Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ИТ ЖЫЛЫНАН ИГІЛІК КҮТЕМІЗ

ИТ ЖЫЛЫНАН ИГІЛІК КҮТЕМІЗ


НЕСІБЕСІН ЖЕРДЕН ТЕРІП ЖЕЙТІН ТАУЫҚ ЖЫЛЫН ТАБЫСПЕН ШЫҒАРЫП САЛЫП, ЖЕТІ ҚАЗЫНАНЫҢ БІРІ – ИТ ЖЫЛЫН ҚАРСЫ АЛДЫҚ. БҰЛ ЖЫЛДАН ДА ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР КӨП НӘРСЕ КҮТІП, ЗОР ТАБЫСҚА ЖЕТУДІ ҮМІТ ЕТЕДІ. СЕБЕБІ, «ЕЛСІЗДЕ ИТ ТЕ ЖОЛДАС» ДЕЙТІН ХАЛЫҚ ҮЙ ЖАНУАРЫН ЫРЫСҚА БАЛАЙДЫ. «ИТТІ ТЕПКЕН ЫРЫСТЫ ТЕБЕДІ» ДЕГЕН СОДАН ҚАЛСА КЕРЕК-ТІ.

Жалпы, халық түсінігінде ит – адамның досы. Сондықтан да оны «Жеті қазынаның» біріне жатқызамыз және көптеген ырым-тыйымдар да бар қазақы дәстүрімізде. Иесіне адал болғандықтан бұл жылы қазақстандықтардың өзге елдермен достығы беки түсіп, мызғымас бірлікке сызат түспейді деп сенеміз. Татулықты ту еткен елмен достас мемлекеттер арасында ынтымақтастыққа негізделген жүйелі жұмыстар жандана бермек. Соның арқасында бірлігі бекем егемен елде жасампаз істер атқарылып, әлемдік аренадағы орны айшықталатыны сөзсіз.
«Ит иесіне үрмес» дейді. Сол айтқандай, киелі жануар үй торуылдап, ауылды қорғайды. Иесінің қауіпсіздігі – оның басты міндеті. Міне, осыған қарап, Жаңа жыл иесі қазақстандықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді деген сенімдеміз. Оның үстіне, Қазақстан 2017-2018 жылдарға Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне (БҰҰ ҚК) тұрақты емес мүше болып сайланып, осы жылы Қазақстан төрткүл дүниеге төрағалық етті. Жылдың басында болған Кеңес отырысында ядролық қаруды таратпау мәселесі басты тақырып болып, әлем қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағыты негізгі ұстанымға айналды. Бұл дүниежүзіндегі тұрақтылықты сақтаудағы Тәуелсіз Қазақстанның беделін айқындай түскен маңызды мәжіліс болғаны анық. Сол себепті, еліміздің төрткүл дүние тыныштығын қамтамасыз етудегі рөлі осы жылмен тұспа-тұс келуін 2018 жылдың басты жаңалығы деп білеміз.
Жалпы, ит адам эмоциясын түсінетін бірден-бір жануар. Яғни, үй жануары біздің ишаратымызды бірден біліп, қуанып тұрғанымызды, мұңайғанымызды, ашуланғанымызды сезе қояды. Әркез оның басты сипаттамасы адалдық болып табылады. Және де ит жалқауларды жақсы көрмейді. Осыған қарап, Ұлыстың ұлы күнімен келген Жаңа жылымыз тек қуанышқа толы жыл болады деп үміттенеміз. Сондай-ақ, осы жылда ауқымды жұмыстар атқарылып, ел мерейі үстем боларына сенеміз. Ит жылынан тек игілік күтеміз.

Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
20 наурыз 2018 ж. 781 0