Құқығыңызды қаншалықты білесіз?
Қазір қоғамдық тамақтану орындары көп. Үлкен де, кіші де, әсіресе үлкен қалалардың тұрғындары көбіне-көп қоғамдық тамақтану орындарынан тамақтанады. Бұл заманның дамығанын, халықтың күнкөрісінің артқанын білдірсе керек-ті. Ал, сіз қоғамдық тамақтану орындарындағы құқығыңызды қаншалықты білесіз? Бүгін осы тақырыпта тарқата жазып, оқырмандарға толыққанды ақпарат береміз.
Көпшілікті ең алдымен «Қоғамдық тамақтану орнында қазақ тіліндегі мәзірді талап ете аламыз ба?» деген сауал мазалайтын болар. Иә, бұл өте орынды сауал. Тіпті бұл мәселе соңғы кездері әлеуметтік желіде көп талқыланатын тақырыпқа да айналды. Қоғамдық резонанс тудырған оқиғалар саны да көп. Осы ретте, бұл мәселе елімізде заңмен реттелгенін біреу білсе, біреу білмейді.
Заңға сүйенер болсақ, кез келген адам қоғамдық тамақтану орындарында қазақша мәзір талап ете алады. Өйткені, Қазақстан Республикасының 1997 жылы қабылданып, қолданысқа енгізілген Тіл заңнамасының 21-бабы бойынша еліміздегі барлық хабарландыру, жарнама, прейскурант, сонымен қатар ас мәзірі ең әуелі қазақ тілінде болуы міндетті. Бұрын орыс тілінде де болуы керек еді, бірақ 2021 жылғы желтоқсанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кейбір заңнамаға өзгеріс енгізді. Сол өзгерістерден кейін ас мәзірі, хабарландыру сияқты жазбалар қазақ тілінде болуға тиіс. Қажет болған жағдайда ғана орыс тіліне және басқа тілдерге аударылғаны абзал.
Заңгерлер бұл мәселеде ескеретін жайттар бар екенін айтады. Мәселен, «Тұтынушылардың құқығын қорғау» заңы бойынша сатушы немесе қызмет көрсетуші ақпаратты қазақ тілінде де, орыс тілінде де беруге міндетті. Бұл дегеніміз мейрамханаға орысша сөйлейтін адам келіп, орысша қызмет көрсетуді сұрай алады. Бірақ ол орыс тіліндегі мәзірдің жоқ екеніне шағымдана алмайды. Ал қазақша сөйлейтін кісінің қазақша мәзірді де, қазақ тілінде қызмет көрсетуді де сұрауға мүмкіндігі бар. Сондай-ақ тұтынушы адам қазақша мәзірдің жоқ екенін байқаса және бұл жағдай оған қолайсыздық тудырса, кінә қою хатын жаза алады. Хатта мейрамхана немесе оның басшысының атауы көрсетілуі керек. Оған қоса қазақша мәзірдің жоқ екені, бұл заңға қайшы екені баяндалып, барлық мән-жай жазылғаны дұрыс. Кінә қою хатының үлгісін интернеттен табуға болады. Хаттың екі данасын жазған соң біреуін мейрамхана әкімшісіне тастап кетуі керек, екіншісін тұтынушы қабылдап алушы қол қойып, күнін жазғаннан кейін өзімен бірге әкетеді. Мейрамхана өкілдері екі апта ішінде мәселені шешуі қажет. Ал мейрамхана әкімшісі хатқа қол қойып, оны алып қалуға міндетті. Хатты алуға қарсылық танытса, дәлел ретінде олардың әрекетін фотоға, видеоға түсіруге болады. Кейін тұтынушы Е-өтініш арқылы мейрамхана орналасқан аумақтың әкімдігіне немене қадағалаушы органға дәлелдері бар арызды жолдай алады. Ресми органдар екі апта ішінде шара қабылдауы қажет.
Көпшілікке қызықты келесі мәселе асхана немесе мейрамхана өкілінің тұтынушыны кіргізбеуге, шығарып жіберуі қаншалықты заңды екенін қамтиды. Бұл мәселе де заңмен реттелген және оны біліп жүргеніміз дұрыс. Нақтырақ айтқанда, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің «Жария шарты» деген 387-бабы бойынша бір адамның екінші бір адамды қоғамдық орынға, мекемеге, үкіметтік емес ұйымдарға кіргізбеуге немесе ол жерден шығаруға құқы жоқ. Олар барлық тұтынушыға теңдей қызмет көрсетуге міндетті.
Алайда адам мас күйінде ұрыс-керіс, төбелес шығарса, өзге де адамдарды орынсыз мазаласа, мейрамхана әкімшісі құқық қорғау органдарына хабарласып, полиция шақырта алады. Тіпті жағдай ушықса, күзетші арқылы тұтынушыны ғимараттан шығаруына болады. Дегенмен әлгі адам өзін ғимараттан бостан-босқа шығарып жібергенін дәлелдей алса, істі азаматтық сотқа дейін жеткізуге мүмкіндігі бар. Сол себепті тұтынушы құқығын бұзып алмауға аса мән берген жөн. Сондай-ақ қоғамдық орындағы этиканы, баршаға ортақ талаптарды сақтауды әркез қаперде ұстанған дұрыс. Өйткені, заң – баршаға ортақ және заңды білмеу ешкімді ешқашан жауапкершіліктен құтқармайды.
Қазір көп тамақтану орындарында қызмет көрсеткені үшін есепшотқа 10% ақы қоса есептелінеді. Бұл көбіне-көп мәзірдің соңғы бетінде немесе төменгі тұсында кішкентай шрифтпен жазылады. Қазақстан қабылдаған халықаралық стандарттар бойынша мейрамхана, кафе, асхана сияқты қоғамдық тамақтану орнының қызмет көрсеткені үшін қосымша 10% ақы алғаны заңсыз болып табылады. Аспаздың, даяшының қызметі тағамның бағасына қосылып есептелуі қажет. Бірақ даяшы есепшотқа 10% ақы қосылатынын ескертіп немесе ол ас мәзірінде жазылып тұрса, оны естіп, біле тұра тұтынушы мейрамханада тамақтанамын деп шешсе, онда ол 10% қосымша ақыны төлеуге келіскен болып саналады. Егер бұл талап еш жерде жазылмаса, ескертілмесе, тұтынушы адам, яғни тамақтанушы оны төлемейтінін айтып, шағымдана алады.
Көпшілікті мазалайтын тағы бір мәселе ол тамақтың ішінен қыл немесе басқа да заттардың шығуы. Мұндайда ас ақысын төлеу, төлемеу мәселесі күн тәртібіне шығады. Бірден айта кетейік, тамақтың ішінен қыл немесе басқа да заттар шықса, ас ақысын төлеуге міндетті емессіз. Мұндай жағдайға тап болсаңыз, ең әуелі тағамды дәлел ретінде суретке, видеоға түсіріп алу керек. Кейін мейрамхана әкімшісін шақырып, көрсету қажет. Тұтынушы әкімшіге, даяшыға шағымданған соң төлемей, кетіп қалуына болады. Оған қоса санитар-эпидемиология қызметі өкілдеріне хабарласа алады. Олар мейрамханаға келіп, тазалығын, қызметін тексереді. Сонымен қатар мейрамхананы мемлекетке айыппұл, сізге мораль шығынын төлеуге міндеттей алады.
Көп жағдайда қоғамдық тамақтану орнының өкілдері дереу кешірім сұрап, тағамды ауыстырып беретінін айтады. Оған келіссеңіз, тағам ақысын төлеуіңіз қажет. Себебі сізге жаңа тағам әкеліп береді. Алайда жаңа тағам әкелгенге дейін қыл шыққан тапсырыңызды үстелде ұстағаныңыз жөн. Өйткені мейрамхана қызметкерлері табылған қылды алып тастап, дәл сол тамақты қайта әкеліп беруі әбден мүмкін.
Мейрамхана мен кафеге кейде жалғыз баруға тура келеді. Кейде уақыттың тығыздығына байланысты тек шайға тапсырыс беретін кездер де болады. Мұндайда тапсырыс көлемінің аз болуына байланысты мейрамхана өкілдерінің ыстық тамақ немесе салат сатып алуға міндеттеуі де заңсыз. Бұл туралы «Тұтынушылардың құқығын қорғау» заңының 28-бабында жазылған. Заңға сүйенсек, ешкім ешкімді белгілі бір өнімді, тауарды, затты, тағамды сатып алуға мәжбүрлей алмайды. Бұл – адамның Конституция құқығын таптау. Сол себепті адам тек шайға немесе сусынға ғана тапсырыс беріп, мейрамханада отыруына болады. Бірақ отыру уақытының ұзақтығы тағы бар. Бұл мәселеге қатысты заңда ештеңе айтылмаса да әр қоғамдық тамақтану орнының ішкі ережесі болуы мүмкін. Ол ереже жалпыға қолжетімді жерде ілініп тұрса, тұтынушыға таныстырылса, мейрамхана өкілдері тұтынушыға алдын ала белгілі уақыт аралығында ғана отыра алатынын ескертсе және тұтынушы оған келіссе, ол орынды сол уақыттың ішінде босатуға тиіс.
Даяшылардың қызмет көрсету сапасына қатысты да мәселелер көп туындайды. Егер, даяшының қызметі ұнамаса, ол дөрекі сөйлесе, тұтынушы басқа даяшының қызмет көрсетуін сұрай алады. Олар даяшыны ауыстыруға міндетті. Ал даяшы тапсырысты шатастырып, басқа тағам әкелсе, оған қоса тапсырыстың қабылданғанын айтып, төлеуіңізді өтінсе, мұндай жағдайда тұтынушы ақы төлемейтінін бірден кесіп айта алады. Өйткені, бұл олқылық – мейрамхана өкілінің қатесі. «Тұтынушының құқығын қорғау» заңының 13, 14-бабы бойынша, тұтынушы келіскен жағдайда мейрамхана тағамды ауыстыруға немесе сол бағадағы басқа тағамды әкелуге міндетті екенін де айта кеткен жөн. Алайда тұтынушы тамақты жеп болған соң «негізі бұған тапсырыс бермегенмін, сол себепті төлемеймін» дей алмайды. Сондықтан тапсырысты әкелгенде бірден айту керек.
Кейбір қоғамдық тамақтану орны тұтынушыға өзімен бірге тамақ әкелуге тыйым салады және тек өзінен тауар, тамақ сатып алуды міндеттейді. Дегенмен кез келген адам мейрамханаға, кафеге, асханаға өзімен бірге тамақ әкелуіне болады. Тіпті жай ғана ештеңе тапсырыс бермей, ішпей-жемей, отыруына болады. Себебі Азаматтық кодекстің 10-бабының 6-тармағы бойынша әр тұтынушы тауарды сатып алу, қызметтерді пайдалану шарттарын еркін жасауға құқы бар. Дегенмен қоғамдық тамақтану орны – шағын кәсіп. Олар сол арқылы табыс тауып отырғанын ұмытпаған жөн. Бұл жағынан қарағанда ештеңеге тапсырыс бермей, жай ғана отыруы – орынсыз, тіпті біреудің қызметіне кедергі келтіру. Сондықтан әркім өзіне ұят келмейтіндей іс-әрекеттер жасап, шешім қабылдағаны абзал.
Ең соңғы мәселе ол асханада немесе мейрамханада түсірілім жасауға қатысты болмақ. Жалпы кез келген қоғамдық тамақтану орнында фотоға, видеоға түсуге болады. Оған ешкім шектеу қоя алмайды. Алайда түсірілім барысы басқа адамдарға кедергі келтірмеуге тиіс. Сонымен қатар кадрда мейрамханадағы өзге де қонақтардың бет-бейнесі көрінсе, ең әуелі олардан рұқсат сұрау қажет. Ең бастысы, өз құғыңызды біліп, оны қорғай алсаңыз ешқандай мәселе болмайды. Жоғарыда аталған мәселелер бойынша тұтынушы жергілікті жердегі тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі мекемеге немесе құқық қорғау органдарына хабарласа алады.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ