«Анаға апарар жол» киносын оқушылар тамашалады
Апта ағымында аудандық мәдениет үйі жанындағы «Дала дидары» халықтық мәдени-үгіт бригадасының ұйымдастыруымен «Кино әлемі» айдары аясында №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицей оқушыларына «Анаға апарар жол» көркем фильмі көрсетілді. Кездесуге мектеп оқушылары, ұстаздар мен мәдениет саласының мамандары қатысты.
Танымдық іс-шара барысында оқушылар белгілі режисер Ақан Сатаевтың драмалық туындысын тамашалап, мазмұнын талқылауға жан-жақты мүмкіндік алды. Бірнеше сағатқа созылған «Анаға апарар жол» картинасы өткен ғасырда орын алған нәубет жылдарды суреттейді. Басты рөлді сомдаған Ілияс пен анасының бастан кешкен оқиғасы мектеп оқушыларына ерекше әсер қалдырды. Өз кезегінде аудандық мәдениет үйі жанындағы «Дала дидары» халықтық мәдени-үгіт бригадасының жетекшісі Сәбит Наурызбаев киноны түсіру барысындағы қызықты дүниелермен бөлісті.
– Осыдан 6 жыл бұрын тұсауы кесілген «Анаға апарар жол» картинасының түсіріліміне өз басым қатысқан болатынмын. Анығын айтқанда, мен киноны бастан-аяқ түсіретін операторлар құрамына қабылдандым. Түсірілім алаңында орын алған сан түрлі жағдайлар айрықша тебіреніс сыйлады. Негізінен, Ақан Сатаевтың жетекшілігімен түсірілген киноның мазмұны тереңде жатыр. Кино сюжетінде ана махаббатының қуаты ерекше суреттеледі. Қажырлы еңбектің нәтижесінде, ерекше туындыны тамашалай алдыңыздар. Көпшіліктің көңілінен шыққан аталған киноның жарыққа шығуына өзіндік қолтаңбамды қалдырғаныма дән ризамын, – дейді Сәбит Наурызбаев.
Айта кетейік, іс-шара барысында мектеп оқушылары мәдениет саласының қызметкерлеріне мамандық таңдауға байланысты сұрақтарын қойып, тұщымды жауап алды. Өз кезегінде ұстаздар қауымы мән-мағынасы жоғары іс-шараны ұйымдастырған жандарға зор алғыстарын жеткізді.
Б.АЯБЕКҰЛЫ