Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Біз туберкулезді жеңе аламыз

Біз туберкулезді жеңе аламыз

Жыл сайын 24 наурыз елімізде туберкулезге қарсы күрес күні ретін­де аталып өтіледі. Жұқпалы дерттің алдын алу мен онымен күрес дүниежүзі бойынша белгілі ұранмен жүргізіледі. Биылғы жылы «Біз туберкулезді жеңе аламыз!» тақырыбын арқау етті. Оқырмандарымызға осы жұқпалы дерт туралы кеңі­нен ақпарат беру үшін Сыр­дария ау­дандық санитариялық-эпи­демиологиялық бақы­лау басқармасының басшысы Самалбек Өмірбаевпен сұхбаттасқан едік.

– Самалбек Сүлетбекұлы, туберкулез инфекциялық жұқпалы ауру екені белгілі, осы дерт туралы жалпы халық нені білуі керек?

– Туберкулез – негізінен ауа тамшылары арқылы таралатын жұқпалы ауру. Туберкулез туберкулез микобактериясынан туындайды. Бұл микроорганизмдерді туберкулез таяқшалары деп те атайды. Инфекция көзі көбінесе туберкулезбен ауыратын адамдар немесе олардың тұрмыстық заттары болып табылады.

Микроорганизмдер адамның тыныс алу жолдарына қақырық тамшыларымен сөйлескенде, түшкіргенде, жөтелгенде, күлгенде немесе шаң­мен түседі. Өкпедегі қабыну процесінің дамуымен өкпе туберкулезі дамиды. Туберкулез микобактериясы тек өкпеге ғана емес, басқа мүшелерге де әсер етуі мүмкін, бұл жағдайда өкпеден тыс туберкулез дамиды – сүйектер, буындар, көз­дер, тері, лимфа түйіндері, жыныс мүшелері және басқа да мүшелер мен жүйелер. Осындай маңызды мәселені біліп, адамдар сақтанып жүр­се, аталған жұқпалы дерттен аулақ болатыны сөзсіз.

– Туберкулездің таралуына тоқталса­ңыз, ол адамға тек адамнан жұғады ма, әлде жан-жануарлардың арасында да кез­де­се ме?

– Инфекция көзі ауру жануарлар мен адамдар. Туберкулезді жұқтырудың жетекші жолдары – ауа-тамшылары. Микобактериялардың сиыр­дан жұғатын түрі адам үшін ең қауіптісі болып табылады. Патогенді тасымалдау факторлары. Ірі қара мал ауруға шалдыққан кезде туберкулез микобактериясы жануардың сүтімен, нәжісімен, зәрімен бірге сыртқа шығады және көбінесе ауру жасырын түрде, клиникалық көрініссіз өтеді. Жас төл негізінен ауру малдан алынған сүт және майсыз сүт арқылы ауруға шалдығады. Бұзаулардың құрсақішілік инфекциясы болуы мүмкін.

– Қандай жағдайда туберкулезге шал­ды­ғу қаупі жоғарылайды?

– Ауру әдетте туберкулездің белсенді түрімен ауыратын адамдардан ауа тамшылары арқылы немесе туберкулезбен ауырған жануарлардан алынған сүт өнімдерін тұтыну арқылы таралады. Сіздің денеңізде туберкулез бактериялары болса да, сіздің иммундық жүйеңіз аурудың алдын алады. Туберкулезді қоршаған ортаның нашарлығы, дұрыс емес тамақтану, жаман әдеттер және жиі стресс тудыруы мүмкін.
– Туберкулездің алдын алуға байланысты оған қарсы екпе көмектесе ме? Мәсе­лен дертке қарсы екпе алғандар 100 па­йыз сақтанған деп айтуға негіз бар ма?

– Туберкулездің алдын алудың бір түрі – БЦЖ екпесін салу. Екпе жаңа туылған нәрестеге салынады. Дегенмен балалар 100 пайыз ауырмайды деп айта алмаймыз, бірақ ауырған жағдайда өміріне қауіп төнбейді, жеңіл түрімен ауруы мүм­кін. Кейбір ата-аналар балаларына екпе салдыртпай жатады, балаларға зияны тиеді деген оймен. Сондықтан дәрігер ретінде айтарым, екпе алмаған балалар туберкулездің ауыр түріне, менингитке шалдығуы мүмкін. Ал оның зардабы туралы айтудың өзі қиын. Осындай жағдайды болдырмас үшін ата-ана түсіністік танытып, баласын қорғағаны дұрыс.

– Біздің ауданда ау­рушаңдық көрсеткіші қан­­дай? Салыстырмалы түр­де төмендеу байқала­ ма?

– Аудан бойынша 2021 жылы – 8 науқас тіркелсе, 2022 жылы – 11 жаңадан науқас тіркелді, аурушаңдық көрсеткіші 29,1 пайыз. Қуа­ныштысы, балалар мен жас­­­өспірімдер арасында ту­­­бер­кулез тіркелген жоқ. Об­­­­лыс­тық көрсеткішпен са­­лыс­тыр­ғанда біздің аудан­ тө­мен болса да, 2 жылда жо­ға­рылау байқалады. Өйткені тіркелу көрсеткіші зейнет­керлер арасында жоға­ры бо­лып отыр. Оның бас­ты се­бебі егде жастағы тұрғын­дар уақытылы медициналық, соның ішінде флю­оро­графиялық зерттеуден өтуі төмен­деген.

– Соңғы жылдың көрсеткіші бойынша жасөспірімдер арасында туберкулез ауруы тіркелген жоқ дедіңіз. Бұл екпеге байланысты ма, жалпы «Манту» сынамасының орындалуы қандай жағдайда?

– Жоғарыда айтып өткенімдей, 2022 жылы балалар мен жасөспірімдер арасында туберкулдез ауруы тіркелген жоқ. Жыл сайын аудандық емханамен бірлесіп «Манту» жоспары бекітіледі, жоспар бойынша көрсеткіш 100 пайыз орындалып, туберкулез диагнозымен өлім-жағдайы тір­келген жоқ.

– Туберкулезге шалдыққанын науқас қалай біледі? Оның белгілері қандай? Негі­зінен қандай жолмен анықталады?

– Көбінесе халықтың арасында әлі де болса жыл сайынғы флюорографиялық тексеруден уақытылы өтуден қашып, келмей жүретіндер кездеседі. Олармен түсіндіру жұмыстарын учас­келік медбикелер жүргізіп, емханаға жетектеп әкелетіндері де бар. Негізінен науқаста сал­қын тиіп, қызуы көтеріліп, екі аптадан астам жөтел, әлсіздік пайда болады. Бұл белгілер дабыл қағатын жағдай. Науқас әлсіреп дәрігерге қаралғанда, флюорографиялық тексеруден өт­кізіп, зертхана арқылы анықтап, нақты диагнозы қойылады. Бұл дерттен қорқудың қажеті жоқ. Себебі, туберкулез – емделетін дерт. Уақытылы ем-шара қолданғанда дерттен толық айығуға не­гіз бар.

– Аталған дертке шалдықпау үшін алдын алу шараларына тоқталсаңыз...

– Уақытылы флюорографиялық тексеруден өтіп, жоғарыда айтып өткен белгілері байқалған жағдайда, дәрігерге көрініп емін алған жағдайда алдын алуға болады. Көбінесе интернет арқылы тұрғындар өздері ем-домын үйден жасап, қызуын түсіріп, шамалы жақсы болса дәрігерге бармай сол күйінде жүре береді. Өкпесінде туберкулез қалдығы қалып қояды да, асқынған кезде туберкулездің ашық түрі пайда болады.
Сондықтан айтар едім, отбасы мүшелерінің бірі ұзақ уақыт бойына жөтеліп, қызуы түспесе тез арада дәрігерге көрінуі қажет. Бұл ең алдымен жақындарыңызға жұқтырып алмаудың кепілі. «Денсаулықтың қадірін ауырғанда біле­сің» деп бекер айтылмаса керек. Сондықтан «ауы­­рып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» дегім келеді.

– Мазмұнды әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ
28 наурыз 2023 ж. 392 0