Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Алып күш иесі

Алып күш иесі

Қажымұқан Мұңайтпасов – қазақтың атын әлемге танытқан палуан. Күш атасы күрестің сан алуан түрін меңгеріп, әлемнің небір сайып­қырандарын тізе бүктірген. Әлем чемпионы деген атағы бар ұлтымыздың мақтанышы дүниенің төрт бұрышын аралап, 50-ден аса медаль жеңіп алған. Биыл алып күш иесінің туғанына – 150 жыл. Сондықтан оқырмандар назарына палуанның өмірі мен қызықты өмір өткелдері, жүріп өткен жолы, жетістіктері туралы айтуды жөн көрдік.

Қажымұқан Мұңайтпасұлының арғы аталары қыпшақтан тарайды. Оның атасы Ернақ заманында талайды қара күшімен тамсандырған ерекше күш иесі болған деседі. Немересі Қажымұқанға қазақша күресті алғаш үйреткен де осы атасы екен. Ал анасының әкесі, яғни нағашысы да палуандықтан құр алақан болмаған. Оның күштіліктігі сондай, тіпті тамыры тереңге кеткен ағашты жұлып, темірді екі бүктеп тастайтын қара күші болған. Қажымұқанның әкесі Мұңайтпастың да төңіректе «жуанаяқ палуан» деген аты қалған.

Міне, осындай әулеттің ұрпағы бала кезінен қара күшінің арқасында ерте танылған. Бала Мұқанның жоқшылықтың дәмін татып, байларға жалданып жұмыс істегені белгілі. Аңыз әңгімелерде бала палуан батпаққа батып қалған өгізді өзі тартып шығарып алғаны айтылады. Тағы бір ел есінде қалған оқиға байдың жалшысы болып жүрген Мұқан ат арбамен шөп әкеле жатқанда әлсіреген жануарды шөптің үстіне салып алып, арбаны өзі сүйрегені. «Бала палуан» деген атпен танылған күш иесі шын мәнінде жарыс алаңына есейген шағында шыққан. Палуан алғашқы жетістігіне 34 жасында қол жеткізген. Қытайда өткен жарыста Мұқан алғаш алтын медалін, «чемпион» атағын алған.

Тарихи деректер бойынша дүниежүзілік жарыста қазақтың атын шығарған Қажымұқан Алмания, Швеция, Еуропа, Оңтүстік Америка қалаларында олжалы ойын көрсетті. Әлем чемпионы атанған алғашқы қазақ небір алыптардан басым түсті. Сондай жекпе-жектің бірі – жапон палуанымен күрес. Осы күресте Саракики есімді палуан қазақтың палуанының құлағы мен ернін тістеп алып, жарақаттайды. Сонда да қайтпаған алып күш иесі Мұқан жапондықты жерге ұрып, құлатады. Осы сайыстан соң жапон палуаны қайтыс болғандықтан, басқа палуандар қазақтың палуа­­нымен кілемге шығуға қорқып қалады. Бұл жайында орыстың әйгілі палуаны Николай Турбас: «Біздің арамызда дене бітімі және күшімен қазақ палуаны Қажымұқан ерекше. Оның иығы кең, орасан зор күш иесі болды. Палуандардың көбі одан қорқатын және күрескісі келмейтін» деп естелік айтқан екен.

75 жасында 174 келі тартқан теңдессіз күш иесі салмағы 450 келі болатын сейфті арқасына салып арқалап, ғимараттың екінші қабатына көтерілген деген аңыз да бар.

Қазақтың палуаны әлемге көптеген лақап аттармен танымал болған. Мәселен, «Қара Иван» атын «төрт Иван» – Иван Поддубный, Иван Заикин, Иван Шемякиндер өнер көрсеткенде алған. Мұнан басқа «Қызыл маска», «Ямагата Муханура», «Муханура», «Қара Мұстафа» сияқты лақап атпен танылған. Түрік халқына есімі атақты палуан Нуруллахты жеңгеннен кейін белгілі болған Мұқанды түрік билеушісі мұсылмандықтың бес парызының бірі қажылыққа баруға ұсыныс береді. Ұсынысты қабыл алған Мұқан осы сапардан кейін есіміне «Қажы» мәртебесін қосады. Осы Қажымұқан есімімен атақты палуан 41 жасында Саратов қаласында өткен жарыста өнер көрсетеді. Жалпы алып күш иесі 69 жасқа дейін халық алдында өнер көрсеткен. Дегенмен жасы ұлғайған шағында палуанның циркте өнер көрсеткенін ел-жұрт жақсы біледі. Бірақ палуан одан тапқан қаржысын майданға жіберу үшін жинайды.

Қазақ ауылдарын аралап өнер көрсеткен Қажымұқан жерге жатып, үстіне тақтайлар қойып, тақтайдың үстімен жүк машинасын жүргізгені жұртты қайран қалдырады. Осындай шоулардың арқасында ақша жинап, ұшақ жасатады. Ұшаққа Амангелді Имановтың атын жазғызып, ұшқыш Қажытай Шалабаевқа береді. Палуанның ұшағы майданда жауға қарсы соғысып, жеңісті жақындатуға үлес қосады.

56 жасында «Қазақ халқының батыры» атағын алған, көптеген медаль мен орденнің иегері Қажымұқан Мұңайтпасұлы 1945 жылы «Құрмет белгісімен» марапатталады.

80 жыл ғұмыр кешкен палуанның 4 ұлы мен 3 қызы болған. Тұңғыш ұлы Халиолланың анасы орыс ұлтынан Надежда Чеповская мұсылмандықты қабылдап, Фатима есімін алған. Олар балалар үйінен орыс баласын асырап, оған Ғабдолла есімін берген. 54 жасында палуан екінші рет үйленеді. Ырысты есімді қазақ қызы палуанға 3 қыз сыйлайды. Сондай-ақ Қажымұқанның Мінәйім, Айшагүл деген әйелдері болған. Мінәйім Айдархан атты ұлды дүниеге әкелсе, сүт кенжесі Жаңаділді жас келіншегі Айшагүл өмірге әкелген. Бұл кезде палуан 78 жаста болған.

Ұрпақтарынының арасында Қажымұқанның немересі Шаттық – карате-додан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Бақытжан Қажымұқанов – танымал композитор, оның аты «Жас қанат», «Азия дауысы» байқауларында шықты.

Қазақтың палуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмірінің соңғы жылдары Түркістан облысында өткен. Осындағы Бөген ауданында 80 жасқа қараған шағында дүниеден озған.

Бибісара ЖАНӘЛІ
27 шілде 2021 ж. 1 215 0