Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бар жақсылық – балаларға

Бар жақсылық – балаларға

Жаздың алғашқы күні Халықаралық балалар күні мерекесімен тұспа-тұс келеді. Осы ретте Сырдария ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасында ұжым қызметкерлерінің балаларына арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.

– Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. «Биылғы жыл­дың «Балалар жылы» деп жариялануы тегіннен тегін емес. 2022 жылды іс жүзінде балаларды қор­ғау жылы ретінде өткізіп, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру сынды салаларда ел болашақтарына жете мән берілуі тиіс» деген Президентіміздің тапсырмасы негізінде бала­ла­ры­­­мызға мерекелік көңіл-күйді сезіндіру үшін бүгінгі іс-шараны ұйымдастырып отырмыз. Бүгінгі ба­ла – ертеңгі болашақ. Біз бүгін сәбилеріміздің тыныш ұйқысын, тәтті күлкісін қорғасақ, ертеңгі күні ел қор­ғайтын азаматтарды тәрбиелеп шығарамыз, – деген басқарма басшысы Ашраф Жусупов іс-шараның негізгі мақсатын түсіндіріп өтті.

Көңілді жиынға мекеме қызметкерлерінің ба­ла­лары қатысты. Он бес балаға арналған кешті Сырдария ауданы бойынша Мемлекеттік кіріс­тер басқармасының ұжымы өз бастамасымен ұйым­дастырған. Атаулы іс-шараны қонақтар сөз сөйлеп ашып бергеннен кейін сахна төріне жайғасқан балалар өздерін таныстырды. «Балалы үй – базар» деген, кішкентай балғындардың тәтті тілі мен сүйкімді қылығы қонақтарды тәнті етті. Одан кейін балаларға арнайы ойындар ұйымдастырылды. «Кім жылдам», «Тәттіні тасымалда» ойындарында топқа бөлінген балалар жылдамдық пен икемділіктерін көрсетті. Бастапқыда ұяңдық танытқан кішкентайлар арнайы қонақ – аннимациялық кейіпкерлер аю мен қоян залға кіріп келгенде таң қалыстарын жасыра алмады. Мульт­фильм кейіпкерлерімен бірге ән салып, би билеген балалардың көңіл-күйі көтеріңкі болды.

Мерекелік іс-шара осымен өз мәресіне жетпеді. Көңілді балалар өз өнерлерін ортаға салды. Үлкендер жағы ел болашақтарының өнеріне тәнті болды. Қызықты кеште талантты балалар ән айтып, би биледі. Өнерлі жеткіншектер күй тартып, гитарамен ән де айтты. Кішкентай бүлдіршіндерге еркін тақырыпта сурет салу байқауы да ұйымдастырылды. Сәбилерге қамқорлықпен қоса бойларына ұлттық құндылықты сіңіруді мақсат еткен іс-шара барысында кішкентай көрермендер «Алдар көсе» мультфильмін тамашалады. Балаларды бір сәт сергітіп, көңілдерін көтерген кеш соңында мекеме басшысы сөз сөйлеп, балаларға «Алғыс хат» пен ойыншық сыйлады. Бұл өз кезегінде кішкентайларға үлкен мотивация бергені анық.

– «Берсең, балаға бер» деген. Бұл іс-шара осы отырған балғындардың санасына жақсы жағынан әсер етуін мақсат еттік. Елдің болашағы – осы балдырғандар. Кейін ержеткен соң «осы жерде әкем, анам жұмыс істеп еді, сол кезде келіп концерт қойып едік, ойнап едік» деп өмір бойы естерінде сақтап жүретін болады, – деп қорытындылады мекеме басшысы.






Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
31 мамыр 2022 ж. 705 0