Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Үздік сыныптың жетекшісі

Үздік сыныптың жетекшісі

Мамандықтың ішіндегі ең қадірлісі, қасиеттісі, әрі абыройлысы – ұстаздық. Күн сайын қарыштап дамыған елімізде ұстаздың мәртебесі ешқашан аласармайды. Онымен қосы мектеп жүрегі саналатын мұғалімнің атқаратын жұмысы да жеңіл емес.

Шаған ауылындағы №37 мектеп-лицейдің орыс тілі пәнінің мұғалімі Гүлсинат Искендирова өз пәнін жетік меңгерумен қатар шәкірттерінің жүрегінен орын алған ардақты ұстаз. Алдындағы оқушыны ізденіске, асқақ арманының орындалуына, білімге деген құштарлығын оятуға күш-жігерін аямайтын мықты маман. Шын мәнінде сүйікті ұстаз болу кез келген мұғалімге бұйыра бермейтін бақыт. Бұл абыройлы атақ тек қана із ісінің білгірлері мен ұстаз болып жаратылған жанға ғана бұйырады.

– Ұстаз болу үшін ең алдымен үлкен жүрек керек. Оқушының қарым-қабілетіне қарай оны дамыту, білімнің іргетасын мықты етіп қалау ұстаздарға жүктелген міндет. Абыройлы да, жауапкершілігі жоғары мамандықты таңдағаныма еш уақыта өкінбеймін. Бұғанасы қатаймаған, жас шыбық секілді бүр жарып келе жатқан балаға қандай тәрбие мен білім берсең, ертең ол міндетті түрде өз жемісін береді. Бастысы ізденіс пен шығармашылық алдыңғы орында тұрып, өмірдің ағымынан қалмай, тың әдістерді еңгізуден шаршамау керек, – дейді білікті ұстаз Г.Искендирова.

Талай түлектерді алтын ұя мектептен ұшырып, жанашыр ұстаз атанған жан туралы әріптестері де жылы лебіз білдіреді. Ұстаздың жайсаң мінезіне сай Гүлсинаттың есімін "Ақгүл" деп өзгертіп айтулары да бекер емес. Көңілі баладай әппақ, оқушыларына деген қарым-қатынасы өте жайлы, жүзінен мейірім есіп тұрған ұстаз осы есімге әбден лайық дейді әріптестері.

Алғаш еңбек жолын осыдан 28 жыл бұрын бастаған ұстаз осынау жылдар ішінде нәтижелі де жемісті еңбек етіп келеді. Кезінде жас маманға сынып жетекшілігі де басшылық тарапынан сеніп тапсырылды. Мектептің 1980 жылғы түлектері ұстаздың алғашқы ұшырған қарлығаштары. Қазір олардың әрқайсысы еліміздің әр қаласы мен ауданында түрлі мамандық иесі болып әр салада еңбек етеді. Сонымен қатар өткен оқу жылында мектеп-лицейді бітірген түлектері де жаңа өмірге ұстаз сенімін абыроймен ақтап, қадам басты. Шәкіртерінің арасынан екі бірдей Алтын белгі иегері шығып, ұжымның, сынып жетекшісінің мерейін өсірді. Алтын белгі иегерінің бірі Аян Нұрханов Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің "Ғылыми химия", екіншісі Мәдина Әлтаева Қарағанды Медициналық академиясының грантын жеңіп алды. Білім ордасының жас ақыны атанған түлек Ханзада Сейілбек бүгінде ҚазМУ-дың журналистика факультетіне оқуға түсуі де білім берген ұстазының еңбегінің нәтижесі. Сондай-ақ, Айдана Қадырова есімді шәкірті Қарағанды қаласында Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің студенті атанды. Мұнан басқа да көптеген шәкірттері білім грантының иегері атанғаны ұстаз еңбегінің ақталғаны.

Жүздеген түлектерге тура жол көрсете білген ұстазға биыл тағы да сынып жетекшілігі тапсырылды. Мектеп-лицейдің 5 Ә сыныбына жетекшілік жасайтын Г.Искендирова әрбір шәкіртінің жетістігімен марқаяды. Сыныптағы оқушылардың барлығы дерлік зерек, алғыр, кітап оқуға құштар.

Жас шәкірттерінің арасында Еркеназ Абдулажанның ізденісі мен шығармашылық қабілеті ерекше. Оның мұндай еңбексүйгіштігіне қолдау білдіріп отырған ұстазы ғылыми жоба бастауына себепші болды. Еркеназ даңғайыр диқан Ыбырай Жақаевтың өмірі мен ерен еңбегі туралы кітап оқып, одан алған әсерінің арқасында ғылыми еңбек жазды.

– Еркеназ Сырдың киелі топырағынан шыққан  даңғайыр диқан Ы.Жақаев туралы көп ізденіп, ғылыми жобаны қорғап шықты. Ол Кеңес  одағы тұсында өсіп, ер жеткен Ыбырай Жақаевтың өзі туралы жазған кітабын қызыға оқыды. Ондағы әрбір өнегеге толы жолдарды тұщына оқып, жадына сақтап, ғылыми еңбек жазды. 30 бетке арқау болған ғылыми жобаны сәтті қорғап шықты. Болашақ ғалымға, жас дарынға, үздік оқушыға сәттілік тілейміз, – дейді үздік сыныптың жетекшісі.

Мектеп-лицейдің үздігі атанған сыныпта білім алатын Еркеназ Жақсыбек, Айзере Самат, Інжу Махамбетжанова, Саялы Жұман, Мейірім Абзалқызы, Әбілмансұр Серік, Мансұр Бекболатұлы да үздік оқитын шәкірттер. Олар сынып белсендісі, түрлі сайыстарда сынып атын шығарып жүрген оқушылар.

Әр күнін шәкіртерінің ортасында өткізуге, оларды білім нәрімен сусындатуға асығатын ұстаздың мерейі әрқашан үстем болсын!

Бибісара ЖАНӘЛІ
24 ақпан 2023 ж. 523 0