БОЗКӨЛДІҢ БОЗ ЖУСАНЫНДАЙ БҰЛ АДАМ
Әдетте алдыңғы толқын ағалар туралы, әсіресе ел басқарған тұлғалар жайында әңгімелегенде атқарған қызметін тізіп, атақтарын санап шығамыз. Мұндай мақалалар көбіне мерейтойлар қарсаңында қолға алынады. Бірақ, мерейтойлық мақала інінің ағаға деген көңілауларлық ілтипаты ғана. Онда адами болмыс ашылып, кісілік келбеттің көрініс беруі қиын. Атпал ағалардың маңдайына түскен сызықтар кириллица әрпі емес, оны жүрек көзі ғана оқи алады.
Осындай ой толқынында ескексіз қайықтай екі жағыма кезек-кезек ауып, Жарылқасын Шәріпов ағамды іздеп келе жатырмын.
Кезінде аудан басқарған, қала әкімі болған кісі, облыстық мәслихаттың тексеру комиссиясының төрағасы, тағы басқа да біраз лауазымды қызметтердің тізгінін ұстады. Бір адамға кеуде соқтырар атақ-дәрежелері де бар. Аздап қорқасоқтауыма болады. Бірақ, мен еркінмін, өйкені бұл кісінің қарапайым болмысын жақсы білемін.
...Ол жер жүрегін дір еткізген соғыс басталған жылы Бозгөл деген ауылда өмірге келген нәресте еді. Бұл кездің тумалары балалық шаққа соқпай, ересектермен бірге еңбекке жегіліп кетті. Бүкіл өмірін мал соңында өткізген әке-шешесінің бейнетке белшеден батқанын көріп өсті.
«Балам, оқы, бір жаманның бір жақсысы бар». Бұл – әкесінің айтатыны. «Адал, ақиқатшыл болсаң, алысқа жетесің». Бұл – анасының ақылы.
1963 жылы Ташкенттен ауыл шаруашылығы институтын бітіріп, ауылға келгенде малдың мың батпан бейнетінен аурулы болған ата-анасы совхоздың қойын өткізіп, баласының қолына қарады. Көшіп-қонып жүріп, бір баспана да салмаған екен. Енді осының азабын тартты. Бұл Жәкеңнің өмірлік жары, бүгінгі Бибіанадай болып отырған Шәмшагүл апамен бас қосқан кезі, қолдарында кезек-кезек көтерген бір сәбиі бар. Өзі «Бозгөл» совхозының машина-трактор шеберханасына жұмысқа орналасты.
Қара күз еді. Нағашылары кесек құйып үй тұрғызып берді. Күн суып кеткенде мұздай лаймен сылап, сол үйге кіріп алды. Кеше көтерілген үй қайдан жылысын, сылағы шөлдің тақырындай қақ-қақ айрылды. Сонда жылуынан маңдай жібімейтін бір бөлмеге бәрінің бұйығып отыратыны Жәкеңнің әлі күн көз алдында тұр. Үлкен жылынбаған үйде бала шыдасын ба, өкпесін суық алған нәресте шетінеп кетті. Балпанақтай болып қалған ұл бала еді. Кейде сол күнәсіз сәбидің бірдеңе айтпақ болғандай екі қолын созып ұмсынғаны елестейтінін қайтерсің. «Мына дүниенің жылуы жоқ екен ғой» дегісі келе ме?..
Өмір көшінде Жарылқасын тізгін тартып, артына қарайлайтын уақыттың жоқ екенін жақсы түсінді. Жұмыс дегенде күн мен түнді есепке құрған жоқ. Жас азаматтың көптің мүддесіне көз жұмбай қарайтынын басшылар да байқамай қалмады. 28 жасында совхоз директоры болды. Оны бұл сенім биігіне әкелген анасының сөзі – адал еңбек, ақиқатшыл мінез. Дәл осы жас кезеңінде он мыңдаған мал бағып, жүз мыңдаған ақша ұстайтын совхоз басқару да бір, борап тұрған оққа қарсы бұқпай жүгірген солдат да бір еді. Алматыға, Орталық комитетке бекуге барғанында Мельник деген ОК хатшысының: «Саған директорлықтың керегі не?» – деп одырая қарағаны бар.
Жарылқасын шаруашылық жайын өзінің жай-күйіндей ұғатын, оған қоса қарапайым жұрттың тілін тауып, сырын түсіне білетін ілгерішіл басшы болды. Бұл біліктілігі оның қызметте одан әрі қарай өсу жолын қалыптастырды. Алайда, ол даңғыл жол емес-ті.
1986 жылдың қараша айында қыс кеш түсетін Қызылды қар басып қалды. Бұл кезде Жәкең аудандық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы болатын. Мал қашырымының ашық қорада өтіп жатқан уақыты. Бет қаратпайтын бораннан аудан мен шаруашылық арасындағы қатынас үзілді. Ал, қойға жем, қойшыға тамақ керек. Малдың өріске шықпай, басын қораға тығып жатып қалғаны туралы рациямен хабар берілді. Басқарма басшысы төтенше жағдайдың тізгінін өзі қолға алды. Он жүк көлігіне жем тиеп, ауданнан 220 шақырым қашықтағы «Қызылқұм» совхозына қарай асықты. Орталыққа жеткенімен, мамандар «мұнан әрі қарай жол жоқ» деп төмен қарады. «Жол жоқ болса, тарттық жолсызбен!» Шәріпов шарасыз күй кешкендерді селк еткізді. Қызылдың ішіндегі қойшыларға бару мына жағдайда шынында жаннан безу еді. Мал жемі мен азық-түлік тиелген көліктер қозғала берді. Табан жолды көру мұң. Қар көмген жолда ауыр машиналар айналшықтап қалды. Әйтеуір әупірім әрекеттің арқасында көліктер тасбақа табандап жылжи берді.
Қойшылар бұлардың келгеніне қуанудың орнына қорқып кетті. Боран астында үсіп өлу қаупі бар еді. Жарылқасынға ол ой келмепті, оның ойында әкесінің сөзі – «бір жаманның бір жақсысы бар».
1991 жылы Қазалы аудандық партия комитетінің 1-ші хатшысы болды, сосын кеңес төрағасы, одан әрі қарай қызмет атауы аудан әкімі болып өзгертілді. Жарылқасын Шәріпов аудан басшылығына кеңестік жүйе тарап, шаруашылықтар жекешеленіп жатқан кезеңде келді. Ел-жұрт қызылсу жүріп, көбесі сөгілген мұз үстінде қалғандай қиын шақта басшылық қызмет бұрынғыдан бірнеше есеге ауырлай түсті. Бірақ аудан әкімі соның бәрінде біліктілік, көрегенділік көрсетті. Үкіметтің де талабын орындады, халықтың да қажетін тапты.
Шаш етектен келген шаруашылық жұмысын айта берсек, шығандап кетеміз. Жарылқасын Шәріпов ауданға басшылық жасаған сол тоқсаныншы жылдардың басында алтындарымызды аршып, асылдарымызды ардақтаудың кезеңі келіп жетті. Соның бірі қазақ халқының айбынды батыры, азаткер Жанқожа Нұрмұхаммедұлын ұлықтау ісі еді. Халық батырына ескерткіш кесене тұрғызу жұмысы қолға алынды. Сол күннен бастап Жәкеңнің жаны тыныш таппады. Түрегеп тұрып ас ішіп, көзін ашып ұйықтады дегендей күндерді басынан өткізді. Ауылдағы жұмысты айналасына тапсырып, ескерткішке қажетті құрылыс заттарын өзі іздеп кетті. Шәуілдірге шапқылап, Арыстанбабқа ат шалдырып, «Ақиректің» тасын алдыртты. Күндіз-түні кесене құрылысшыларымен қатар жүріп, ескерткіш еңсесі көтерілгенде өзі де жерден көтеріліп кеткендей кең тыныстады.
1992 жылы қазан айында екі айға созылған қауырт іс аяқталып, кесененің ашылу салтанаты өтті. 200-ден астам ақбоз үй тігіліп, мыңнан аса адам қатысқан ас берілді. Осы жауапты жұмыстың басында Жәкең басшы да, қосшы да болды. Ол кезде мың адамды былай қойғанда, жүз адам шақырып той жасауыңның өзі неғайбыл болғанын бүгінгі адамның бірі білсе, бірі білмейді.
Алдымен жұмыс жиырмадан астам мекемеге бөлініп берілді. Қаражатсыз қарекет еткендердің өзі қаншама. Солардың бірі де бірдеңем жоқ деп айтпады. Батыр Жанқожаның рухымен жігерленді, басшы Жарылқасынның сөзімен қайраттанды.
Самұрат Имандосов, Ахметжан Оразбаев, Мұратбай Сәлімов, Кәтебай Смағұлов, Әзім Әліпбаев, Амангелді Ақбаев секілді серке азаматтар аудан басшысымен тізе қосып, ортақ істің ортасында жүрді.
Күні бүгінге дейін сол кезде соғылған баба кесенесіне келіп, батыр рухына дұға бағыштап, тізесін бүгіп, тәу ететіндер қатары сиреген жоқ. Ол дәл осылай ғасырлар бойы жалғаса бермек.
Ел қамын жеген ердің басынан не күндер өтпеді. Қазір арқасында аңызақтан сіңген сыз білінбейді, алақанында жұмыстан жұққан із көрінбейді. Бірақ, Жарылқасын Шәріповтің атқарған ісі, көрген бейнеті уақыт көзін бір сүртіп қарасаңыз жарқырап шыға келеді.
1994 жылы облыс басшысы Сейілбек Шаухамановтың шақыртуымен облыс орталығы – Қызылордаға қала әкімі болып келді.
Қаланың жағдайы ауданнан да ауыр екен. Көпқабатты үйлердің өжіресіндегі су бірінші қабаттағы пәтердің ішіне жайылып жатқанын да көрді. Электр өшіп қалады, құбыр тесіліп кетеді. Қаланы аралап кешке кеңсесіне келсе, есігінің алдында адам топырлап тұрады, кіргізбейді, жүргізбейді. Бір мәселе былай қалды, әр адамның басында он-оннан мәселесі бар. Осындайда Жәкең өзіне өзі күбірлеп сөйлейді: «Бір жаманның бір жақсысы бар».
Солай болды. Жамбасы көрпеше, басы жастық көрмей жүріп, бұл кезеңнен де бері шықты.
1996 жылы Жарылқасын Шәріпов Қызылорда облысы бойынша жылжымайтын мүліктер орталығының директоры болып тағайындалды. Жеті жылға жуық осы мекемені басқарған Жәкеңнің халық мүддесі үшін қаншама әділетті істердің қорғаушысына айналған кезі осы тұс. Сатумен, алумен жүретін өмір ғой, сол кезеңде қарапайым жұрттың өз мүлкін заңдастырудың біраз машақаты болды. Негізінен мекеме жекеменшіктік құқықты заңдастыруды жүзеге асырып қана қоймай, мүлік бағасын шығарып, оның қорытындысын салық органдарына береді, сол бойынша мүлік иелерінен салық ұсталады. Ол кезде халыққа қызмет көрсету орталықтары құрылмаған болатын. Сондықтан барлық ауырлықты осы орталық көтерді. Басты мақсат әрбір адамның мүлкіне төлқұжат жасалуы тиіс, олардың ісін шешуде қиянатқа жол берілмеуі қажет. Орталық директоры Ж.Шәріпов сондай әділетсіздіктермен қанша рет бетпе бет келді. Араға адам салып, ірі ғимараттарды заңдастырып алғысы келгендер де болды. Ондайлар өз ісіне адал Жәкеңе сөзін өткізе алмасын біліп, қоқанлоққылық та жасап көрді.
«Ақыры барып жатам бір,
Сен айтпа маған тамұқты.
Тапқан екенсің а, тағдыр,
Талқыңа көнер ғаріпті» – деген өлеңді Есенғали ақын осы ағам үшін жазғандай екен. Жәкең ештеңеге илікпеді. 1991 жылы қоғам мүлкінің пышақ үстінен бөліске түсіп кеткенін көрген басшы заң күші бар құқығын жан баққандарға ұстатқан жоқ. Оңайдан көп мүлікке ие бола кеткісі келгендер әртүрлі жол қарастырды. Заң органдарының шешімін әкелді. Осы шешімді негізге алып, мен жақсы болып отыра берсе де болар еді. Бірақ орталық басшысы Жоғарғы сотқа арыз түсірді. Ақыры, өз ісінің ақтығын дәлелдеді, қоғам мүлкін заңсыз қожайындардың қолына өткізбеді.
2003-2011 жыл аралығында облыстық мәслихаттың депутаттық мандатын алған Ж.Шәріпов мәслихаттың тексеру комиссиясының төрағасы болды.
Жәкеңнің ел мен жұрттың жағдайына көбірек алаңдап, көбірек үлес қосқан кезеңі де осы жылдары секілді. Сол кездерде «келешегі жоқ ауылдар» деген бір мәселе көтерілді. Кезінде Қазалы ауданынан 180 шақырым қашықта жатқан Ажар аулы келешегі жоқ ауыл санатына кірген. Осы ауылға барып тұрған электр бағандары мыс желілерімен қоса пысықайлардың қолында кетіп, ауыл сегіз жылдай электр жарығынсыз қалған. Міне, Жәкеңнің көтерген мәселелерінің бірі сол еді. Бір жылы Германияның Дрезден қаласына барған сапарында жел электр стансалары туралы біраз нәрселерді зерттеп қайтқан Жәкең осы ауылды жел электр стансасы тәсілімен жарықтандыруды ұсынған. Мұның қаржысын тендермен жеңіп алғандар желмен айналатын қалақшаларды көз қылып көтеріп, жарықты ақыры дизельмен беретін мотор орнатыпты. Сонда электр жарығын туғалы бері бірінші мәрте көріп тұрған алты жасар ауыл баласы қорқып далаға қашыпты. Әлгі баланың басындағы хәл Жәкеңнің жүрегінен өтті. Содан кейін осындай көзбояушылықтармен қалай жағаласпасын. Оның осы белсенділігін байқаған сол кездегі облыс басшысы Жәкеңді қабылдауына шақырып, келешегі жоқ бірнеше ауылдың тізімін алдына қойды.
– Осыны арнайы көз жеткізіп қайтқан маман дәлелдеп отыр, – деді.
– Соны айтқан адамның өзінің келешегі жоқ! – деп ашуланған Жәкең қабылдаудан шығып кеткен. «Алла кеудемнен жанымды алсаң да, жүрегімнен иманымды алма» дейтін Жарылқасын ағаның мұндай батылдығына қалай тәнті болмассың.
Бір жылдары Қызылорда облысының экологиялық жеңілдігін алып тастау туралы пәрмен берілді. Бұл мәселемен де бел кеткенше күрескеннің бірі Жәкең еді. Осы жөнінде облыс басшысының алдындағы аз топтың ішінен шығып, азаматтық сөзін айтқан кезі болды. Арада шамалы уақыт өтпестен Ыдырыс Қалиев пен Жорабек Сарбалақов телефон шалып, «Экологиялық жеңілдік жөнінде ащы шындықты айтыпсың, бәрекелде» – деді. Сол кезде екеуі де ауруханада жатыр екен. Жарықтықтар аурып жатса да, ел қамын жеп жатыр екен ғой. Осы сөздің қапелімде оларға жете қоюы үндемегені болмаса бұл мәселеге қарсы пікірдегілердің көп екендігін аңдатады. Бірақ, дер кезінде ашып айтуға әркімнің батылы жетпегені шын!
...Алдына еркінсіп кірген мен Жарылқасын ағамның әңгімесін тыңдап отырып, өткен дәуірдің хаты иректелген жүзіне имене қарадым. Құдай-ау, осынша қиындықты көтеріп, бүгінгі күнге қалай жеткен?
...Бозгөлдің боз даласында жусан деген жұпар иісті шөп өседі. Мысырда он жеті жыл билік құрған бабамыз Сұлтан Бейбарыс қазақ даласын сағынғанда жусанды иіскеп мауқын басады екен. Бұл шөптің адамның жан дүниесіне қалай әсер ететінін осыдан-ақ біліңіз. Ол барлық ауруға дәру бола алатын қасиетке еге. Бірақ жайқалып алыстан көз тартпайды. Қазақтың «бетегеден биік, жусаннан аласа» дейтіні сол.
Мен Жарылқасын ағамды осы жусанға ұқсатам. Қанша зәрудің мұқтажына дәру болды, оны санай алмаспын. Қасына барып әңгімелесе қалсаң, жан тынысың ашылып сала береді. Өзін ешқашан биік санаған емес. Ағамның осы қасиеттері шынында да жусанмен тамырлас секілді, Бозкөлдің боз жусанымен.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ