Әлем өркениетіне оң қадам
Жақында аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған «Дала дидары» халықтық мәдени үгіт бригадасының мүшелерінің ұйымдастыруымен №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейде «Латын әліпбиіне көшу – келешек үшін кемел білімнің кепілі» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.
Дөңгелек үстел барысында мектеп оқушыларына қайта жаңғыру заманындағы барлық озық технологияның үлгісі болып отырған латын әліпбиінің артықшылығы мен тиімділігі насихатталды. Сонымен бірге латын әліпбиін енгізу халқымыздың білімі мен мәдениеті, өнеріне үлкен серпіліс әкелетіндігі айтылды. «Дала дидары» халықтық мәдени үгіт бригадасының жетекшісі Сәбит Наурызбаев жаңа әліпбидің көпшілікті ерекше мүмкіндіктерге, зор жетістіктерге бастайтынын жеткізді.
Үгіт бригаданың мүшелері латын графисының тарихын зерделеп, қазақ әліпбиінің таңбалану ерекшеліктерін талқылады. Білімнің кез келген бағытын игеру үшін әлемдік тәжірибеге сүйену маңыздылығын ашып айтты. Бұл ретте әлем елдерінде кеңінен қолданылатын латын графикасын үйренуге мектеп оқушыларын шақырды.
Латын графикасы – ғылым мен техниканың, интернет пен IT-технологиялардың тілі болып саналады. Латын әліпбиі рухани болмысымызды байытып, қоғамдық ой-санамызды жаңғыртады. Аталған әліпби қазақстандықтар үшін ғана емес, әлемдегі қандастарымызға да ортақ байланыс құралы болмақ. Айта кету керек, латын әліпбиі – түркі әлемімен ықпалдасудың төте жолы. Өз ерекшеліктерімізді сақтай отырып, әліпбиді өзгерту тіліміздің халықаралық аренаға шығуына және ғылыми-техникалық прогрестің заманауи жетістіктеріне қол жеткізуге жол ашады. Әлемдік мәдени тұтастықты нығайтып, коммуникациялық үдерістерге, одан әрі интеграциялануға мүмкіндік туғызады.
Мектеп оқушыларының рухани құндылығын байытуға бағытталған осындай кездесулер алдағы уақытта жалғасын табатын болады.
Балтабай ОРДАБЕКОВ