Жанашыр азамат қолдау көрсетті
Қоғамда жақсы азаматтар көп. Олар еткен еңбегін жария етіп, жұртқа мақтануды білмесе де өнегелі істерімен өзгелерден көш ілгері жүреді. Сөзі мен ісі үндескен сондай азаматтардың бірі – Нұркен Бақытбекұлы. Ол Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты, Сырдария ауданының Құрметті азаматы, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы.
Нұркен Бақытбекұлы өткен аптада аудандық «Тіршілік тынысы» газеті редакциясының ұсынысына сәйкес 50 отбасыға аудандық газетті тегін жаздыртып берді. Осылайша, баспасөзге жазылу науқанында ерекше қолдау көрсетіп, жергілікті газеттің таралымының артуына жағдай жасады. Енді атпал азаматтың қолдауымен 50 отбасындағы ардагерлер алты ай бойы аудан жаңалықтарымен таныса алады.
– «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атанған соң осы ауданның тыныс-тіршілігіне қолдан келгенше көмектесіп отырғанды жөн көреміз. Бұл жолы редакция баспасөзге жазылу науқанына байланысты қолдау сұрапты. Бірден келісіп, 50 отбасыға аудандық газетті жаздыртып бердім, – дейді жанашыр азамат.
– Біз аудандық басылымнан қол үзбейміз. Күнделікті аудан жаңалықтарын оқып, хабардар болып отырамыз. Соңғы жылдары аудандық газетке атымтай жомарт азаматтар демеушілікпен жазып беруде. Өз кезегінде Нұркен баламның аудан ардагерлеріне жасаған қамқорлығына дән ризамыз. Қазыналы қарттардың атынан шынайы алғысымды білдіремін. Кәсібіне берке берсін демекпіз, – дейді кент тұрғыны, ардагер-ұстаз Әділбек Омаров.
Халқымызда «Жақсының жақсылығын айт» деген сөз бар. Біз аудандық газет пен әлеуметтік желі арқылы Нұркен Бақытбекұлының жақсылығын айтып, алғысымызды білдіруді жөн көрдік. Лайым, абырой биігінен көрініп, ел халықтың алғысын арқалай берсін!
«ТТ» ақпарат