Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Балалардың отпен ойнауы – қауіпті

Балалардың отпен ойнауы – қауіпті

Статистикалық көрсеткіштер бойынша өрттердің жалпы санының 2-3 пайызы балалардың отпен ойнау салдарынан туындайды. Балалар ойнау кезінде ересек адамдарға еліктейтіндігі бізге мәлім. Олар сіріңке алып ересек адамдардан жасырын от ошақтарын жағады, соның салдарынан тілсіз жаудың қаупі төнеді.

Сырдария ауданы Төтенше жағдайлар 
бөлімі және  аудандық білім бөлімімен 2023 жылдың 4 қаңтар күні аудан көлемінде мектеп оқушыларымен «Табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оны болдырмау» мақсатында бірлескен жоспар бекітілді. Жоспарға сәйкес сынып жетекшілері оқушылар арасында ашық сабақтар, дәрістер өткізілуде.

Ата-аналар назарына!

Балалардың отпен ойнауының салдарынан өрт туындап, балалардың өртте қаза болуына әкеп соғатындығын, отбасымызға, ауданымызға және республикамызға, жалпы айтқанда біздің тәуелсіз мемлекетімізге шығын келетіндігін ұмытпаңыздар!

Әсіресе, балалар үлкендердің қарауынсыз, өздері жеке қалғанда өрттер жиі туындайды, сондықтан да пеш, газ плитасы, керосиндік шам, майшам жанып тұрған бөлмелерде балаларды бақылаусыз қалдырмаңыз.

Балаларды бөлмелерде немесе пәтерлерде жалғыз өзін қалдырып, есікті құлыптап жауып кетпеңіздер. Балаларға отпен байланысты әртүрлі ойындарды ойнауына қатаң тиым салу қажет. Балалардың құрылыстарға жақын жерлерде темекі шегуі, сіріңкемен ойнауы және от ошақтарын жағуы сияқты жағдайларды болдырмау үшін қатаң қадағалау керек.

Балаларды үнемі қадағалап отыру өте қиын, сондықтан да сіріңкелерді балалардың қолы жетпейтін жерлерде сақтаңыздар, үйлердің шатыры мен жертөлелерін ашық тастамағандарыңыз абзал.

Құрметті оқырмандар: ата-аналар, аталар мен әжелер, балаларыңыз бен немерелеріңізді үнемі қадағалауға, оларға көп назар аударуға шақырамыз. Егер бәріміз бірге өрт қауіпсіздік ережесін қатаң сақтасақ, біз балаларды оттан аулақ болуына үйретеміз, сонымен қатар біздің ауданымызда, республикамызда өрттің саны айрықша кемиді. Мектеп, отбасы және азаматтық қорғау қызметі бәріміз бірлесіп жұмыстар атқарсақ жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады.

Өрт, төтенше жағдайлар туындаған жағдайда өрт сөндіру қызметіне телефон шалыңыздар: «101»,  «112» және 21-2-00.

Сырдария ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы азаматтық қорғау подполковнигі Бақтияр Нұрбол Сағынұлы азаматтарды қабылдауды жүргізеді. Қабылдау уақыты күнделікті сағат 09.00-11.00 мен 15.00.-17.00 аралығында, сонымен қатар бөлімде 8/72436/21-4-94 номерлі сенім телефоны жұмыс жасайтынын естеріңізге саламыз.

    Сырдария ауданық Төтенше жағдайлар бөлімі  
03 наурыз 2023 ж. 400 0