Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Америкалық ғалымдар Қызылорданың экологиялық жағдайына зерттеу жасады

Америкалық ғалымдар Қызылорданың экологиялық жағдайына зерттеу жасады

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде шетелдік ғалымдар қазақстандық жас ғалымдарға дәріс өткізіп, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz. 

Воркшоп (workshop) АҚШ елшілігі қаржыландырған «Қазақстан аумағындағы жоғарғы оқу орындарында экология және қоршаған орта ғылымдар саласында негізгі оқу бағдарламаларын дамыту» жобасының аясында жүзеге асты.

Жоба барысында отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының ғалымдары Мичиган мемлекеттік университетінің (АҚШ) профессоры Джихуан Чен бастаған он күндік воркшопқа, сонымен қатар Қызылорда облысының аумағындағы далалық жұмыстарға қатысты.

 Тәжірибе алмасу барысында ғалымдар көптеген жаңа мәліметпен танысып, білімін жетілдірді. Далалық жұмыстар барысында әр 25 метр сайын өсімдіктің түрлеріне зерттеу жасалып, сол аумақтағы өсімдіктердің азайып немесе көбейіп бара жатқаны анықталды. Бұрын көбіне 5-10 жылдағы өзгерістерге талдау жасалса, шетелдік оқытушылар 100 жылдағы өзгерістерді кестеге енгізеді екен. Бұл алдағы жүзжылдыққа болжам жасауға септігін тигізеді.

Жас ғалымдарға 10 күн бойы Мичиган мемлекеттік университеті, Джорд Вашингтон, Оңтүстік Дакота, Майн және Нью-Йорк қаласындағы Пэйс университетінің профессорлары, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті тұрақты егіншілік орталығының мамандары офлайн және онлайн форматта дәріс оқыды.

Бұл – америкалық кеңестердің қолдауымен аймақтық университеттерге арналған жоба. Қазіргі уақытта НАСА-мен бірлесіп ғылыми жоба дайындап, Арал теңізі тартылуының әлемдік климатқа әсерін зерттеудемін. Сондай-ақ, семинар барысында қазақстандық және америкалық білім беру бағдарламаларын салыстырып талдау жасадық, – деді профессор Джихуан Чен.

Айта кету керек, жас зерттеушілердің НАСА ғарыштық агенттігінің Қазақстандағы және Орталық Азиядағы қазіргі әрі келешектегі жобаларына қатысуға мүмкіндіктері бар.

Воркшоп барысында мазмұнды ақпаратпен, жаңа құрылғылармен таныстық. Ғаламдық өзгерістер мен жерді бақылау орталығының профессоры Фен Пейлей далалық жұмыстар барысында Қызылорда климатына тән өсімдіктерді зерттеу тәсілдерін көрсетіп, оларды сақтап қалу жолдарын түсіндірді. Сондай-ақ, өсімдіктің құрамы, сапасы туралы зерттеу жүргізіп, жаңа құрылғылар арқылы ауаның ылғалдылығы, судың мөлшерін анықтадық. Ал, профессор Джихуан Чен өзінің «Биофизикалық модельдер және оларды экожүйелік талдауда қолдану» атты оқу құралын қатысушыларға тегін таратты. Бұл еңбектің осы сала мамандарына берері мол, – деді Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушысы Әзімбай Абылайхан.

Ал, М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті «Экология» кафедрасының меңгерушісі, PhD Эльмира Мадалиева шетелдік оқытушылар  білім берудің жаңа тәсілдерін үйреткенін жеткізді.

Шетелдік профессорлар студенттерге жаңа білімді меңгерту үшін теориядан гөрі практикаға басымдық беретінін байқадық. Жаңа ресурстармен таныстық. Енді шетелдік оқу орындарында жүргізілетін лабораториялық жұмыстарды біз де оқу процесінде қолданатын боламыз, – деді Эльмира Мадалиева.

Айта кету керек, жобаның мақсаты – қазақстандық жоғары оқу орындарында экология және қоршаған орта саласындағы білім беру бағдарламасының мазмұнын жетілдіру. Сондай-ақ, педагогикалық шеберлікті арттыру, экология және қоршаған орта саласындағы сараптамалық білімді дамыту. Жоба 38 000 АҚШ доллары көлемінде қаржыландырылды.

Жобаға Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетімен қатар Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті, І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті, Қ.А.Яссауи атындағы қазақ-түрік университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының жас ғалымдары қатысты.
07 шілде 2022 ж. 293 0