Қуанса, бала қуансын
Жаздың алғашқы күні балаларды қорғау күні мерекесі ретінде аталып өтіледі. Көңілді мезгіл, жайдары жаз мезгілімен қатар келетін мереке қарсаңында кішкентайларға ерекше көңіл бөлініп, түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып жатады. Жүздері бал-бұл жанған бүлдіршіндер – бүгінгі қоғамның айшықты келбеті.
Сырдария аудандық ауруханасының кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен емхана қызметкерлерінің балаларына арналған көңілді іс-шара өтті. Жиын шымылдығын ашып берген аудандық аурухананың бас дәрігері Жалғасбек Үсенов бүгінгі бүлдіршіндердің ертеңгі ел болашағы екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар балаларды мерекемен құттықтай отырып, болашақтары жарқын, денсаулықтары зор болуына тілектестік білдірді.
– Балалар – мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі. Жас ұрпақ тәрбиесі – адамзаттың мәңгілік тақырыбы. Ұлттың бүгіні де, болашағы да тәрбиелі ұрпаққа байланысты. Кез келген халық ұрпақ тәрбиесін – ұлттың тағдыры, болашағы деп біледі, – деген аудандық аурухана кәсіподақ ұйымының төрағасы Серік Маханбетов балаларға көңілді кеш тіледі.
Іс-шара барысында облыс орталығынан арнайы келген аниматорлар балаларға ерекше әсер сыйлады. Олар балалармен бірге би билеп, ән салды. Сонымен қатар ойындар ойнатып, кештің көркін қыздыра түсті. Емхана қызметкерлерінің балаларына арналған жиын жоғары деңгейде өтіп, ұйымдастырушылар елу шақты баланың қуанышты сәтіне себепкер болды. Көңілді кештің соңында балалар мультфильм кейіпкерлерімен естелік суретке түсіп, арнайы сыйлықтарын алып тарқасты.
– Кәсіподақ ұйымының ұйытқы болуымен өткен іс шара жақсы ұйымдастырылған. Баланың қуанғанынан артық бақыт бар ма ата-анаға?! Кішкентай бүлдіршіндер ерекше сәттің куәгері болды. Естен кетпес әсер алды. Балаларымызға арнайы уақыт бөліп, осындай іс-шара ұйымдастырған кәсіподақ ұйымы мен басшылыққа ата-аналар атынан алғыс білдіргім келеді, – дейді Қ.Бакеева.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ