Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыр спортының сұлтаны

Сыр спортының сұлтаны

Көгалдағы хоккейден Қызылорда облысы құ­рамасының аға бапке­рі қызметін абыроймен атқа­рып, өмірінің соңғы күніне дейін спорт саласын дамы­туға күш салған Сұлтан­бек Қобландиннің есімі ау­данымызға ғана емес, ай­мағымызға, елімізге белгілі. Сыр спортының сұлта­ны атанған – Сұлтекеңді біл­мейтін жан кемде-кем еді. Ол нағыз спортшы, спортшы­ болғанда да сайыпқыран спортшы болатын.

Есімі құрметпен аталатын азаматтың көзін көріп, бірнеше рет үлкен қалаларға барарда сапарлас болып, әңгімесін тың­дап, сұхбат құрып, ағалы-інілі сыйлас бол­дық. Етене жақын араласқан кезіміз бертін келе қалыптасса да біз Сұлтекеңді бала күнімізден құрмет тұтып, қадірлейтінбіз. Нағыз спортшыға тән қимылы мен іс-әрекетіне көзіміз тойып, сырттай қызыға қарайтынбыз. Ерекшелігі сол, Сұлтекең қашан көрсеңіз де қарапайым болмыс-бітімімен, жайдары мінезімен, алға ұмты­лысымен өзгелерден дараланып тұратын. Сол қасиетімен де қадірлі, сыйлы еді. Саналы ғұмырын спорт саласына арнаған азамат өмірден де сол қадірлі, сыйлы, құрметті қалпыңда өтті. Әрине, күні ке­ше арқасүйер аға болып, соңынан ерген жүздеген шәкіртке пана болып жүрген азамат туралы өткен шақта ой сабақтап, естеліктерді жаңғырту оңай емес.

Есімі тарихта алтын әріптермен жазылатын азаматтардың да өмірі қызықты, ерекше болады. Сұлтанбек ағамыздың да өмі­рі сондай ерекшеліктерге толы. Ағамыз бірде «Үш ұйықтасам да Вахшта ойнаймын деп ойлаған жоқпын, Алматыға аяқ­ас­ты ауыстым» деп әңгімені әріден бас­тады. Біз елең ете қалдық. Бәріміз жа­па­тар­мағай жамырап, тереңөзектік кө­­гал­­дағы хоккей командасы айтылса, Сұлтекеңнің де есімі қатар айтылатынын айтып, жеке тарихы жөнінде әңгіме­леуді сұрадық. Сабырлы Сұлтекең әдетте­гідей жылы жымиып алып, сөз сабақтады.

Айтуынша, сонау 1977 жылы Тереңөзектегі қасиетті қарашаңырақ – қазіргі №35 Иса Тоқтыбаев атындағы ірге­лі білім ордасын тәмамдап, Душанбе қаласындағы «Дене шынықтыру және спорт» институтына оқуға түсіпті. Бұл жаққа келуі де бекер емес. Тереңөзектің төл перзенті Жақсылық Аяпов сол жақта қызмет етіп, ауылдағы көзінде оты, көңілінде жалыны бар жастарға қолдау көрсеткен. Сұл­те­кеңнен бір жыл бұрын мұнда есімі сырдариялықтарға етене таныс Төлеген Бикенов білім алыпты. Соны білген, ес­тіген жас жігіт Жақсылық ағасын паналап, Душанбеде оқуға бел буады. Әрине, өзінің де еңбегі бар. Маңдайын күн, табанын құм сүйген ауыл баласы оқушы кезінен бас­­тап жазды күні достарымен бірге футбол ойнап, күнделікті жаттығып, жүгірсе, қыс мезгілінде «Соркөл»-дің табанында доп­таяқ додасының көрігін қыздырып, спорт­қа құмар болып өседі. Сол бала күнгі құлшыныс, алға ұмтылыс оны биікке же­теледі. Институтқа түскен бойда оқу орны жанынан ашылған «Скиф» деген көгалдағы хоккей команда­сына жазы­лып, көзге түседі. Ептілігін аңғарған жаттықтырушылары ерінбейтін елгезек жігітті көп ұзамай-ақ «Вахш» деп аталатын Тәжікстан құрама командасына шақыртады. Бұл екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Сұлтекең алғашында жү­рексінгенімен қуана келісіп, сол кезде І лигада ойнайтын құраманың жоғары лига ойындарында бақ сынауына үлкен үлес қосады. Кішкентай Тереңөзектен шыққан қарадомалақ бала «Вахш»-тың белді ойыншысы ретінде үлкен белестер­ді бағындырып, Одақтың біраз жерін ара­лап, танылып та қалады. Бұл оның үл­кен спорттағы ең алғашқы, ең басты же­тістіктерінің бастауы еді.

Қазақы ортада өскен азамат қай тарапта, қай талапта жүрсе де туған жерін еске алып, қасиетті Тереңөзекті са­ғынып жүретін. Ел дегенде шығар жа­ны бөлек-тін. Сол кездері туындылары қолдан-қолға өтіп, оқырман қауым ара­­сында зор абыройға ие болған ақын Жарас­қан Әбіраштың «Тұрған жерін елдің аста­насы да, Туған жерін сенің ғана астанаң» деген жолдары бар өлеңін жиі оқитын. Туған жерін сағынған Сұлтекеңнің бұл ойы бірде оның таңата түсіне енеді. Ол түсті жақсы­лық­қа жорып, болашақта Тәжікстан құрама командасының сапында емес, Қазақ­стан құрама командасының сапында өнер көрсетіп, туған елдің абыройын асқақ­татарына іштей сенеді. Сол сенім оны нақты мақсаттарға жетеледі. Ал, мақсаты айқын, сенімі нық азаматтың арманы әп-сәтте орындалды. Ол кезде оқу-жаттығу жиындары Самарқанд қаласында өтетін еді. Бір жылы Самарқандқа Алматының «Динамо» командасы жаттығуға келді. Команда бапкері Эдуард Айрих деген кісі екен. Ол Сұлтекеңді сырттай танып, білсе керек, көрген жерде бірден: «Сұлтанжан, Алматыға кел, қазақсың ғой, оқуыңды ауыстыруға өзім көмектесемін» деп айтады. Айтылған сөз – атылған оқ. Азамат екі сөйлемейді, бапкер бәрін терең түсінеді. Сұлтекең де бірден келісіп, 1982 жылы Эдуард Айрихтің қолдауымен оқу­ын Алматы дене шынықтыру және спорт институына ауыстырып, алматылық «Дина­моның» сапына қосылады. Бұл кезде Алматы «Динамосы» – көгалдағы хоккейден 2 рет Еуропа кубогын, 19 рет КСРО чемпионы атағын алған атақты команда еді. «Динамо»-ның дүркіреген атағынан-ақ доптаяқ додасының дүлділдерінің ордасы екенін аңғаруға болады. Сол бақ Сұлтекеңе де қонды. Оның аты осы команда сапында жүріп те жақсы жағынан шыға бастады. Жаттығу залына елден ерте келіп, жұрттан кеш қайтатын Сұлтекеңнің өмір жолы әрі қарай Отан ал­дындағы әскери борышын өтеумен, әс­керде жүріп СКА спорт клубында ойнауымен, кейін Украинаның «Васелкова» коман­дасынан шақырту алуымен жалғасты. Бі­рақ, ол шақыртудан бас тартты. Оған аяулы анасының бір ауыз сөзі түрткі болды.

Ана жүрек баласы үшін қашан да алаңдаулы ғой. Жан берісіп, жан алысатын үлкен ойындарда баласы үшін бәйек болып, алаңдайтын анасы көп жыл «Іңкәрдария» совхозында қара жұмыс істеген жары Ибрагимнің жоқтығы жанға батса керек, ұлының көз алдында жүргенін қалап: «Доп қуып жүре бересің бе, ауылға қайт, үйлен, ер – туған жеріне…», – дейді. Ана сөзі – заң. Сұлтекең бірден шешім қабылдап, 1986 жылы ауылға қайтады, үйленіп, отбасылық өмірге қадам басады. Бұл өзі қиын кезеңдер еді. Кеңестер одағы құлдырап, жер-жерде дүмпу болып, саясаттың салқыны үлкен-кішіге, ауыл-аймаққа сезіліп тұрған шақ еді. Бұл кездер туралы көзі тірісінде Сұлтанбек Қобландин «Менен бұрын ауылға оралған Төлеген Бикенов бейімді жастарды жиып, көгалдағы хоккей командасын жасақтапты. Бұрын ол кісі де «Вахшта» ойнаған болатын. Төкең­нің бір жағында жүріп, сүйікті ісіммен айналыстым. Бірақ, 1990-жылдан кейін команда тарап кетті. Ақша жоқ, «ораза, намаз тоқтықта» демекші, жұмыс жоқ, ақша жоқ, жұрт ойынды қайтсін. Содан 2000 жылға дейін өзім оқыған мектепте денешынықтыру мұғалімі болдым. Зайыбым Сапура да мектепте ағылшын тілінен сабақ берді. Күнкөріс қамымен әр жақтан әр нәрсе әкеліп үстеме бағасына сатып та жүрдім» деп тебірене айтқан еді. 1999 жылдың соңында аудан әкімі ауысып, басшылыққа Әріп Хожбанов келмегенде сайыпқыран спортшының өміріндегі бұл жағдай жалғаса берер ме еді...

Әріп Битілеуұлы аудан тізгінін қолға алған бойда спорт саласына ерекше көңіл бөлді. Ауданның жаңа басшысы спорт залға, стадионға жиі келетін-ді. Бұл әкімнің бір жағы жалпыны саламатты өмір салтына үндеуі болса, екіншіден ел-жұртпен жақын араласуды жөн көргенінен болар. Оның үстіне өзі де спортты жақсы көретін еді. Сұлтекең бірде әкімдіктің бөлім қызметкерлерімен, мектеп мұғалімдерімен бірге футбол ойнайды. Тартысты, жақсы ойын болады. Ертеңіне аудан басшысы Сұлтекеңді қабылдауына шақырады. Бұл оқиғаны да бізге Сұлтекеңнің өзі айтып берген болатын.

«Аудан басшысы мен туралы сыртымнан сұрап біліпті. Бірден аудандық спорт бөліміне жұмысқа қабылдады. «Қандай мәселе бар?» – деп сұрады. Көгал­дағы хоккей командасында бұрын ер балалар ойнағанын, енді қыздар командасын жасақтағым келетінін, бірақ қажетті құрал-сайманнан құралақан қал­ға­ны­мызды айттым. «Ештеңеге алаңдамай іске кіріс. Алматыға бар да, керек-жарағыңды алып қайт, ақша тауып беремін», – деді Әріп аға. Аудан басшысы қамқорлық танытып, дем беріп тұрған соң іске кірісіп кеттім. 2001 жылы қыздар командасы құрылды. Бұл спорттың ауданда бұ­рын­нан ізі бар, сондықтан қыздар аз уақытта ойын өрнегін көрсете бастады. Коман­даға сол кезде аудандағы барлық шаруа­шылықтың ауырын арқалап, жүгін жеңілдеткен «Шапағат-Лимитед» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігі қаржылық қолдау жасап отырды. Осы жылы Қазақстан қыздар құрама командасымен бірге Францияда өткен әлем чемпионатына бардым. Құраманың бас бапкері Саян Шәймерденов «Қыздар командасын құрып жатырсың, тәжірибе жинап қайтасың» деген-ді. Бұл сапарыма мұнай компаниясы демеушілік жасады. Осының бәрі, әрине, сол кездегі аудан басшысының қолдауымен, спортшыларға деген жанашырлығымен атқарылып жатты, – деген еді Сұлтанбек аға.

Өткен күн – тарих. Ал, тарихты тұлғалар жасайды. Талай додаларда топ жарып, Сырдария ауданының ғана емес Сыр өңірінің, Қазақстанның абыройын асқақтатқан команданың тарихи негізін қалаған Әріп Хожбанов екенін бүгінде мақтанышпен айтамыз. Сол кездегі аудан басшысының ерекше қамқорлығымен команда жеңіс туын желбіретіп, елдің намысын абыроймен қорғады. Ә.Хожбанов ауданды басқарып тұрған төрт жыл ішінде тереңөзектік қыздар командасы екі рет республика чемпионы атанды.

«Қорқақтар хоккей ойнамайды» деген сөз бекер айтылмаған. Ептілік, батылдық, тез шешім қабылдау – қайқы таяқпен «қылыштасқан» әр хоккейшінің басты ұстанымы. Бұл спорттың ерекшелігі сол ойыншылар футболдағы сияқты бойын тік ұстап жүгірмейді. Еңкейіп жүріп, екі көзімен кішкентай допты қуалап, атой салады. Сол кішкентай доп әп сәтте оқша зырлайды, адамның бір жеріне тисе, аттан құлағандай жығады. Алаң да футбол стадионынан кішкентай, сондықтан барлық ойыншы бір мезгілде үнемі қозғалыста болады. Жеңіс үшін жан-жақтан анталағандар қас қағым сәтте кеудеңнен қағып түсуі де әбден мүмкін. Ал, мұрттай ұшып, қақ шекеңе қайың ағаш тисе, қайтып қатарға тұруың екі­талай. Осының бәріне төтеп беріп, жеңіс­тің жарқын жолында ойқастаған тереңөзектіктер талай мәрте елдің мерейін өсірді. Нәтижесінде, 2006 жылы ауданда ерлер командасы құрылды. Сол кездегі облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы, қазіргі облыстық мәслихаттың депутаты Садық Мұстафаев команданың аяққа тұруына көп қолдау көрсетті. Сырдариялықтар сенімді ақтады. Сол жылы-ақ ҚР біріншілігінде I орын иеленді. Мұнан кейінгі ҚР Кубогін 4 рет алып, Қазақстан чемпионы атанды. 2011 жылдан бастап Сұлтекең көгалдағы хоккейден Қазақстан ерлер құрама командасының аға жаттықтырушысы қызметін қоса атқарды. 2013 жылы сол кездегі облыс әкімі Қ.Көшербаев көгалдағы хоккей спортын дамыту үшін спортшыларды түрлі халықаралық жа­рыс­тарға және оқу-жаттығу жиын­дарына қатыстыру, материалдық-тех­никалық базаны жақсарту мақсатында «Сырдария» кәсіпқой көгалдағы хоккей спорт клубын құруға ықпал етті. Осы қамқорлықтың арқасында қазіргі күні хоккейшілердің бәрі айлық жалақы алатын болды. Өмірден көргені мен түйгені мол С.Қобландин мұны әркез айтып, азаматтардың қолдауын үлгі етіп жүретін.

Сұлтекең бастаған, баптаған қыз-жігіттер 2013-2017 жылдар арасында республикалық барлық турнирде тек І орын алып келді. 2014 жылы Ресейдің жоғары лигасында өнер көрсетіп, І орын иемденді. Осы жылы жерлестеріміз Азия кубогінің чемпионы атанды. Құраманың он екі мүшесі «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағының талабын орындады. Мұнан бөлек «Самара кубогі» халықаралық турнирінде ерлер командасы I орынды иеленді. 2018 жылы индор хоккейден республикалық турнирде ерлер командасы да, қыздар командасы да І орынды жеңіп алды. 2018 жылы Ресей Федерациясының көгалдағы хоккейден Жоғары лига ашық чемпионатында ерлер командасы тағы да І орынды олжалады. 2019 жылы құрама Азия кубогын иеленгенде, команда сапында ойнаған 18 ойыншының 9-ы тереңөзектік ұландар болды. Жалпы біздің тереңөзектік командадан 20 жылда 129 спорт шебері, 15 халықаралық спорт шебері шығыпты. Мұның бәрі Сұлтекеңнің ұзақ жылғы еңбегі мен маңдай терінің жемісі еді. 2020 жылы абырой биігіндегі білікті бапкерге «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағының берілді. Ол кезде аудан басшысы Руслан Рүстемов еді.

Бірде Руслан Рүстемұлымен екеуара әңгіме барысында Сұлтекең туралы айттым. Аудан басшысы Сұлтанбек Қобландинді бұрыннан білетінін айтып, Сыр спортын дамыту бағытында сіңірген ең­бегін жоғары бағалады. Сөйтіп ол кісіге «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағы берілсе деген ұсынысымды білдірдім. Бұл ұсынысты қолдаған Руслан Рүстемұлы құжаттарын рәсімдеп, комис­сияға ұсынуды тапсырды. Ол кезде «Жастар рухы» Жастар қанатының атауы «Жас Отан» еді. Мен «Жас Отан»-ның аудандық бөлімшесінің жетекшісі ретінде аудан жастарының атынан аудан әкіміне ұсыныс түсіріп, кейін ол ұсыныс комиссияда мақұлданып, жылдың қорытындысымен С.Қобландинге «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Қазір ойлап қарасам, бұл марапатты күні кеше арамызда жүрген Сұлтанбек Қобландин дер кезінде алған екен. Сол марапат берілмей қалғанда бүгінде көңілімізді өкініш кернеп, ол өзекті өртейтін де еді. Сөз жоқ, Сұлтекең ол атаққа әбден лайық­ты еді және оның еңбегі лайықты бағаланып, дәріптелді. Осы ретте КСРО чемпионы, «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушысы атанған С.Қобландиннің 2011 жылы VII қысқы Азия ойындары эстафетасының алаугері болғанын айтпай өту мүмкін емес. Бұл да екінің біріне бұйырмайтын бақ еді.

Спортта биік шыңды бағындырған азамат отбасында да ардақты әке, асыл жар, мейірімді ата бола білді. Өмірлік жары, білім беру саласының майталманы Сапура Мәтібаевамен бірге Дәурен, Қарлығаш, Аружан есімді ұл-қыздарды тәрбиелеп өсірді. Олардың бәрі бүгінде ата-ана үмітін ақтап, өмірден өз орындарын тапты. Ауданға, облысқа белгілі Қобландиндер әулеті Сұлтекеңнің есімі мен еңбегін насихаттау мақсатында еске алу іс-шараларын өткізу, турнирлер ұйымдастыру, заңдылыққа сәйкес көше атауын алу бағытында нақты жұмыстарды атқара бермек. Бұл жұмыстарға аудан әкімдігі қолдау көрсетері анық. Өйткені, Сыр спортының сұлтаны атанған – Сұлтанбек Қобландин барлық құрметке лайықты азамат.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
16 мамыр 2023 ж. 169 0