Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Грант ұтып, кәсіп ашты

Грант ұтып, кәсіп ашты

Жұмыссыз азаматтардың кәсіп бастауына мүмкіндік беретін мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп отырған тереңөзектік Талғат Ералиев шағын бизнес иесі атанды. Ол өзін-өзі жұмыспен қамту мақсатында «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба бойынша» өткен жылы мемлекеттік грант жеңіп алды.

Мамандығы заңгер азамат кезінде мемлекеттік қызмет атқарған. Кейін басқа жұмысқа ауысып, онда да қысқартуға ілінген. Көп балалы отбасының иесі аудандағы «Жұмыспен қамту» орталығына жұмыссыз ретінде тіркеледі. Одан әрі мемлекет тарапынан жұмыссыздарға берілетін қаржылай қолдауды пайдалану үшін арнайы курстан өтіп, сертификат алады. «Бастау Бизнес» курсының сертификаты негізінде жоба әзірлеп, комиссия қарауына ұсынады.

Соңғы жылдары аудан көлемінде көлік санының артқаны белгілі. Ал көлік көбейген сайын техниканы жөндейтін орталықтардың да жұмысы сұранысқа ие болады. Ізденіс пен еңбексүйгіштік қасиетінің арқасында көлік жүргізушілердің сұранысына ие техника жөндеу орталығын ашып, жұмыстың сапалы әрі уақытылы орындалуына ден қойды. Кенттегі теміржол бекетінің арғы жағында орналасқан жолдасының гаражының бір бөлігін жалға алған шебердің жұмысы қыза түскен.

– Қазір үйренемін, білемін деген адамға бәрі дайын тұр. Бұрыннан қолымнан келетін істі одан әрі жандандыру үшін ізденіп, автокөлікті әрлеу, тегістеу, дәнекерлеу ісін қолға алдым. Жалға алған гараждың іші кең, бір мезгілде 3 көлікті ішіне кіргізуге болады. Көлік иелеріне қызметімді аптаның жеті күнінде де ұсынамын. Барлық жұмысты әзірге өзім атқарамын. Алдағы уақытта қолынан іс келетін бір азаматты жұмыспен қамтитын боламын, – дейді кәсіпкер.

Қырық жасты еңсерген кәсіпкер жоба аясында ұтып алған қаржыға қажетті құралжабдықтарды сатып алған. Компрессор, дәнекерлеу аппараты, тегістегіш машинасы, болгарка, темірді жапсырып, тартуға арналған споттер – күнделікті шебердің қолданатын құралдары. Барлық қажетті затты Қызылорда қаласынан сатып алатын кәсіпкер болашақта өзінің жеке гаражын ашуды жоспарлап отыр.

Жұмыссыздан кәсіпкерге айналған азаматтың бастамасы – отбасын асырауға, қосымша табыс табуға үлкен мүмкіндік. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде өз ісін бастаған азаматтың жұмысына табыс тілейміз.

Бибісара ЖАНӘЛІ
11 ақпан 2023 ж. 257 0