Ана мен бала денсаулығының сақшысы
Адам баласы болмысынан бір нәрсеге бейім, икемді келеді. Табиғат жаратылысының кереметтігі де осында болса керек. Жүрек қалауыңмен сүйікті ісіңмен шұғылданып, оны кәдеге жаратып, қоғамға пайдаңды тигізсең одан асқан бақыт та болмас.
Менің кейіпкерім Марал Ноғайбекова күнделікті жұмысында қиындықпен бетпе бет кездесіп, оны бір кісідей еңсеріп келе жатқан жан. Қиындық деп отырғанымыз күш пен білекті қажет ететін қара жұмыс емес, өмірге сәби әкелудегі жауапкершілік. Марал Тоқтарқызы – өз мамандығы арқылы ананың перзент сүюіне бірден бір себепкер болып жүрген ақ халатты абзал жан. Адам өмірі арпалысқан сәттің талай мәрте куәсі болған кездің әрбір секундың бес саусағындай біліп, көзінің алдынан өткізетін дәрігер Марал Ноғайбекова – аудандық аурухананың перзентхана бөлімшесінің меңгерушісі.
Ақ халатты абзал жан Марал Тоқтарқызы армандаған мамандығын меңгеру үшін алдымен медициналық колледжде оқиды. Өзі туып-өскен Талдықорған қаласындағы колледжді бітіргеннен соң, жоғарғы білім алу үшін Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің емдеу ісі факультетіне оқуға түсіп, оны 2007 жылы бітіреді. Осы оқу орнында интернатурадан ойдағыдай өтіп, жалпы тәжірибелі дәрігер мамандығын алады.
Болашағын медицинамен байланыстырған жас маман көп балалы отбасында туып-өсті. Оның тоғыз бірдей бауыры бар. Қажымұхан есімді інісімен егіз. Марал көп балалы отбасынан шыққан жалғыз дәрігер. Басқа бауырлары мұғалім, қаржыгер, заңгер, әскери қызметкер мамандығын меңгерген еліміздің азаматтары.
2005 жылы Сыр еліне келін болып түскенде Марал әлі студент болатын. Оқуын ойдағыдай аяқтауына оның жаңа отбасы – жұбайы мен ата-енесі көп қамқорлық көрсетті. Әрине, бұл жас отбасы үшін көмектің ең үлкені болғаны рас.
– Тұрмысқа шыққанымда әлі студент болатынмын. Мамандығымды алып, ауданға келіп, жұмысқа орналасуыма отбасым қолдау көрсетті. Бір жылдай аудандық денсаулық сақтау саласында қызмет етіп, сол жылдары салада тапшы болған мамандық акушер-гинекологқа қайта мамандану туралы ұсыныс түсті. Ұсынысты қабыл алып, қайта даярлануға Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институтына бес айға оқуға бардым. Осы мерзім ішінде акушер-гинеколог мамандығын меңгердім. Сонан соң аудандық емханаға келіп, акушер-гинеколог болып жеті жылдай еңбек еттім. 2016 жылы аурухананың перзентхана бөлімшесіне дәрігер ретінде ауыстырылдым. Қазір үш жылдан бері бөлімше меңгерушісімін, – дейді қызмет жылдары туралы дәрігер М.Ноғайбекова.
Жоғарғы санатты акушер-гинекологтың айтуынша перзентхана бөлімшесі 2018 жылдан бастап ІІ деңгейлі болып қалыптасуына байланысты бөлімшеде жедел ота жасалып, көп босанушыларға, 34 аптадан жоғары босанушыларға мүмкіндік ашылды. Бұл үшін облыстық ана мен бала орталығынан арнайы білікті дәрігерлер мен жаңа туған нәрестенің денсаулығын бақылайтын неонатолог дәрігерлер күнделікті кезекшілікке және жедел шақыртуларға жұмылдырылған.
Перзентхананың жаңа деңгейге көшуімен ауданда туу көрсеткіші де едәуір өскен. Өткен жылдың өзінде перзентханада 430 нәресте дүниеге келсе, биылғы жылдың бүгінгі күніне 160 сәби өмір есігін ашқан. Жақында 30 апталықта мерзімінен ерте дүниеге келген егіздер дәрігерлердің біліктілігінің арқасында аман-есен күтімге алынып, үйіне шығарылды. Бұл ұжымның үлкен жетістігі.
Жалпы ана мен бала денсаулығына алаңдаушылық білдіретін ақ халатты абзал жан Марал Тоқтарқызы жүктіліктен тыс патологиясы бар әйелдерді емдеу, аурудың алдын алу шараларын жүргізетінін айтты. Әйелдер арасында көп кездесетін қаназдық, бүйрек жеткіліксіздігі аурулары мен артериялық гипертензия бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналған. Аталған ауру ана мен бала үшін қауіпті. Бұл дерт дүниеге дені сау бала әкелуіне мүмкіндік бермейді. Сондықтан әйелдер арасында отбасын жоспарлау, келесі баланы дүниеге әкелу туралы кеңес беру дәрігердің күнделікті жұмысы, әрі мұны ол өз міндеті деп біледі. Күн сайын аурухананың барлық бөлімшелерінде емделіп жатқан әйелдерді тексеріп, кеңес беру де оң жолға қойылған. Себебі кез келген жаста әйел-аналар сүт безі, жатыр мойны қатерлі ісігі мен қабыну ауруына шалдығады. Сондықтан әйелдер міндетті түрде алдын алу шарасы мен аурудан сақтануды дәрігерлердің кеңесімен жүзеге асыруы керек.
Білікті дәрігер әйелдерді ең алаңдататын мәселесі – әйелдің репродуктивті денсаулық кезеңдері (климакс) туралы көп ізденіп келеді. Арнайы зерттеу мақала да жазып, бұл тақырыпты үнемі әйелдермен талқылап, кеңес беруден жалыққан емес. Әйелдер үшін толғандыратын тақырыпты барынша түсіндіріп, репродуктивті кезеңнен жеңіл өту жолын қарастырып, денсаулыққа орасан зор зиян келтірмеудің амалын жетік меңгерді.
– Бүгінде заманауи технологиямен жабдықталған перзентхана бөлімшесінде 3 "Кардиомонитор" бар. Бұл құрылғы босану бөлмесіне қойылған. Құрылғы босанушы әйелдің жүрек соғысын, тынысын, қан қысымын көрсетіп тұрады. Сонымен қатар нәрестеге арналған швейцарлық құрылғы "Веловиста" алынды. Бұл өкпені жасанды тыныстандыруға арналған. Сондай-ақ "Сипап" – нәрестенің күтімін жүргізеді. Ал "Кардиотахография" құрсақтағы нәрестенің жүрек соғысын қадағалайды. Толғақ күші мен нәрестенің жүрек соғысын бақылауға мүмкіндік береді, – дейді бөлімше меңгерушісі М.Ноғайбекова перзентхананың соңғы жылдары қол жеткізген жетістігі туралы.
Мамандығы арқылы әріптестері арасында сүйіспеншілікке бөленген дәрігер әріптесі Нейла Әбішеваны, облыстық жетекші, жоғарғы санатты акушер-гинеколог Күләш Махантаева мен Алексей Хегайды мақтан етеді. Өз ісіне шын берілген жандардың әрдайым қолдау көрсетіп, тәжірибесімен бөлісуге, кеңес беруге даяр тұратын қасиетін жоғары бағалайды.
Бөлімшеде тәуліктің кез келген уақытында дәрігердің қасынан табылып, сенімді әріптесіне айналған медицина қызметкерлері де бар. Олар 40 жылға жуық бөлімшеде абыройлы еңбек етіп келе жатқан жоғары санатты балалар медбикесі Жанат Досмағанбетқызы мен оның ізін басып келетін медбике Әлия Бегманова. Медбикелердің осы күнге дейінгі еңбегі алғысқа лайық. Сонымен қатар перзентханада ұзақ жылдан бері еңбек етіп келе жатқан жоғарғы санатты акушерка Айман Наурызбаева, Айсұлу Жалғасбаева, Света Әленова бүгінде жүздеген сәбидің кіндік шешесі атанғанын ел-жұрт жақсы біледі. Алтын қолды ақ халатты абзал жандар құрметтің ең биігіне лайық десек артық айтқандық болмас.
Салтанат Умиржанова, жас ана:
– Туып-өскен жерім Степногорскіден Сыр еліне, алыстағы ауыл Іңкәрдарияға келін болып түстім. Қаймағы бұзылмаған қазақы ауылдан өзімнің теңімді таптым. Жақында тұңғышымды босандым. Перзентхана бөлімшесіндегі дәрігерлер мен медбикелер бар мейірімін көрсетіп, жылы сөздерін аямады. Жас босанушыға мұнан артық қолдау болмас. Сәбиіммен бірге күтімге алып, перзентханадан шыққанша қамқорлық көрсетіп, дәрігер кеңесін берді. Өте қуаныштымын. Бөлімшенің барша ақ халатты абзал жандарына алғысым шексіз.
Береке Әбсаттарова, босанушы ана:
– Дүниеге сәбиімді әкелуіме әуелі Алла, сонан соң аудандық аурухананың перзентхана бөлімшесінің білікті де, білімді мамандарының арқасы деп білемін. Бөлімше меңгерушісі акушер-гинеколог Марал Тоқтарқызы мен акушерка Бота Еспанова жеңіл босануыма көмектесіп, аянып қалмады. Отбасымды қуанышқа бөлеп, дүниеге қызымды әкелуімен жәрдем берген барша бөлімше қызметкерлеріне ризашылығымды білдіремін. Әрқашан ел алғысына бөлене берулеріңізге тілектеспін.
Алғыс арқалаған бөлімшенің қызметкерлеріне жетекшілік ететін дәрігер Марал Ноғайбекова отбасында сүйікті ана, асыл жар. Жұбайы Бексұлтанмен екі қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр. Үлкен қызы Зере – алтыншы сыныпты, Айшабибі – бірінші сыныпты бітірді. Екеуі де №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің үздік оқушылары. Айдар – бала бақша тәрбиеленушісі. Перзенттеріне жақсы тәрбие беріп келе жатқан жас отбасының отанасы Марал бақытын тапқан жан.
Бибісара ЖАНӘЛІ