50 ардагерді газетке тегін жазып берді
Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты, «Жан-Арай» ЖШС директоры, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Бақдәулет Еркінбекұлы Мақашевқа Сырдария ауданының бір топ ардагерлері алғыс айтып, ризашылығын білдіреді.
Себебі, халық қалаулысы биыл тағы да 50 ардагердің мекен жайына аудандық газетті демеушілікпен жаздыртып берді. Бұл ардақты азаматтың сырдариялық ардагер аға-апаларға деген құрметі екені анық.
Жалпы, Сыр жұртшылығы Бақдәулет Еркінбекұлының жомарттығына, мәрттігіне қанық екені белгілі. Талайға шапағаты тиген азамат біздің ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына зор еңбек сіңіріп келеді. Пандемия кезеңінде де мұқтаж отбасыларға көмегін үлестірді. Сондықтан ел алғысын арқалаған азаматқа «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағының берілуі адал еңбекке берілген лайықты баға іспеттес.
– Сыр өңірінің дамуына қолымыздан келгенше өз үлесімізді қосып келеміз. Кәсіпкерлік саласында еңбек етіп, халықты жұмыспен қамтып, тапқан-таянғанымызды көпшілікпен бөлісудеміз. Әрине, меценат атану – мақсат емес. Бұл – біздің азаматтық парызымыз. Оның үстіне халық қалаулысы болған соң әлеуметтік жауапкершілікті терең сезінеміз. Лайым, елімізде мұқтаж отбасылардың саны азайып, халықтың әлеуметтік жағдайы арта берсін. Ал аудандық газеттен жаңалықтарды оқып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысуы үшін 50 ардагердің мекен жайына басылымды жаздыртып беруіміз – ардагерлерге деген құрметіміз, ықыласымыз, – дейді кәсіпкерліктің көшін өрге сүйреп келе жатқан азамат.
Жанашыр азаматтың қолдауына аудандық газет редакциясы жанындағы бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі М.Қалмұратұлы да жоғары бағалап, өз алғысын білдірді.
– 2019 жылдан бастап ардагерлердің мекен жайына тегін газет жаздыртып беру жұмыстары қолға алынып, нақты жұмыстар жүргізілуде. Редактордың ұсынысына қолдау білдірген кәсіпкер азаматтардың қолдауымен біздің де мекен жайымызға аудандық газет тегін келіп жатыр. Бұл бастамаға былтыр да Бақдәулет Еркінбекұлы қолдау көрсеткен еді. Биыл да сол жұмыс жалғасын тапты. Сондықтан кәсіпкердің жұмысына жеміс тілейміз. Ол ауданның Құрметті азаматы деген атқа лайықты іс жасап, өзге азаматтарға үлгі-өнеге көрсетті, – дейді аудандық газет редакциясы жанындағы бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Мүсілім Қалмұратұлы.
Редакцияға, аудандық газетке деген қолдауын, қазақ баспасөзіне қолдауы деп түсініп, Б.Мақашевқа редакция ұжымы мен қаламгерлердің атынан зор денсаулық, абырой-амандық тілеп, шынайы алғысымызды білдіреміз.
«ТТ» ақпарат