Білім алушылар халықаралық байқаудың жеңімпазы атанды
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің білім алушылары «Bilim zhane Bolashak» ғылыми-зерттеу жұмыстары халықаралық байқауының жеңімпазы атанды. Білім бәйгесін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Khazar University және Әзірбайжан мемлекеттік педагогикалық университеті ұйымдастырды, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.
Байқауға қазақстандық және шетелдік орта білім беру ұйымдарының 10-11 сынып оқушылары, жақын және алыс шетелдердегі ЖОО-ның студенттері, орта білім беру ұйымдарының педагогтары және ЖОО оқытушылары қатысты.
Қатысушылар алғашқы кезеңде 72 сағатта ғылыми мақалаларды дайындау туралы вебинарға қатысты. Екінші кезеңде (негізгі, сырттай) – негізгі кезеңге қатысқан 151 қатысушының ішінен 37 мақала рәсімдеудің барлық талаптарынан өтіп, рецензенттер тарапынан жоғары ұпайды иеленді.
Нәтижесінде Khazar University және Әзірбайжан мемлекеттік педагогикалық университетінің базасында өткен «Шығыс-Батыс: Бедел мен әлеуеті» ғылыми журналдар редакторларының Бірінші Еуразиялық халықаралық форумында байқаудың жеңімпаздары анықталды.
Атап айтсақ, «Педагогика-психология» мамандығының 2-курс докторанты Марта Мыңбаева 116 ұпаймен І орын иеленді. Жеңімпаздың ғылыми жетекшісі п.ғ.д., профессор Шарбану Майгелдиева. Ал «Бастауышта оқыту педагогикасымен әдістемесі» мамандығының 3-курс студенті Нұрсауле Сейтқамалова 99 ұпаймен ІІ орыннан көрінді. Ғылыми жетекшісі п.ғ.к., доцент Зоя Сейлова.
Сонымен қатар, форумның екінші бөлімінде жеңімпаздар арасында «Жаңа зерттеулер» тақырыбында жобалар байқауы өтті. Байқаудың қорытындысы бойынша университеттің 2-курс докторанты Марта Мыңбаева ІІ орын иеленді.
Айта кетейік, байқау 2022 жылы «East – West: Authority And Pоtential» ғылыми журнал редакторларының Бірінші Еуразиялық форумы аясында құрылған. Содан бері жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Халықаралық байқаудың жеңімпаздары мен лауреаттарының жұмыстары ұйымдастыру комитетінің таңдауы бойынша «Eurasian Scientific and Methodological Journal “East-West”» ғылыми-әдістемелік журналына жарияланады.