Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бас агроном

Бас агроном

Егін науқаны басталғаннан шаруа біткеннің жұмысы қыза түсетіні мәлім. Қам­баны астыққа толтыру үшін жан аянбай еңбек ететін диқан қауымның қызметі сан тарапқа бөлінеді. Жер өңдеу, тұқымды орналастыру, егінге күтім жасау асқан қажыр-қайратты қажет етеді. Осындай тіршілікте отыз бес жылдан аса уақыт еңбек етіп келе жатқан Сабырбек Оспан – өз ісінің білікті маманы. Ала жаздай Сыр салысын баптауға барын салатын еңбек адамы барлық құрметке лайық.

Бүгінде Жеңісбек Сыздықов бас­қаратын «Шаған-Жер» ЖШС-нде бас агроном қызметін атқаратын Сабырбек Сәдуақасұлы егіннің жай-күйін жатқа біледі. Ауыл шаруашылығы саласын ұршықша иіретін майталман маман – Шаған ауылының тумасы. Қарапайым отбасында тәрбиеленген ол өзінен кейінгі 2 қарындасы мен 4 інісіне бас-көз болады. Жастайынан еңбекке араласуында өзіндік мән бар. Әкесінен ерте айырылған оның көкейінде анасы Қалтайға қолғабыс ету тұрды.

– Біздің үйдің балалары егістік даласында өсіп-жетілді. Себебі, анамыз совхозда күрішші болатын. Талай мәрте үй шаруасын тастап, кет­­пенін қолға алғанын көзіміз көрді. Еңбек майданында ысылған анамыз маңдай термен тапқан табыстын қандай бо­латындығын үйретті. Әрине, өрімдей балаларды жеткізу оңай емес. Біздерді елден қалдырмай оқытты. Әрқайсымызды аяқтандырды. Бейнетпен келген жетістік пен отбасындағы бақыттың орнауы ешкімнің есі­нен кетпесі анық. Менде ауыл шаруа­шы­лығы саласы бойынша Алматы қала­сына оқуға түсіп, кәсіби маман атандым. Қиыр Шығыста әскери борышымды өтедім. Содан кейін жүрегім қалаған мамандық бойынша қызметтік жолым басталды, – дейді ардақты азамат.

Ең алғаш Сабырбек Оспан ауыл­дағы шаруашылыққа есепші болып қызметке орналасады. Іргелі меке­менің есеп-қисап жұмысын жандан­­дырады. 14 жылда тәжірибесі толыс­қан маман кейіннен бригадир ата­ну­ға бекінді. Жауапкершілікке толы жұмыс­ты абыроймен атқарып, Сыр салысынан мол өнім алады. Күні-түні егістік басынан табылатын бригадир білгенін жастарға үйретіп келеді. №6, №7 бригадаға жетекшілік ете жүріп, көздеген мақсатқа жетуге межелі жұмыстарды тынымсыз атқарады. Бұл ретте, қарамағындағы қызметкерлерді бір арнаға ұйыстыра біліп, жұмысты жүйелі атқару осындай тәжірибелі, білікті мамандардың ғана қолынан келеді.

– Күрішті егуге асқан шеберлік керек. Бұл дақыл – үнемі күтімді қажет ететін сезімтал өнім. Сырдың басты дақылының бірнеше сортына ғалымдар зерттеулер жүргізген. Біз қай кезде де жер құнарлығын сақтап, күріштің шығымын арттыруға барымызды саламыз. Әрбір күрішші өзіне белгіленген алқапқа жауапты. Барлық қызметкер қырманға аман-есен астықты толтырып алғанша тыным таппайды. Бүгінде шаруашылықта 400-ге жуық қызметкер бар. 93 күрішші 8 бригадада жұмыс істейді. Осыдан 3 жыл бұрын шаруашылықтың бас агрономы болып тағайындалдым. Биыл 2800 гектар жер­ге Сыр салысын ектік. Ендігі кезекте еңбек маусымын абыроймен аяқтау міндеті тұр, – дейді бас агроном.

Тәжірибелі маман Сабырбек Оспан биыл 60 жасты алқымдады. Қазақта «Алпыс – тал түс» деген тәмсіл бар. Ел ағасы атанған аяулы азамат осыдан 36 жыл бұрын зайыбы Махфузамен отасады. Береке тасыған отбасында 4 перзент ер жетті. Олардан Сабыр аға 5 немере сүйді. Бүгінде ұлдары ішкі істер органдарында абыройлы қызмет етіп келеді. Жастайынан егін егуге белсене араласып келе жатқан еңбек адамына алдағы қызметіне сәттілік тілейміз.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
10 қыркүйек 2022 ж. 620 0