Қырағылық – жігіттің басты серігі
Әскери тәртіп адам өміріндегі күнделікті ұстанатын дағдыны қалыптастырады. Ол сол адамның бойында тұрақтылық қасиетін дамытады. Яғни, айтқан сөзі ісімен ұштасады. Біздің кейіпкеріміз Мұратбай Смат – сондай өмірлік дағдысы қалыптасқан, өз сөзіне нық азамат.
Мәкең – аудан, облыс көлеміне белгілі құрылысшы Қожамұрат Сматовтың ұлы. Құрылыс саласында есімі құрметпен айтылатын Қожамұрат ағайдың қолтаңбасы еліміздің түкпір-түкпірінде бар десек қателеспейміз. Осындай ардақты азаматтың ұлы Мұратбай бала кезден қоғамдық қауіпсіздік саласында қызмет етуді қалайды.
Өзі №36 орыс мектебінде білім алған соң арман жетегінде әскери білім алуды мақсат етеді. Сол негізде Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің Алматы жоғары мектебінде 4 жыл, яғни 1992-1996 жылдар аралығында білім алады. Әскери тәртіп. Елдің тыныштығын қамтамасыз ету үшін жоғары дайындықтан өту керек, ұрыс тактикаларын меңгеруі тиіс. Тапсырма беріледі, нақты, тиянақты, жедел орындауы қажет. Бұл сол жоғары мектептегі, жалпы әскери өмірдегі – бұлтартпас қағида. Міне, соған төзімділік танытып, әскери мектепті ойдағыдай, лейтенант шенімен тәмамдайды. Офицерліктің алғашқы баспалдағы қалыптасып, өзі армандаған салада еңбек жолы басталған.
Лейтенант М.Смат оқуды бітірісімен Алматы қаласындағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің іздестіру бөлімінің қылмыстық іздестіру бөлімшесінде жедел уәкіл болып қызмет атқарды. Теорияны тәжірибемен ұштастырып, қылмыскерлерді іздестіру бойынша тәжірибе жинақтады. Дегенмен жалғыз ұлдың жырақта жүргенін әкесі Қожамұрат Сматұлы мен анасы Несібелі Қыдырбайқызы қаламады. Содан Мәкең туған жерге оралып, аудандық ішкі істер бөлімінде учаскелік полиция инспекторы қызметін атқарды. Қоғамдық қауіпсіздікті сақтауда қырағылық танытты. Ал жаңа ғасыр басталған тұста шенді тәртіп сақшысы запасқа шығарылды.
– Құқық қорғау саласының жұмысы өзіме қызық. Сондықтан запасқа шығарылсам да осы тектес жұмыстан бір сәт алыстаған емеспін. Облыс төңірегіндегі күзет мекемелерінде жұмыс істеп, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге күш-жігерімді жұмсап келемін. Ер жігіттің міндетіне тыныштықты сақтау, елге қалқан болу міндеті жүктеледі. Сондықтан қауіпсіздікке қырағылық таныту – жігіттердің басты қасиеті, – дейді Мұратбай Қожамұратұлы.
Күзет қызметінің де өзіндік жауапкершілігі жоғары. 2000 жылдардан бері Мәкең «ЖанРос» ЖШС-де, «Каспий Строй ЛТД» құрылыс компаниясында, «R-Group Secyrity», «Қуат», «Батыл», «Oil Secyrity», «Групп Четыре», «Азия групп» күзет агенттіктерінде жұмыс істеген. Қазіргі таңда Құмкөлдегі «KSB Group» мекемесінде еңбек етуде.
Мұратбай Смат 4 ағайынды. Апасы Алма Сматова Сырдария агро-техникалық колледжде мұғалім болса, қарындасы Ақжан Сматова – денсаулық саласының маманы. Ал кенже қарындасы Бағжан Сматова – аудандық емхананың невропотологы.
Е.БЕРКІНБАЕВ