Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Дәрігерге алғыс айтамын

Дәрігерге алғыс айтамын

Адам баласы болған соң басың ауырып, балтырың сыздайды. Қазір байқасаңыз аурудың түрі де көп. Ең өкініштісі аурудың жас талғамайтынында. Жаңа туған сәбиден бастап, үлкен кісілер де аяқ астынан айтып келмейтін дертке шалдығып жатады.

Орта жасқа келгенімше аурухананың есігін ашпағаным өзіме аян. Тұрмыс құрып, дүниеге сәби әкелгенімде де денсаулығым сыр бермей аман-есен босандым. Тек соңғы босануымда бірінен соң бірі басыма неше түрлі дерт келді. Бас-аяғы бір-екі жылдың ішінде бірнеше ота жасалып, ақырында жүрек те сыр берді. Ақ халатты абзал жандардың арқасында жүрекке жасалған ота сәтті шығып, шыбын жаным аман қалып, ел қатарлы жүруіме ең әуелі Алла, сонан соң дәрігерлер себепші болды.

Биылғы жылдың қаңтар айының ортасында асқазан тұсынан ұстаған приступ пен жұтқыншақтағы ауырсыну жанымды қоярға жер тапқызбады. Асқазаным солқылдап қатты ауырғаны сонша жедел-жәрдем бірнеше рет келіп укол салса да ауырғаны басылмады. Демалыс күнді әрең өткізіп, таңды кірпік қақпай атырып, дүйсенбіде Қызылорда қаласыдағы ең ірі орталық бұрынғы диагностикаға бардым. Сондағы асқазанды түсіретін аппаратқа түсіп, мазалаған дертіме дауа табу мақсатымен. Арнайы аппаратта тексерілгенімде дәрігер асқазанды тексеру мүмкін емес екендігін, өңешімнен арнай құрылғы өтпей тұрғанын айтқанда үрейге салынып, шақшадай басым шаранадай болды. Сол сәтте диагностикадағы дәрігерлер асқазан, өңеш жолын рентгенге түсіру арқылы нақты диагнозды қоюға болатынын айтты. Екі-үш күннен бері аурудың азабын тартып жүріп, рентгенге де түстім. Дәрігер рентген қағазына қарап тек болжам ғана жасады. Нақты диагноз бәрібір де эндоскопия арқылы қойылатынын ескертті.

Содан соң қала орталығынан басқа жеке клиникалар іздей бастадым. Таңдауым Медарт клиникасына түсті.

Бірнеше күннен бері нәр татпай асқазанның ауырғанына жүдеп-жадап, клиника дәрігерінің қабылдауына бардым. Дәрігер жағдайымды біліп, дереу эндоскопияға түсірді. Бұл аппараттың артықшылығы асқазанға мұрын арқылы жіберілетін құрылғының барынша жіңішке әрі ыңғайлы болуында. Онсыз да ауырып тұрған өңеш пен асқазанға зақым тигізбей тексеріп, нақты диагнозымды қойып, алдыңғы күні рентген болжаған "жаман аурудың" жоқтығына көзімді жеткізгенде қуаныштың көз жасы еріксіз төгілді.

"МедАрт" клиникасындағы жоғарғы санатты дәрігер Қалиев Бақыт Тұрарұлы асқазан ауруы мен өңештегі жара емге келетінін айтып, дәрі-дәрмек тағайындады. Бас-аяғы бір айдың ішінде емделіп, қайта қаралуым керектігін ескертті. Дәрігер тағайындаған дәрі-дәрмектің барлығын қабылдап бір айға жетпей-ақ қабылдауға қайта бардым. Жалпы жағдайымды сұрап, оңалғанымды байқаған дәрігер эндоскопияға қайтадан түсірді. Нәтижесіне көзімді жеткізіп, менен де бетер қуанған дәрігер толыққанды жазылғанымды айтып қуантты.

Шын мәнінде адамның денсаулығы өз қолында. Ішіп-жеген тағамның сапасы асқазанға әсерін тигізеді дегенмен, барынша саламатты өмір салтын ұстанып, ащы мен майлыдан аулақ жүретінімді алға тартып, асқазан ауруына қалайша шалдыққаным ойымнан кетпей қойды. Тек ойға орала бергені – жүрек отасынан кейін өмір бойы қабылдайтын дәріні үздіксіз 10 жылдан бері ішкендіктен де асқазан қайдан шыдас берсін. Оның үстіне арагідік тұмауратып, науқастанғанда уыс-уыс ішетін дәріміз тағы бар. Сондықтан болар қос алақандай ғана асқазан ауырмай қайтсін.

Міне, тағы бір ауыр күндер өтті, жаныма батқан дерттен айығуыма білікті дәрігердің көмегі тиді. Айта кететін жағдай, барлық тексерулерге мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру негізінде тегін түсуге мүмкіндік болғаны. Бұл дертіне дауа іздеген мен секілді қаншама жан үшін үлкен көмек.

Айтпақшы, соңғы тексерілуге барған кезімде кезекте отырған шиелілілік апайға да МедАрт клиникасының қызметкерлері кеңес беріп, КМИС бағдарламасы арқылы тегін аппаратқа түсуіне мүмкіндік алғанын көзім көрді. Сондай-ақ бұл клиникада күндізгі стационар да жұмыс істейді. Мұнда ем дауа іздеп келетіндерге барлық жағдай жасалған.

Алғыс айту күнінде дертіме дауа тапқан ақ халатты абзал жан, жоғарғы санатты дәрігер Бақыт Тұрарұлына, клиника медбикелеріне өзімнің және отбасымның атынан алғысымды білдіремін. Жаны жабырқаған жандардың алғысына бөлене беріңіздер! Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, бастарыңызға бақ-береке тілеймін!

Бибісара ЖАНӘЛІ
28 ақпан 2023 ж. 1 862 0