Отанды қорғау – басты міндет
Алатаудай Алаштың Қаратаудай баласы – мен ұлы елдің намысын қорғауды – парыз, абыройын көтеруді – міндет деп білемін. «Белдескеннің белін үзіп, егескенді еңіретер» қазақтың қайтпас қайсар ұлдары осы ұранды жанына желеу еткелі еліміздің егемендігі биіктеп, татулығы бекемделіп келеді.
Елді қорғайтын, тыныштығын күзетер әскерлер барда болашақтың баяны ұзақ болмақ. Аталған міндет әр қазақ жігітінің абырой-арманы екені сөзсіз. Дәл сол биік мақсат менің бойымда бастауыш сыныбында оқып жүргенімде басталды.
Әрине әскери саланың санаға түсірер салмағы аз емес. Отбасы атты мемлекеттің кіші туын желбіретіп жүрген жанға енді барша елдің тыныштығын күзету, әлбетте, алқынған асау жүректің ғана қолынан келері сөзсіз. Осындай асау намыстың алқынған тұсын ізгілікке жұмсап, тыныштықтың бақылаушысы болғанға не жетсін?! Қабанбайдай батырлардың, Сырымдай салмақтылардың, Абылайдай хандардың үш жүздің басын қосып, біріктірген жеріміздің ендігі бейбітшілік тізгінін келер ұрпақтың қолға алып, жүгін сезіне білуі – үлкен жауапкершілік. Сертті сақтап, отбасымды ғана емес, Отанымды сақтау нағыз тәуекелді қажет етеді. Үлкен жауапкершілікті қолға алу үшін күштің болуы жеткіліксіз. Ол үшін бойда қайрат пен жігер, намыс пен шыншылдық, батырлық пен батылдық, мінез бен биік болмыс қажет. Көптің көзі тігілген мамандықтың артар жүгін түсінген әр азамат осыны сана сезімінен толық түсінгені жөн.
Мен – елімнің жарқын болашағымын. Үлкен болып өскенде елім, жерім, туған халқымның кемел келешегі, баянды болашағы үшін еңбек еткім келеді. Елдің қауіпсіздігін сақтау үшін абыройлы міндетіме дақ түсірмей үнемі қызмет етуге әзірмін. Себебі, келешек елдің қауіпсіздігі – біздің қолымызда!
Мағжан АСЫЛХАНҰЛЫ,
6 сынып оқушысы
6 сынып оқушысы