Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Білім саласының білікті маманы

Білім саласының білікті маманы

Мектептің жүрегі кәсіби біліктілігі жоғары мұғалім екені даусыз. Өзгеге үйрете жүріп, өзі де білім нәрін меңгеретін ұстаз есімі – ұлық. Жандүниесі қарапайым болғанымен, ақылшы ұстаз күн сәулесі секілді. Бар уақытын баланың болашағы үшін арнайтын педагог өз мамандығынан зор бақыт табатыны сөзсіз. Менің кейіпкерім Гүлзада Ешмұратова ұстаздық қызметте жүріп, шәкірт тәрбиелеуден жалыққан емес. Себебі, ол ағартушылық саланың қыр-сырына қаныққан білікті маман.

Шындығында, адамның бар жетістігінің бастауында ұлағатты ұстаздың қажырлы еңбегі тұрады. Шәкіртінің сапалы білім алуы­на сан жылдар бойы күш-жіге­рін жұмсап келе жатқан Гүлзада Жақсылық­қызы осыдан 56 жыл бұрын қарапайым отбасында дүниеге келген. Жаратылысынан байыпты, биязы қалпы­нан тайма­ған аяулы жан – ата-анасының бесін­ші пер­зенті. Негізінен, тереңөзектік Ешмұ­ратов­тар отбасында 8 перзент тәр­бие­­ленген. Жастайынан ұстаз болуды ар­мандаған өз ісінің шебері білімнің қара шаңырағы – қазіргі №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейде бі­лім алған. Ақылшы, тілеулес жандардың нұсқауымен Гүлзада Ешмұратова Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қа­­зақ ұлттық университетінің биология фа­культетіне оқуға түседі. Мұнда өзі қа­­лаған мамандықты алғыр ойлы жас то­лық­­тай игеріп шыққан.

– Отбасындағы менімен бірге әрбір бауы­рым­ның өмірден өзіндік орнымызды табуға ата-анамыздың қосқан үлесі зор. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген тәм­сіл бекер айтылмаса керек-ті. Берекелі шаңырағымызда ұл-қыздардың тәр­биесіне аса көңіл бөлінді. Сондықтан болар, өз басым білім саласының қыз­мет­кері болуға бекіндім. Негізінен, әкем Жақсылық «Казсельхозтехника» меке­ме­­сінде есепші ретінде абыройлы қыз­мет етті. Ал анам Зәуреш медицина сала­сының кәсіби маманы атанды. Мен Алматы қаласында оқып жүргенімде ата-ана қамқорлығын анық сезіндім. Перзент­те­рінің жоғары білім алуына ата-анамыз барын салды. Әркез әке-шешемнің үкілеген үмітін ақтау басты парызым болды, – дейді Гүлзада Жақсылыққызы.

Бес жылдық білімнің жемісін көру үшін жас маман алып шаһардан туған ауы­лына келген болатын. Оқу барысында ботаникалық бақта тәжірибеден өткен оған үлкен қалада қалуға ұсыныс жасалады. Дегенмен, ұстаз болуды мақсат тұтқан кәсіби маман облыстық білім басқар­ма­сының жолдамасымен сол кездегі №210 Оспан Әбілпаттаев атындағы орталау мектепке жұмысқа орналасады. Осылайша, сол мектепте 6 жыл биология пәнінің мұғалімі қызметін атқарады. Кейіннен №36 А.Жданов атын­дағы орта мектепке ауысқан шәкірттерінің сүйікті ұстазы бо­йындағы бар қабілетін шыңдай білді.

– Қай кезде де жас маманға әрбір істің бастауы қиындық соқтырады. Мұғалім ре­тін­де қызметке орналасқан кезімнен оқу­шы үшін қолымнан келгеннің барлығын жа­сап келемін. Ең алғаш буыны қатаймаған менің барлық жұмысыма қолдау көрсеткен бір жан бар. Ол – аудандық білім бөлімінің сол кездегі биология пәні бойынша әдіскері Бисен Бакирова болатын. Бисен апай әркез сабағыма кіріп, кемшілігімді түзеп, әдістемелік бағыттарды көрсете білді. Әрине, ардақты жанның арқасында мұғалім мамандығының алғышарттарын игердім деп есептеймін. Әрине, сол жылдары шығармашыл, ұйымшыл, өз-өзіне талап қоя білетін әріптестеріммен бірге, «Үздік жас маман», «Жыл мұғалімі» секілді байқаулардан үздік шығуға талпындық. Әркез мектебіміздің атын жақсы жағынан көрсе­туге тырыстық, – дейді ардақты ұс­таз.

Педагогика саласына деген адал­ды­ғынан болар, Гүлзада Жақсылыққызы осы­дан 25 жыл бұрын мектеп дирек­торының оқу ісі жөніндегі орынбасары болып тағайын­далды. Біршама оқушыға өмірден жол табуына зор үлес қосқан білікті маман сол уақыттан бері орын­басарлық қызметті барынша үйлестіріп келеді. Қиын-қыстау уақытта шәкіртке сапалы білім беруден таймаған Гүлзада апай әріптестеріне жоғары талап қояды. Әркез мұғалім өз білімін жетілдіріп отыру керектігін бас­ты қағида санайтын ол – жоғары санатты зерттеуші-педагог. Тағылы­мы мол ұс­таз әрқашан өзінің жоғары табысқа қол жеткізген шәкірттерімен мақтанып отырады.

– Отыз бес жылға жуық педагогика сала­сын­дағы тәжірибемде бала бойын­да­ғы тосын қабілетті жарыққа шығаруға ұм­тыл­дым. Себебі, өзім үшін «Талантты мұ­ға­лімнен талапты оқушы шығады» деген даналық сөз өмірлік ұстаным болды. Шындығында, ұстаздың барлық жұмы­сы шәкіртінің орасан зор жетістігімен бағаланады. Осы кезге дейін бірнеше санатта өткізілген олимпиадалардан орын алған оқушыларымыз көп. Өз кезегінде ерекше атап өтетін шәкіртім – Мұхит Құлмағанбетов. Дарынды оқушымды да­йындау арқылы бірнеше білім бәсекесінен топ жарған едім. Қазіргі таңда Мұхит оф­тальмолог мамандығы бойынша Гон­конг­тағы ғылыми орталықта тәжіри­бе жинақтауда. Сонымен бірге та­ғы бір шә­кіртім Бағдәулет Барзуов респуб­ликалық ғылыми конференцияда күміс жүл­дені иеленген болатын. Шәкірттеріміз мектеп қабырғасынан ашылған жылыжай­да өз­дерінің тәжірбиелерін өткізіп, ғы­лыми жо­балар дайындап жүр, – дейді ағарту саласының білгірі.

Негізінен, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметінің жа­уап­кер­шілігі мол. Осыған дейін 6 мектеп директорымен жұмыс жасаған Гүлзада Ешмұратова әмбебап маманға айналған. Тәуліктің басым бөлігінде білім жүйесінің тың жаңалықтарына көңіл бөлетін білікті ма­ман әрбір ұстазға барынша бағыт-бағдар беріп келеді. Осыдан 10 жыл бұрын аралас мектеп-лицейге айналған білім ошағының оқу-ағарту бағытындағы жұмысын жандандыру тәжірибелі педагог үшін қиындық соқтырмайды. Өз кезегінде Гүлзада апай жас маманның біліктілігін арт­тыруда өзін­дік әдіс-тәсілді қолданады. Әрине, жас буынмен мектеп-лицей ұжымының құрамы толыққанда салалық орынбасардың бас­ты міндеті – шәкірттерге сапалы білім беруді қадағалау. Әрбір істі бастар алдын­да аға буын өкілдерінің ақыл-кеңесіне сүйе­неді. Сабақтың өтілу барысын ыжда­ғат­тылық­пен қарап, жаңартылған білім маз­­­мұны бо­йынша жастарға үнемі жол көрсетіп оты­­рады.

– Біз қашанда өткен мен бүгінді салыс­тыру арқылы білім деңгейімізді толықты­рып отырамыз. Күн санап білім саласына тың өзгерістер енуде. Расында, осыдан 30 жыл бұрынғы білім мазмұны мүлдем бөлек. Қазіргі уақытта жаңартылған білім жүйесінде біз өзгеше бағытты ұстанамыз. Десек те, әрбір пән бойынша көріп-білгені, оқығаны көп мұғалімдеріміз өз алдына дараланып шыға келеді. Жас ұстаздардан зор үміт күтеміз. Әлі есімде, өзім жас кезімде сабаққа тыңғылықты дайында­ла­тынмын. Таңғы 4-ке дейін орысша жаттап, сабағыма мұқият зер салатын­мын. Себебі, оқушыға ұстаз ешқашан мү­дір­местен білімді сапалы бергені абзал. Орын­басарлық қызметті атқару барысында басшылық қойған талапты тиянақты орындауға тырыстым. Әркез өзім білмеген дүниені мұғалімге тапсырма ретінде орын­дауға бермесім анық. Сондықтан өзім із­деніс үстінде жүремін, – дейді мектеп-ли­цей директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары.

Ұлағатты ұстаздың сөзіне құлақ түр­сек, қазақ және орыс сыныбында оқи­тын балалардың айырмашылығы бар екен. Шын мәнінде, қазақы отбасында тәр­бие­ленген баланың бойынан ұлттық бол­мыстың алтын діңгегі көрі­ніп тұрады. Отыз жылдан аса уақытта оқулық­­ты қолынан тастамайтын білікті педагог кітаптардың сауатсыз шығарылуына қынжылысын біл­дірді. Баланың ертеңгі күні үшін сапалы оқулықпен оқыту – ма­ңызды рөл ойнайды. Білімдінің заманы туған уақытта ата-ана да баласының жан-жақты білім алуын қалайды. Сондықтан ұстаз­­дар қауымына артылар жүк ауыр.

Осы кезге дейін ұстаздық қызметте жүріп, респуб­ликалық, облыстық, аудан­дық дәрежеде зор жетістік пен жоғары мара­­­­пат­қа қол жеткізген білікті педагог әр­­кез абырой биігінде. Гүлзада Жақсылық­қызы – білім ошағында талабы жоғары маман болса, үйде ұлының сүйікті ана­сы. Терең­өзектік Мұхтар Исмағұловпен отау құр­ған аяулы жан отбасының ұйытқысы. Қай кезде де Мұхтар аға зайыбына қол­дау көр­сетіп отырады. Ендеше, аяулы жар, ар­дақты ұстазды кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!

Балтабай АЯБЕКҰЛЫ
04 қазан 2022 ж. 573 0