Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бермесе де бай жақсы

Бермесе де бай жақсы

Әлемде небір байлар болған. Байлардың тағдырына қарап отырсақ, ажалдың қорқынышынан ақшаның қорқынышы басым екен ғой деген ойға амалсыз тірелесің.

1929 жылы болған аса ауыр экономикалық дағдарыстың тек алғашқы үш күнінің өзінде  «төрт жағы түгел» 210 бай өз өмірімен қоштасуды құп көріпті. «Қара бейсенбі» деген атпен тарихта қалған сол күндерде Уолл Стриттегі заңғар ғимараттардың терезелерінен банкроттыққа ұшыраған брокерлердің өз-өздерін жерге тастағаны туралы аңызға бергісіз небір әңгімелер бар.

Оларды қоя тұрайық, өзіміз куә болған ғаламдық дағдарыс кезінде де бірнеше миллиардердің жәһаннәмға «жаназа шығарылмайтын жолмен» аттанғанын еске алсақ, ақшаның қорқынышы туралы ойлар мазалайды.

Соның бірі – фармацевтикамен айналысатын Адольф Меркле деген  неміс миллиардері екен. Атақты бай «Форбс» журналының есебінше, 2008 жылы әлемдік тізімнің 98-ші орнында тұрған. Меркленің қол астында 70 мыңнан астам адам жұмыс істеген. Осылайша жылдық ақша айналымы ондаған миллиард доллармен бағаланатын өндірістік империяның қожайыны ретінде дәуірлеп тұрған миллиардер қор рыногы күйреген бір күнде 1 млрд евродан айырылған. Ақыры сол ғой…
Ирландиялық белгілі бизнесмен Патрик Рокканың 500 миллион евросы сақтаулы тұрған банк күйреп, байлығы суша ағып кеткендіктен жүйке жүйесі жүлгеленіп, «бізге енді жердің үстінен асты жақсы» депті. 
«Бай қалтырауық келеді» дейді қазақ. Тарихта ең бай миллиардерлердің өзінің қара бақыр, соқыр тиын санап жүретініне мысалдар аз емес. ХХ ғасырдың ең бай әйелдерінің бірі Генриетта Хоуленд Грин 1916 жылы қайтыс болған. Артында ақшалай 20 миллиард доллары қалған. Ол Чикагодағы тұтас кварталдардың қожайыны болса да, өмір бойы ең арзан пәтер жалдап тұрған.
Мына бір жағдай тіпті ерсі. Америкалық жас актриса Уэнди Доркас 90-ға келген миллионерге күйеуге тиеді. Махаббат емес, мақсатын түсініп отырсыз ғой. Бір жылдан соң ауру шал көз жұмады. Адвокаттар қарттың қалдырған өсиетін оқығанда, актриса есінен танады. Қырсық шал 64 миллион долларын Макси деген итіне мұраға қалдырыпты. Заңнан аттамайтын сот мұраны салпаңқұлақ итке тиесілі деп шешеді. Байлыққа көзі байланған әйел осынша ақшаны итке тастасын ба, төрт аяқты Максиге тұрмысқа шығады. Әлеуметтік желілерде жануарлармен жанұя болып жататын (отбасы емес) осындайларды көргенде «ақымақ» деп қоя салатынбыз. Сөйтсек, оның астарын білмейтін біз ақымақ екенбіз. Сонымен, әйел мен иттің некесін қиюға тура келеді. Иттің құжатын тастай қылған шал өлерінде оны АҚШ азаматы ретінде тіркетіп, салық төлеп тұратын қылыпты. Әккі әйел сорлы Максиге у беріп өлтірді ме, әлде ажалынан өлді ме, әйтеуір төрт аяғы төрден түспеген «АҚШ азаматы» өлген соң, бар  байлықты иеленген. Ал, шашы қысқа, «ақылы ұзын» бұл әйелдің ақыреті қалай болады, оны бір Құдай біледі.

Тізбелей беріп қайтеміз, өлгеннің артынан жаман сөз айтпайтын қазақтығымызды қайтеміз. 

Шіркін, өзіміздің байларға не жетсін! Үйі жоққа үй беріп, күйі жоққа күй сыйлап жүрген қазақ байларының жомарттығы – олардың ата-анадан көрген өнегесі мен қазақы тәрбиесінің жемісі. Қасиетті кітаптарда да садақа беру мен қайырымдылық жасау ісі байлардың байлығын еселей түседі дейді. Қазақ сараң байларды «шық бермес», «байлық ия тасқа бітеді, ия насқа бітеді» деп өлтіре сынайды. Ал, қайырымды  байларды «Атымтай жомарт» деп жақсы көреді, «қолы да, жолы да ашық адам» деп дәріптейді.
Біздің халқымыз дүние байлығынан рухани байлықты жоғары қояды. Алайда, рухани байлықты жасау жолындағы материалдық байлықтың рөлі үлкен екенін де жақсы біледі.  Абайдың «сұлу аттың көркі – жал, адамзаттың көркі – мал» дегенін немесе  Бұқар жыраудың «шүлдірлеген қызыл тілден не пайда, алдыңа салып айдаған малың болмаса» дегенін осы тұрғыдан түсінген абзал.

Мұны қазақтың бұрынғы өткен байлары да жақсы түсінген. Олар өз руының жағдайын жасай отырып, тепе-теңдіктің бұзылмауын ойлаған. Адам мінезінің көркемдігі, жомарттығы, пейілінің кеңдігі, барлығы – байлықтан, яғни, байлық адамның көңілін тойдырады. Көңілі тоқ адам айналасына шапағат-нұр төгуге әзір тұрады.

Қазақ «жемесең де май жақсы, бермесе де бай жақсы» деген бір ғана мақалымен бай адамның болмысын анықтаған. Өйткені байлыққа әркімнің қолы жетпейді, бай болу кез келгенге бұйыра бермейтін бақ дегеніміз дұрыс шығар. «Кім батыр болғысы келмейді – жүрегі дауаламайды, кім бай болғысы келмейді – Құдайы қаламайды» дегенді қайда қоямыз.

Кешегі кеңес үкіметі байларды жау қылып көрсетті. Сол байлардың бір ауылдың, бір рулы елдің жағдайын жасап отырғанына ой бойлата алмады.
Халқымыз байлықты Алла Тағаланыкі деп түсінген. Сондықтан байлар Құдайдың сүйікті құлы болуы үшін жан-жағына, туған-туыстарына көмек беріп, жетімді жылатпай, жесірді қаңғыртпай қарасып отырған. Осылай үйлесімді өмір сүргендіктен, қазақ қоғамында «құл» деген түсінік болмаған. Байдың малын баққандар өз малым деп есептеген. Себебі басына күн туса, оған қол ұшын беретін де сол бай болған. Бай болу үшін адамға биік парасат, терең ақыл керек. Еңбегімен, ақылымен мал жиған байлар бар дүниесінің бір бөлігін жылына бір рет таратып берген. Оны «шүлен тарату», «байдың тасуы» деп атаған.  

Ауыл-ауылды аралаған ақын-жыршыларды, сал-серілерді бай адамдар айлап қонақ қылған, «сөз ақысына» алдарына мал салып берген. Соның арқасында ел-жұрт ән-жырға қаныққан. Рухани азық алған. Адамның әлеуметтік жағдайы бірінші орында тұрады. «Қанша шешен болса да, дауға салма малсызды, қанша батыр болса да жауға салма жалғызды» деген бар. Ауылдың беткеұстар азаматтарына артынан ерген руластары мен ауылдың байлары демеу көрсетіп отырған.

Байлар бұл әрекеті арқылы өздерінің тектілігін танытқан. Өйткені руханияттан өзі ғана емес, халқының да сусындап өсуіне де мүмкіндік жасаған. 

Біздің ортамызда жүрген бүгінгі байлар да сол бір рухи болмысы берік ата-бабалардың дәстүрін жалғап келеді.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
07 мамыр 2023 ж. 105 0