Отбасылық кәсіп иелері
Елімізде жұмыссыздардың өз кәсібін бастауына мүмкіндік беретін көптеген мемлекеттік бағдарламалар бар. Соңғы жылдары мемлекеттік қолдаудың арқасында өз кәсібінен табыс тауып отырған азаматтар көп. Олардың бірқатары кәсіпкерлікпен айналысып, табыс тауып, өзгені де жұмыспен қамтып отыр. Яғни елдегі жұмыссыздықты азайтуға да үлес қосуда.
Нағи Ілиясов ауылындағы Олинов Ролланды жақын ауыл аймақта танымайтын адам кем де кем. Соңғы 5-6 жыл көлемінде бал шаруашылығымен айналысып жүрген кәсіп иесі қазір бал өнімін жыл сайын арттырып отыр. Бұл кәсіпті бизнес көзіне айналдыруға Ролланға мемлекет тарапынан берілген қайтарымсыз грант негіз болды.
Отбасылық бизнес иесі жыл он екі ай бал шаруашылығын дамытуға қолайлы жағдай жасаған. Әсіресе, ерте көктемнен басталатын қауырт тіршіліктен бір сәтке де қол үзбейді. Маусым кезінде ауылдағы жұмыссыз 5-6 азаматты да жұмыспен қамтып, олардың тәтті балдан табыс табуына жәрдемін тигізеді.
Бал арасының бабын тапқан Роллан Олинов алғаш рет кәсіпті 2017 жылы бастайды. Өнімі мен пайдасы мол шаруашылықты дамыту үшін мемлекеттік қолдаудың көздерін іздеп, қайтарымсыз грантқа қол жеткізеді.
– Екі қолға бір жұмыс табуға, қандай да кәсіп түрімен айналысуға мемлекет тарапынан қолдау көп. Білмегеніңді үйретіп, бизнес жоспар дайындауға да қолдау білдіретін арнайы мамандар да бар. Тек ізденіс пен қажырлы еңбек керек. Сондай-ақ үйренемін дегенге ақпарат көздері де көп. Адал маңдай теріңді төгіп еңбектенсеңіз міндетті түрде берекесі болады.
Алғашқы жылдары өз қаражатымның есебінен бал шаруашылығын бастап кеттім. Кейін өндірісімді көбейту мақсатында 2019 жылы өңірлік инвестициялық орталығынан «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасы арқылы 1 млн теңге несие алып, кәсібімді ұлғайттым. Бір жылдан соң мемлекет тарапынан тағы да қолдау таптым. Бұл жолы 2 млн теңге қайтарымсыз грантқа ие болдым. Қазір бал арасын асырап, одан мол табыс тауып отырған жайымыз бар. Жалпы отбасылық бизнес сұраныстың арқасында дамып келеді, – дейді омарташы Роллан Олинов.
Кәсіп иесінің бүгінде 100-ге тарта бал арасының отбасы бар. Ролланның айтуынша бұл – әлемі өзінше бөлек кәсіп. Былайынша өзімен өзі жүрген ара бал жинап береді деген ой болуы мүмкін. Алайда бабын тауып бағудың өзіне жігер мен күш қайрат керек. Бал арасы да ерекше күтімді қажет ететін жәндіктің тілін табу арқылы ғана мол өнімге қол жеткізуге болатыны рас. Қазір Роллан жылдық өндірісін арттырып келеді. Жылына 4 тоннаға дейін бал жинауға мүмкіндігі бар. Тұрақты тұтынушыларынан бөлек Ролланның дәмді балын еліміздің түкпір-түкпірінен тапсырыспен сатып алатындары да бар. Бұл жұмысты үйлестіруге көбіне оның жұбайы Эльмира Төретаева көмектеседі.
– Қазір әлеуметтік желінің дамыған кезі. Бұл кәсіпкерлерге керемет мүмкіндік. Өз өнімін жарнамалауға септігі мол. Біздің балды бір рет дәмін татып, сатып алғандар келесіде міндетті түрде тапсырыс беруге асығады. Қазір еліміздің барлық қалаларына көп мөлшерде де жеткізіп бере аламыз. Бұл отбасылық бизнес болған соң балаларымызбен бірге балды арнайы ыдыстарға құйып, оны таңбалауға атсалысамыз. Өндірісімізде балдың 4-5 түрі бар. Ең сұранысқа иесі мамыр балы, жантақ, жоңышқа балы, сонымен қатар емдік қасиеті мол жаңғақ қосылған бал түрлерін де шығарамыз. Кесек бал мен крем балының да тұтынушылары бар, – дейді омарташының келіншегі Эльмира.
Эльмира жұбайының көмекшісі ғана емес, бесаспап кондитер. Оның қолынан шыққан дәмі тіл үйіретін торт пен тәттіден дәм татпаған ауыл тұрғыны жоқ шығар, сірә. Ауылға кімнің үйінде той дастарханы жайылса, Эльмираның дәмді тіскебасарлары сол үйдің дастарханының ажарын ашады. Эльмира бұл өнерді өзінше ізденіп үйренген. Мамандығы мұғалім болса да, қолы қалт еткенде әлеуметтік желіде өтетін шеберлік сыныптарға қатысып, торт пісірудің небір рецептерін үйреніп алған. Көздің жауын алатын түрі де дәмі де ерекше торт өнімдері мен балдың небір түрін талай мәрте көрмелерге де шығарған.
– Ауданда, облыста, республика көлемінде көрмеге қатысуға шақырса, қалмауға тырысамын. Екі-үш күн бұрын әзірлік жүргізіп, өнімнің көптеген түрін әзірлеп, оны тұтынушыларға көрсетемін. Қазір отбасылық бизнестің арқасында табыс тауып отырмыз. Бұл еңбекпен келетін табыс. Кондитердің де дәрігер секілді қате жібермеуі керек деп ойлаймын кейде. Себебі бір дәмді торт пісіру үшін оның құрамынан ешқандай жаңылмауың керек. Сапалы әрі тәтті торт дайындау арқылы тұтынушыңның алғысын аласың. Жалпы торт пісірумен 2019 жылдан бері айналысып келемін. Қазір торт пісірмеген күнім болмайды. Күнделікті тапсырыс келіп түседі. Аудан орталығынан да тапсырыс берушілер бар, – дейді кондитер Эльмира Өмірзаққызы.
Роллан мен Эльмираның отбасында бес қыз бала өсіп келеді. Олардың әрқайсысы бір-бір кондитер. Аналарынан үйренгендерін жасап, әкелеріне дайын бал өнімін ыдыстарға құйып, таңбалауға көмектеседі.
Батыр ауылындағы отбасылық бизнесті шыр айналдырып отырған кәсіп иелеріне мол табыс пен береке тілейміз.
Бибісара ЖАНӘЛІ