Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ардагерлерді ардақтайық: майдангерге құрмет көрсетті

Ардагерлерді ардақтайық: майдангерге құрмет көрсетті

«AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай партияның аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлымен бірге Ұлы Отан соғысының ардагері Яхия Тасыровты Жеңіс күні мерекесімен құттықтап, құрмет көрсетті.

Майдангерге «AMANAT» партиясының құттықтау хаты мен сый-сияпаты табысталды.

– Ұлы Жеңіс... Елдің рухын аспандатып, жанқиярлық ерлік пен жасампаз елдіктің символы болған бұл ұғым – ұлтымыз үшін қасиетті де қастерлі. Батыр бабаларымыз Отан қорғау шебінде ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, бізге бейбіт күнді аманат етті. Миллиондаған боздақтар майдан даласында шейіт болса, елге жеңіспен оралған сарбаздар ел еңсесін тіктеу ісіне белсене араласты. Ал, тылдағы тауқымет пен қиындықты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бірақ, ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды... Жүректерге жара салып, көңілдерді құлазытқан сұрапыл соғыс ел тарихында өшпестей болып таңбаланып, батыр балаларымыздың рухы, ерлігі, еңбегі ұрпаққа үлгі һәм ұран болып қала бермек, – деді Жандос Нұртайұлы.

«AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы ерліктің, Отансүйгіштіктің баға жетпес үлгісін көрсеткен майдангерлерге құрмет көрсету, бас иіп, ұлық тұту – қастерлі парыз екенін атап өтті.
– Расында да Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Талай боздақ қыршыннан қиылды, хабар-ошарсыз кеткендер қаншама. Ерте солған гүл мен отқа оранған армандарда есеп жоқ. Тіпті, қазақ елінде соғыс өрті шалмаған, қара қағаз алмаған отбасы жоқ десек те болады. Ең өкініштісі, майдангерлердің қатары жыл санап сиреп барады. Қызылорда облысы бойынша бүгінде көзі тірі бір ғана ардагер бар, ол соғыс және еңбек ардагері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы, Қызылорда облысының Құрметті ардагері Яхия Тасыров. Майдангер бүгінде 104 жасты бағындырып, елдің құрметі мен қошеметіне ие болып, абыз ақсақал, қазыналы қария, батагөй қарт болып төрімізде отыр. Мың, алғыс, Сізге, майдангер!, – деді партияның облыстық филиалының төрағасы.

Өз кезегінде даңқы майдангер Яхия Тасыров көрсетілген құрмет пен ілтипатқа шынайы ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді. Сонымен қатар ел сенім артқан, халық қолдаған «AMANAT» партиясының бастамалары мен жұмыстарының жемісті болуына тілектес екенін айтты.

07 мамыр 2026 ж. 897 0