Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Шәкірттерінің шамшырағын жаққан

Шәкірттерінің шамшырағын жаққан

Әрбір адамның өмірден өзіндік орнын табуға бағыт-бағдар беретін ұлағатты ұстаздың лайықты ізбасары бола білген Ақмарал Жақанова – өз ісінің шебері. Ол жақсы менен жайсаңның құтты мекені атанған Ақжарма ауылындағы білім ошағында абыройлы қызмет етіп келеді. Өлшеусіз еңбектің жемісін көріп жүрген мақтаулы маманның бо­йында табандылық пен талапшылдық қасиет басым.

Өз мамандығын жоғары бағалайтын және шә­кірт тәрбиелеу жолында ешнәрседен тайынбайтын Ақмарал Жақанованың 9855 күні мұғалімдік қызметке арналған. Яғни, аяулы жан 27 жыл бойы география-биология пәні бойынша шәкірттеріне сабақ беріп келеді. Бала арманға қанат бітірген білікті ұстаздың тәжірибесі мол. Оқу-ағарту қызме­тінің бүге-шүгесіне дейін жатқа білетін оның бір­неше сатыдан тұратын еңбек жолы қиындық пен қызыққа толы десек, қателеспейміз.

– Үйдегі үлкендердің ақ батасын алып, Қызыл­орда қаласына оқуға аттанған кезім әлі есімде. Әрине, жоғарғы білім алмастан бұрын бір жыл тәлімгерлік қызметте жүргенім мені барынша шың­дай түсті. Өзіңдей жас мамандардың білсем, көрсем деп алға қарай ұмтылысын байқағанда мен де қарап қалмасым анық. Негізгі қалаған мамандық бойынша білім алып, Қызылқұмдағы білім ошағына жұмысқа орналастым. Жайдарлы мінезінен таймайтын Жұматай ағайдың қамқорлығын сезініп, Іңкәрдария ауылында 1 жыл оқушыларға ұс­таз ретінде сабақ бердім. Кейіннен Ақжарма ауы­лындағы №130 Абай атындағы орта мектепке ауы­­сып, білім саласының қазанында қайнауға кірісіп кеттім. Біліктілік пен білімділік сыналар тұста із­денуден жалықпайтын мен үшін қоғамдық қызмет те таңсық көрінбеді. Осылайша, бірнеше жыл қа­тарынан «Жалын» тынығу лагерінде аға тәлімгер болу міндеті жүктелді, – дейді ұстаз.

Иә, бүгінде білім саласында қажырлығымен жақсы нәтижеге қол жеткізген Ақмарал Жақбар­қызының бірнеше шәкірті өз саласының білгірі атана білген. Өз кезегінде ардақты ұстаздың шәкірті Фариза Әбзиева ұстазына арнап жылы лебіз біл­дірген еді.

– «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деп Ыбырай Алтынсарин айтқандай, білікті ұстаз кез келген ортада бағалы болады. Білікті ұстаз әрі талантты болса, білім ордасының бағы жанары рас. Сондай жан-жақты ұстаздарға бай білім ошағының бірі №130 Абай орта мектебі екендігі мәлім. Іргелі білім ордасында тәлім алған кезімізде Ақмарал Жақбарқызы кәсіби біліктілігімен даралана білді. «Алдыңа келген оқушыны әңгімелесу арқылы немесе ұнататын бағытын тауып, өзіңе қарай баулу, тарту керек» деген қағиданы ұстанған ұстазымыздан шәкіртіне деген шексіз мейірім көреміз. Негізінен, Ақмарал апай жыл сайын мектепішілік, аудандық, облыстық олимпиадаларға оқушыларды дайындауды дағдыға айналдырған. Үлгілі үрдісі кез келген балаға шабыт сыйлайтыны анық. Оқушыларына «Артыңда өзіңнің ізің, қолтаңбаң қалсын» деп жиі айтып отыратын ұстаздың шәкірттері де осы ұстанымды қолдайды. Оған дәлел, Ақмарал апайымның жол нұсқауының арқасында көптеген білім бәсекелерінде жеңім­паз атануым еді. Асылында, Ақмарал Жақбарқы­зының өзіне тән коммуникативтік және ұйымдас­тырушылық дең­гейдегі үйлесімді қабілеті бар. Ұстазымыз талап қойғыш, оған қоса мейірбан, жауапкершілігі мол жан ретінде танылған. Үнемі ақыл-кеңесін айтудан жалықпайтын мәртебелі мамандық иесі әріптестерінің, оқушылары мен ата-ана­ларының арасында айрықша беделге ие, – дейді шәкірті Ф.Әбзиева.

Бар уақытын халық баласын оқытуға арнаған білікті ұстазға бір жылдары мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін жүргізу міндеті жүктелген болатын. Күн сайын баланың жүріс-тұрысы, тәртібі негізгі қадағалауда болатын бұл қызметте кейіпкерім тосылып қалған емес. Тікелей ата-анамен байланыс орнатып, жауапкершілігі мол саланы ұршықша иіріп әкет­кеніне әріптестері куә. Сан түрлі іс-шараның басы-қасынан табылып, үздіктер қатарынан болуға талпынды. Ұйымдастырушылық қабілетін іске қосып, мектептегі тәрбие ісін ақсатпауға тырысты. Мінезі қиын балалармен ортақ тіл табысып, барлық жа­ғынан ұғысты.

Кейіннен мектеп директорының оқу ісі жөнін­дегі орынбасары қызметіне ауысқан кезінде оқу­шы­лардың білім сапасын жақсартуға күш салды. Мықты маман ретінде әріптестерінің ыстық ықы­ласына бөленді.

– Менің әріптесім Ақмарал – адам­гершілігі жоғары, кәсіби біліктілігін ақыл-парасатымен ұш­тастыра білген жан. Бірнеше абыройлы қыз­мет­ті атқара жүріп, республика көлемінде танылып, педагогикалық іс-тәжірибенің озық үлгісін көр­сете білді. Жастайынан тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлық қызмет атқарып, облыс көлеміндегі бірқатар семинарды жоғары деңгейде өткізді. Бір­неше жыл мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін де атқарып, біліктілігін та­ғы бір мәрте дәлелдей түсті. Өзінің тыңғылықты ізденімпаздылығының арқасында әрдайым оқу­шыға сапалы білім нәрін беретін мұғалім ретінде танылды. Республикалық деңгейдегі марапатта­ры Ақмаралдың кәсіби деңгейінің жоғары, тә­жірибесінің мол екендігіне дәлел бола алады. Мінезі ақжарқын, өз ісіне тиянақты, адал. Сонымен қатар өзінің мұғалімдік іс-тәжірибесіне ар­қа сүйейтін ол ұжым арасында зор құрметке бөленіп жүр. Ұстаздық қызметінен бөлек ән айтатын қабілеті бар, қазақилығымен ерекшеленетін өнерлі жан. Бірқатар мәдени іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне себепші болып, бастама көтеріп жүрген ұлағатты ұстаздардың санатына кіреді. Ұстаздық қызметімен қатар Ақмарал – отбасында сүйікті жар, аяулы ана. Бүгінде 3 баланың анасы отбасының ұйытқысы ретінде берекені келтіріп отыр. Білімін біліктілігімен көрнектей білген ұстазға алдағы еңбек жолының табысты, жемісті болуы үшін тілектестік білдіремін, – дейді әріптесі, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айнұр Сәркеева.

Оқу-ағарту жүйесінде көптеген реформа жасалып жүргені көпке аян. Баланың білім деңгейін көтеру жолында ұстаздың кәсіби біліктілігін жо­ғарылату маңызды рөл ойнайды. Әрқашан пе­дагогтың білім сапасын жақсартуға барлық мүмкіндік қарастырылғаны жөн. Осындай біршама талапты орындай білген Ақмарал апай мектепке келген жас ұстазды жігерлендіріп, ынталандырып отырады. Мәселен, математика пәнінің мұғалімі Перизат Әлиакбарова білікті маманнан үйренері көп екендігін алға тартады.

– Осыдан 9 жыл бұрын №130 Абай атындағы орта мектепке мұғалім болып келгенімде Ақмарал апай мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орын­басары еді. Жас маманға деген талабы мол, тәртібі мен қаталдығының арқасында көптеген өзім сияқты жас мамандар айқын тәжірибесін қа­лыптастыра білді деп ойлаймын. Ол – өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын ұстаз. Тапсырылған кез келген істі тыңғылықты тындыруға асығады. Өз басым алтын жүректі ұстазды – жаны таза, ұқыпты адам ретінде бағалаймын. Эстетикалық талғамы жоғары, адамгершілігі биік. Ақыл-па­расаты өмірде көрген-білгендігімен ұштасып жатады. Әріптестерімен тату, керек жағдайда көмек қолын соза біледі, ешкімге жамандық ойламайды. Орынды әзіл-қалжыңды сүйеді. Өзіндік мәдениеті жоғары деңгейде екендігін байқата білетін ұстаз, – дейді П.Әлиакбарова.

Әр жылдары жоғарғы бірнеше марапатқа қол жеткізе білген Ақмарал Жақанова қазіргі уақытта №130 Абай атындағы орта мектебінің кәсіподақ комитетіне тікелей жауапты. Отбасында ата-ене­нің, отағасының бабын тапқан кәсіби маман орасан жетістіктерге қол жеткізе бермек. Еңбекқор жан үшін шәкіртінің тілегінен асқан жетістік жоқ екені аян.

– Мұғалім – зор тұлға. Ол күннің жарық сәулесі сияқты. Аталған сөздер Ақмарал апайдың айқын болмысына сай келетін секілді. Ақмарал апай біз­дерге білім беріп қоймай, барлық жағынан үлгі болды. Асыл апайымыз бізге 2001-2007 жылдар аралығында биология пәнінен сабақ берді. Біз мектепте биология пәнінен тереңдетіліп оқытылған сынып болған едік. Әрбір сабағын өзгеше етіп, топтық жұмыстармен, пікір алмасу түрінде, тест түрінде жалықтырмай, шеберлікпен қызықты етіп өткізетін. Ұстаздың өз мамандығына деген­ қызығушылығының жоғары болуынан сыныпта­ барлық оқушының ерекше ынталанып, қызыға оқи­тын пәні биология болды. Ол кісі үй тапсырмасына тақырыпқа сай кітапша құрастыруға беретін еді. Сан түрлі әдіс-тәсіл оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырып, ізденіс пен шығар­ма­шылық қабілетімізді оята білді. Ақмарал апайдың оқушылары көптеген олимпиадаларда, білім бә­се­келерінде жүлделі орын алып, өзі қалаған ма­мандықтары бойынша грантпен оқуға түседі. Бұл ұстазымыздың тәжірибелі маман екенін біл­діре­ді және тынымсыз еңбегінің жемісі десек ар­тық айтқандық емес, – дейді шәкірті Салтанат Қожах­мет.

Қолымызға қалам алып, мақаланы жазу барысында бізге пікір білдіріп, білім қызметкері туралы орамды ойлар айтқан ұстаздың қос шәкірті – жоғары білімді жандар. Бірі – мұғалім болса, екіншісі – дәрігер.

Ақмарал Жақбарқызының жолдасы Серік Мұс­тафаев – музыка пәнінің мұғалімі. Жарасымды от­басындағы қос ұстаздың перзенттері оқуда озат, өнерге құштар. Мамандығынан ерекше серпіліс алатын ардақты ұстаздың жұмысына сәттілік тілейміз!

Балтабай АЯБЕКҰЛЫ
07 ақпан 2023 ж. 539 0