды сұраққа жауап берді. Шапшаңдық пен ақылдылық таразыға түскен сайыста сала мамандары Гүлжанат Қасымова, Салтанат Сақтағанова бастаған төрешілер жеңімпаз топты анықтады. Сондай-ақ балалар арасында пікірталас сайысы өткізіліп, бірнеше тақырып бойынша мәселе көтерілді. Айта кету керек, пікірталас жүргізген балалар «Ауыл өмірі» мен «Қаланың тұрмыс-тіршілігі», «Электронды кітап ерекшелігі» мен «Құнды қағаз кітаптың бағасы», «Ата-ананың тәрбиесі» және «Блогердің атқарар қызметі», «Дала ойындары» мен «Компьютерлік ойындар» тақырыбында кеңінен ой қозғады. Әдіскер Алуа Нұрабаева мен №131 Талғат Қозыбаев атындағы орта мектептің мұғалімі Ақерке Нұрғалиева жеке дара шыққан топтар арасында «Мен аға тәлімгер болсам...» деген тақырыпта пікірталас жасады.
Қай кезде де лагерь кеші көңілді. Тәулік бойы ұйымдастырылған іс-шаралардың қорытындысы ретінде «Жұлдыздар шеруі» пародия орындаушылар сайысы өткізілді. Әрбір топтан қатысушылар ән шырқап, би биледі.
– Қазіргі уақытта «Жалын» тынығу лагерінің төртінші ауысымында балалар тынығуда. Ауданға қарасты 17 білім ордасының оқушылары қызықты күндерін өткізуде. Алдағы оқу жылына жақсы көңіл-күйде бару үшін сала мамандары мен ата-аналар бар мүмкіндікті жасауда. Лагерь тынығушылары арасында көптеген жарыстар өткізіліп тұрады. Әр ауысымда лагерь тәрбиешілері кезекпен қызмет етеді. Арнайы демеушілердің қолдауы арқасында бағалы сыйлық үлестіріледі, – дейді әдіскер Ерлан Әбілдаев.
Осы күні «Жалын» лагерінің тынығушылар думанға толы күнді қорытындылап, әрбір сайыстан жеңімпаз атанған оқушылар марапатталды. Сонымен бірге барлық сайыс бойынша көш ілгері болған «Бейбітшілік» тобына арнайы кубок пен бағалы сыйлық табысталды.
Балтабай ОРДАБЕКОВ