Балаларға қуаныш сыйлады
Аудан орталығында 1999 жылдан бері мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерді туберкулез ауруынан оқшаулап, алдын алу жұмыстарын жүргізетін №6 «Ботакөз» санаториялық бөбекжай жұмыс жасап келеді. Бүлдіршіндердің денсаулығын жіті қадағалап, сауықтыруы үшін жұмыс жасайтын бұл мемлекеттік мекеме аптасына бес күн бойы жұмыс жасау тәртібіне 2007 жылдан бері көшірілген.
Санаториялақ бөбекжай 2015 жылдан бері екі топтың қысқаруына байланысты кенттегі №1 «Қызғалдақ» балабақшасының ғимаратымен ауыстыру жұмыстары жүргізілген. Соңғы 8 жылдан бері бөбекжайда 1-5 жас аралығындағы «Ақ көгершін» тобы жұмыс істесе, өткен жылы қазан айында қосымша екінші топ ашылып, қазіргі таңда 40 бала тәрбиеленуде. Бөбекжайда 9 педагог, 14 техникалық қызметкер жұмыс істейді.
Осы аптада балалардың мерекесіне орай «Ақ көгершін» және «Балапан» топтарында «Көк аспанда күн сөнбесін – бірге күлсін бүлдіршін» тақырыбында мерекелік ертеңгілік өткізілді. Мерекелік ертеңгілікте балақайлар ән айтып, би биледі. Олардың өнерін тамашалаған ата-аналар тәрбиешілерге алғыстарын білдірді. Сонымен қатар жеке кәсіпкер Мағрипа Өтепбергенова балаларға арнайы сый жасап, қуанышты еселей түсті. Кәсіпкер жазғы маусымда балалардың шомылуы үшін арнайы хауызды сыйлады.
– Биылғы мереке біздің балалар үшін ерекше көңіл күймен өтті. Тәрбиешілерімен бірге ән айтып, би билеген балдырғандарға сыйлық өте қатты ұнады. Негізінен, бөбекжайда асыраушыларынан айрылған, жалғыз басты аналар, көпбалалы аналардың балалары, учаскелік дәрігерде әртүрлі диагнозбен «Д» есепте тұратын балалар қабылданады. Әрине санаториялық бөбекжай болған соң балаларға жағдай жасалған, балалар алты мезгіл тамақтанады, арнайы күн тәртібімен тынығады, сауығады. Бөбекжаймен тығыз байланыс орнатқан жеке кәсіпкер Мағрипа Өтепбергеноваға айтар алғысымыз мол. Күннің ыстығында балалар осы хауызда шомылатын болады, – дейді бөбекжай меңгерушісі Қарлығаш Байжанова.
Ауласы жасыл желекке көмкерілген, қос қабатты ғимаратта орналасқан бөбекжайдың тыныс-тіршілігі күн сайын тәрбиешілердің бүлдіршіндерді жақсы көңіл-күймен қарсы алуымен басталады.
Мерей ЖАЛҒАСБЕК,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеттің
журналистика мамандығының 1-курс студенті