Туған жерге жеңіспен!
Алматыда ұлы ақын, ұстаз, қоғам қайраткері Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналған «Алаштың сөнбес жұлдызы» республикалық шығармашылық байқауында Қызылорда облысы бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры филиалының қызметкерлері жүлделі орындарға ие болды.
Жеңімпаздарды туыстары, достары және Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы филиалдарының ұжымдары құрметпен қарсы алды.
Шығармашылық байқау ҚР тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында өткізілді. Ұйымдастырушы – Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы.
Шығармашылық байқауға еліміздің барлық өңірлерінен 60 медицина қызметкері қатысты. Марапатталғандар қатарында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалының қызметкерлері де бар.
«Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығы» номинациясы бойынша 2-дәрежелі дипломмен медициналық көмектің сапасын бағалау және шарттық міндеттемелердің мониторингі бөлімінің бас сарапшысы Талғат Көшекбаев марапатталды.
Талғат Дамирұлы байқауға Түркістан қаласында түсірілген бейнероликті ұсынды.
«Түркістан киелі жерде қазақтың ұлы ақыны, қоғам қайраткері Мағжан Жұмабаевтың «Түркістан» өлеңін оқыдым. Бір ғасыр өтсе де, оның шығармашылығының шырағы ешқашан сөнбейді. Ақынның ең асылы – Отан, ана, ана тілі, махаббат және барша барлық тіршілікке ұқыпты қарау туралы алтын сөздері. Қолдау көрсеткен туыстарым мен әріптестеріме мың алғыс!», - деді Талғат Көшекбаев.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасымен медициналық көмекті жоспарлау, орындалуын талдау және болжау бөлімінің бас сарапшысы Нұрболат Абатов марапатталды. Қор филиалының талантты қызметкері Алаш зияларына арнау өлеңін жазды.
«Онлайн форматта бейнероликті жолдадым, онда Алаш зиялыларына арналған өз өлеңімді айттым. Қор филиалының директоры Бақыт Исмаханбетов үлкен көмек көрсетті. Бақыт Торғайбайұлы рухани құндылықтары жоғары тұлға, бізге үлгі. Байқауға жібермес бұрын басшымызға өлеңімді көрсеттім. Ол өз түзетулерін жасады. Ұжымға қолдау көрсетіп, жылы қарсы алғаны үшін рақмет!», - дейді Нұрболат Абатов.
Айта кетейік, бұл Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры филиалының қызметкерлері жеңіске жеткен алғашқы шығармашылық байқау емес.
Нұрболат Абатов «Елтаңба елдігімнің айғағы» облыстық жас ақындар мүшәйрасында, Қазалы ауданы ақындар мүшәйрасында жүлделі орындарға ие болған.
Талғат Көшекбаев облыстық Абай оқуларында, «Мұқағали және муза» мәнерлеп оқу байқауында, Қызылорда қаласының 180 жылдық мерей тойында «Дарияның жағасында қала бар» атты ақындар мүшайрасында жүлделі орындарға ие болған.