Балғындардың ордасы – «Қызғалдақ»
«Балалар жылы» аясында аудандағы мектепке дейінгі білім мен тәрбие жұмысын іске асыратын балабақша жұмысымен танысу жалғасуда. Жақында осы мақсатпен кент орталығындағы №1 «Қызғалдақ» бөбекжай балабақшасына ат басын тіредік. Еңселі ғимараттың ауласы аядай ғана. Айналасы жасыл желекке оранған балғындар мекені алыстан көз тартады.
Ауладағы бірнеше самалжайда балдырғандар таңғы астан кейін бой жазып, сергек жүр. Әуеде әсем ән қалықтап тұр. Бүлдіршіндердің жанға жайлы мекенінде барлық жағдай жасалғаны анық сезіледі.
Әрбір ата-ана баласының күн ұзағына қараусыз қалмауы үшін балаларын балабақшаға береді. Балабақша баланың өміріне қауіпсіз әрі мамандардың қолында тәрбие мен білім алады. Ауданда балабақшамен қамту 100 пайыз шешілген. Орын жетіспеушілік жоқ. Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы кез келген ата-ана баласын өз қалауы бойынша мемлекеттік немесе жеке балабақшаға орналастыра алады.
Сонау 1963 жылдан бергі уақытта іргелі мекемеге айналған №1 «Қызғалдақ» балабақшасының тарихы жаңа еңселі ғимаратқа көшуімен қайта жанданды. Кент ішіндегі 1987 жылы типтік жобада салынған №6 «Ботагөз» санаторлық балабақшаны ықшамдау мақсатымен екі ғимаратты ауыстыру жұмыстары жүргізілді. Бұл кенттегі балабақша кезегін болдырмау қажеттігінен туындаған еді. 2015 жылы күрделі жөндеу жүргізіліп, 140 орындық балабақшаға ауысқан «Қызғалдақта» қазір 130 бүлдіршін тәрбиеленеді. Аудан орталығындағы ең үлкен және типтік жобадағы ғимаратқа орналасқан балабақшаны бүгінде тәжірибелі педагог Ғайни Әбенова басқарады. Балабақшадағы «Балапан», «Ботақан», «Құлыншақ», «Таңшолпан», «Бәйшешек», «Жауқазын» атты 6 топқа жас ерекшелігіне орай топтасқан балалар арнайы бағдарламаға сәйкес ұйымдастырылған оқу қызметімен қамтамасыз етіледі.
– Балабақшаның 35 жылдан аса тарихы бар. Білікті басшылар Қазына Жақыпбекова, Құрманкүл Байжан, Қазына Оспанова салған ізгі жолды жалғастырып келеміз. Балабақша құрылған кезден бастап ұзақ жылдан бері еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі тәрбиешілер бар. Олар Райкүл Айкөпешова, Аманкүл Саринова, Маржанкүл Жүніс, Шәрбану Тоқымова, бала күтушілері Ботакөз Шілдебаева, Бақыткүл Емжарова. Тәжірибелі тәрбиешілердің еңбектері ерекше, құрметке лайық. Ал баланың жан дүниесін тәрбиешілерден кем түспей дамытуға атсалысатын шығармашыл бала күтушілер Ағайша Қызылбаева, Гүлмира Дүйсебаеваның еңбегін мақтанышпен айта аламыз. Қызметіне адал бала күтушілер әркез тәрбиешінің жанынан табылып, қолынан келетін істі жоғары дәрежеде атқаруға атсалысады. Ұжымдағы жұмысшы Асылхан Айжанов – нағыз бесаспап маман. Қай жерде көмегі керек болса сонда табылады, уақытпен санаспайды, – дейді балабақша меңгерушісі Ғайни Хайруллақызы.
Балаға ең қажетті нәрсе – уақытылы демалуы мен сапалы тамақтану. Бұл жағынан балабақшада ешқандай кемшілік жоқ деп айтуға негіз бар. Себебі соңғы бір жылдан бері мекемені сапалы тамақпен қамтамасыз етіп отырған жеке кәсіпкер «Алмазияның» иесі Лаура Күйшібаеваның тапсырысқа сай қызметі көңіл қуантады екен. Балабақшаның аспазшысы Жанат Қонақбай балғындардың дәрумендерге бай тамақтануына барын салып, уақытылы жеткізіп беріп отырған жеке кәсіпкер туралы жылы лебізде.
2019 жылдан бері бөбекжайға айналған балабақшаға балалар 2 жастан бастап қабылданады. Осында 5 жасқа дейін тәрбиеленетін бөбектер айналасын танып, қоршаған ортамен танысады. Тілі былдырлап енді шыққан балғындардың тіл мүкістігін алдын алуда 3 жылдан бері логопед маман жұмыс істейді. Жас та болса өз ісінің маманы Азиза Досанова арнайы жасақталған кабинетте балалармен қажеттілігі туындаса жеке сабақ өткізіп, тіл дамытуға, дұрыс сөйлеуге байланысты арнайы бағдарламамен жұмыс жасайды. Балабақша медбикесі Сауина Шатенова тәрбиеленушілердің күнделікті денсаулығын бақылап, ас мәзірінің талапқа сай әзірленуін қадағалайды.
Материалдық-техникалық базасы жасақталған балабақша соңғы 7 жылдан бері күрделі жөндеуден өтпегенімен, биылғы жылы ғимарат табиғи газға қосылып, жылыту маусымын ешқандай кедергісіз аяқтаған. Денсаулық, таным, қатынас, әлеумет, шығармашылық бағытында жұмыс жасайтын тәрбиешілер жаңартылған оқу бағдарламасын негізге алады. Көбіне ойын түрінде өтетін оқу қызметінің барысында ерекше әдіс-тәсілдер қолданылады.
– Биылғы жылы балабақшада «Инновациялық технологиялар арқылы тілдік қызметті дамыту нысандары мен әдістерін жетілдіру» тақырыбында аудандық семинар өткіздік. Семинар барысында тәрбиеші Н.Мақашева, Г.Табынбаева, Ж.Әбсадықова, Г.Арыстанбаева, Г.Наватова, музыка жетекшісі А.Қозбағарова, логопед А.Досанова, психолог Ж.Құдайбергенова сөйлеуді дамыту, таным, құрастыру, шығармашылық бағытында ашық оқу қызметін көрсетті. Оқытудың түрлі әдіс-тәсілдерімен тәжірибе алмасып, семинар қорытындысында барлық тәрбиеші арнайы «Алғыс хатпен» марапатталды. Жалпы балабақша педаготары жаңартылған оқу бағдарламасын меңгеруге байланысты курстардан өтіп, біліктіліктерін арттыруда. Қазір балабақшада 3 сарапшы-педагог, 5 модератор-педагог бар. Жыл сайын жылдық жоспарға сәйкес мерекелік іс-шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылады. Балалардың шығармашылықпен айналысуына, өнерге баулуда тәрбиешілер ізденіп, жаңа әдістерді пайдаланады, – дейді балабақша меңгерушісі.
Ізденімпаз тәрбиешілердің арасында Г.Наватова «Тәуелсіздіктің 30 жылдық» мерекелік медалімен, облыстық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының «Құрмет грамотасымен», аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталуы – бүкіл ұжымның жетістігі. Балабақшада ұзақ жылдан бері қызмет етіп келе жатқан педагог-психолог Ж.Құдайбергенованың сіңірген еңбегі де мақтауға лайық. Ол бүкіл педагогикалық ұжымның жұмысын үйлестіріп әрі балабақшаның қоғамдық жұмысын – кәсіподақты басқарып отыр.
Бөбекжайдың жұмысын жандандыруда ата-аналармен тығыз қарым-қатынас орнаған. Әрбір баланың ата-анасымен сауалнама жүргізіліп, нәтижесінде алдағы уақыттағы жұмыстың жоспары нақтыланады, одан әрі жетілдіріледі.
Жақында оқу жылының аяқталуына орай балабақшамен қоштасу мерекелік іс-шарасы өтті. Биылғы жылдың 27 түлегі сүйікті тәрбиешілеріне арнап тақпақ айтып, өнерлерін ортаға салды. Ата-аналар да балабақшаның ұжымына риясыз алғысын айтып, тілектестіктерін білдіруде.
– Кенттегі №1 «Қызғалдақ» балабақшасына барлық балаларым келді. Кішкентайым Балқадиша да жақында балабақшамен қоштасты. Әрине, тәрбиешілерге, барлық апайларға алғыс айтамын. Мектепке дейінгі тәрбиені алып, баламның ой-өрісінің дамуына еңбектері сіңді. Балабақшада барлық жағдай жасалған. Ай сайынғы төлем де қалтаға салмақ түсірмейді. Уақытылы тамақтанып, демалып, күтімде болды. Енді біз мектепке барамыз, көп рақмет, – дейді кент тұрғыны И.Жамұратова.
Осындай жылы лебізді 4 баланың анасы Г.Наурызбаева да білдірді. Кенже қызы Алтынай кішкентайынан осы балабақшаға келеді. Қазір аяқтанып, мектепке баруға дайын. Ол үшін балабақша ұжымына, тәрбиешілері Гүлнәз Наватоваға, Нұргүл Мақашеваға айтар алғысы мол.
Иә, балаларға ерте жастан тәрбие мен білім беріп, қоғамның ертеңгі болашағын елжанды азамат етіп тәрбиелеуге атсалысып жүрген тәрбиешілердің еңбегі зор. Кішкентай жетістікке бала секілді қуанып, жаңалықты жақсылыққа балайды. Биылғы көктемде қанша жылдан бері ескірген самалжайлар жаңарып қалғаны ұжым үшін үлкен қуаныш. Жақында балалардың игілігі үшін берілетін су жаңа планшеттердің де қаржысы шешілген. Алдағы уақытта балғындар жаңа технологияның көмегімен жаңартылған оқу мазмұнын игеретін болады.
Бибісара ЖАНӘЛІ