Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Кох таяқшасы тығырыққа тіремесін десеңіз...

Кох таяқшасы тығырыққа тіремесін десеңіз...

Халық арасында құрт ауруы атауымен белгілі туберкулез осыдан 139 жыл бұрын пайда болды. Нақты айтқанда, 1882 жылы неміс дәрігері Роберт Кох туберкулез қоздырғышын анықтап, оны қауіпті жұқпалы ауру екенін дәлелдеді.

Жұқпалы ауруды зерттеген дә­рігер дертті қоздыратын микробтың таяқша тәріздес екенін микроскоп арқылы көрген. Содан бері «туберкулез таяқшасы» деп аталатын дерт дүниежүзіне тарап кеткен. Ал оның емі өткен ғасырда ғана пайда болған. Яғни ХХ ғасырға дейін жұқпалы ауруды емдеу жолы болмағандықтан, дерт салдары өлімге әкелген.

Көнеден келе жатқан аса жұқпалы аурумен күрес дүниежүзінде үздіксіз жүргізіледі. Жыл сайын 24 ақпан мен 24 наурыз аралығы – Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес айлығы деп жарияланады. Әр жылда жаңа ұранмен өтетін айлық кезінде дәрі­герлер туберкулез туралы кеңінен ақпарат беріп, оның алдын алу жолдарын түсіндіреді.

Биылғы жылы айлық «Уақыт өтуде. Туберкулез ауыртпалығын төмендету бойынша 2022 жылғы мақсаттарға бірге жетеміз!» деген тақырыппен ұйымдастырылды. Аудандық сани­тариялық-эпидемиологиялық бақы­лау басқармасы, аудандық білім бөлімі, аудандық аурухананың бірлескен бұй­рығы негізінде ауданда кең көлемді іс-шара өтті.

Барлық іс-шара санитариялық-дез­инфекциялық, маскалық режим негізінде 15 адамнан аспайтын, жеке қор­ғаныш құралын пайдалану арқылы ұйымдастырылды.

Туберкулезбен күрес айлығы ауданда аурушаңдығы жоғары Аманкелді елді мекенінде акция өткізуден бас­талды. Мектеп оқушылары саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында флеш-мобтан өнер көрсетті. Барлық сынып оқушылары «Туберкулез» та­қырыбында диктант жазды. Бейнелеу өнерінен жұқпалы ауру туралы түсініктері бойынша сурет салды. Ауылдық емхана химизаторы дертке шалдығып, оны жеңіп шыққан науқаспен «Менің жетістіктерімнің тарихы» тақырыбымен сұхбат жүргізді.

Жақсылық жасау – имандылықтың, қам­­­қорлықтың, мейірімділіктің бел­гі­сі болса, ауыл­да­ғы акция қа­йы­­рымдылық жасаумен қоры­тын­­­дыланды. Ауыл кәсіпкерлері П.Мү­­ба­ракова мен Б.Бұр­ха­нова ауыл тұрғын­дарына кө­мек берді.

– Туберкулез – жұқпалы ауру. Кө­біне өкпенің қабынуымен белгілі аурудың қазір бірнеше түрі бар. Жалпы адам ағзасының барлығында кез­десетін туберкулез таяқшасын тарататын онымен ашық түрде ауы­­ратын адам. Науқас қоршаған ор­таға ауа арқылы микобактерия бө­леді. Сондықтан науқас өзін оқ­шаулап, міндетті түрде ем алуы керек. Себебі тұрақты ем ұзақ уақыт жүргізілетіндіктен, толыққанды айы­ғып кетудің кепілі екенін білген жөн.

Дәрігер ретінде тұрғындарға айтатыным, жылына міндетті түрде бір рет флюротексеруден өту керек. Ауруды ерте кезде анықтау – дұрыс ем алудың бірден бір жолы, – дейді фтизиатор-дәрігер Анар Ибраимова.

Сонымен қатар дәрігер өкпе ту­беркулезіне шалдыққан науқас адам жөтелгенде немесе түшкіргенде ауаға туберкулез бактериясын жаятынын айтады. Дені сау адамға дерттің жұғуы үшін бактерияның аз ғана мөл­шерімен дем алуы жеткілікті. Ауруды қоздырғыш бактериялар сыртқы ортада ұзақ уақыт сақталатындықтан, жылдар бойы өмір сүруге қабілетті. Сондықтан сақтық шараларын үнемі жүргізу, яғни гигиеналық талаптарды сақтаған жағдайда туберкулез қауіпсіз болады.

Туберкулездің басқа жұқпалы аурулармен салыстырғанда ол тұқым қуаламайды. Яғни науқас ата-анадан сау бала туылады. Дегенмен, сақтық шараларын сақтамау салдары, туберкулез микобактериясының ішкі ағзаға түсуімен адам ауруға шалдығады. Негізінен, дертке иммунитеті әлсіз жас балалар мен қарт кісілердің шалдығу ықтималдығы жоғары.

– Туберкулезбен дүниежүзілік кү­­рес айлығы жарияланған кезден бас­тап ауданда іс-шаралар жос­парға сәйкес жүргізілді. Мектеп медбикелерімен семинар өтіп, оқу­шылар арасында туберкулез ауруы туралы парақшалар мен кітапшалар таратылды. Аудан мектептерінде жазба жұмысы жүргізілді. Белсенділік танытқан оқушылар мен медбикелер арнайы дипломмен марапатталды, – дейді аудандық санитариялық-эпи­демиологиялық бақылау бас­қар­ма­сының жетекші маманы Ұ.Нұрабаева.

Егер сізді екі апта бойы жөтел мазаласа, дене салмағыңыз күрт азайса, түнде тершеңдік байқалса, кеуде қуысыңызда ауырсыну белгісі пайда болса, міндетті түрде дәрігерге көрінуіңіз қажет. Уақыт оздырмай дәрігерге барсаңыз, ден­саулығыңызды сақтауға атсалыс­қаныңыз. Есіңізде болсын, ту­бер­кулездің емі бар және ол тегін жүргізіледі. Әрдайым деніңіздің сау болуы өзіңіздің қолыңызда екенін ұмытпаңыз.

Бибісара ЖАНӘЛІ 
25 наурыз 2021 ж. 1 175 0