Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бала бақыты – қоғам бақыты

Бала бақыты – қоғам бақыты

Әлемнің көптеген елінде жаздың алғашқы күні балаларды қорғау мерекесі ретінде тойланады. «Балалар жылы» аясында биылғы мереке ауданымызда ерекше аталып өтті. Аудан орталығында балаларға арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, сыйлықтар таратыл­ғанымен қоса әр мекеме ұжым қызметкерлерінің балаларына арнап мерекелік іс-шаралар ұйымдастырды.

Бірлігі мен татулығы, ынтымағы мен ырысы жарасқан Бауыржан Момышұлы атындағы көше тұрғындары балаларды қорғау мерекесін көше болып атап өтті. Көпшілікке үлгі болып жүрген көше тұрғындары елдің ертеңгі тізгінін ұстайтын бүлдіршіндердің мерекесінде бас қос­ты.

Бауыржан Момышұлы көшесінде батыр ба­баның ізін қуған өжет ұрпақтар өсіп келеді. Көше бойында орналасқан балалар алаңында ұйымдастырылған көңілді кешке 100-ге тарта балдырған қатысты. Балалар мерекелік көңіл күйді барынша сезіне алды. Ойын алаңына жиналған кішкентай бүлдіршіндер әсем әннен шашу шашты. Өнерлі балғындар мың бұрала би билеп, топ-топқа бөлініп, спорттық сайыстарға да қатысып, белсенді болды. «Қуанса, бала қуансын» демекші, балмұздақ пен тәтті сусынға тойған кішкентайлардың күлкісі шат, көңілі кө­теріңкі екені анық аңғарылды.

– Бала – біздің болашағымыз. Бүгін біз кіш­кентай сәбилерімізге бақытты балалық шақ сыйлай алсақ, ертеңгі ел болашағы да сондай жарқын болмақ. Көшеміз ұйымшыл. Кез келген мерекеде арнайы бас қосып, «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деген ұстанымды биік ұстап келеді. Күйбең тіршілікте көршілердің басын қосып, мерекелік іс-шараны ұйымдастырып жүрген келіндерге алғыс айтамыз, – дейді көше тұрғыны Гаухар Бозшаева.

Расында да, жұмыс дейміз, күйбең тірлік дейміз, әйтеуір бұрынғыдай бір-бірінің үйіне кіріп-шығып жүрген көршілерді көп кездестіре бермейміз. Тіпті қатар отырып бір-бірін таны­майтындар да бар. Арадағы аралас-құра­лас­тықты нығайтып, таныстықты арттыратын, сый­ластық пен ауызбіршілікке үндейтін, бір-бірінің қуанышына ортақтасуға шақыратын бұл іс-шара басқа көше тұрғындарына, расында да үлгі боларлықтай.






Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
04 маусым 2022 ж. 433 0