Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қара суық, қатты аяз болуы мүмкін

Қара суық, қатты аяз болуы мүмкін

Жазушы-этнограф Болат Бопайұлы қазақ халқының ежелден келе жатқан ауа райын болжау тәсілдеріне сүйеніп, келер қыста қандай ауа райы болатынын айтып берді, – деп хабарлайды alashainasy.kz

− Қазақ халқы ертеде ауа райын қалай болжаған?

− Халық арасында аспан әлемі мен жердегі болатын табиғат құбылыстарын ерте болжайтын адамдарды «жұлдызшы» немесе «есепші» деп атаған.

Қазақ есепшілері бір беті ақ, бір беті қара матамен қапталып тігілген қойын дәптері бар есеп дорбасы болады. Біреу ауа райын сұрағанда есеп кітабын ашып, ауа райын болжайтын болған. Қазақ есепшілері табиғат құбылыстарын бақылауда көптеген нәрсеге сүйенді.

Жұлдыздар аспанның қай бағытынан, қай уақытта, қандай пішінде туатынына да зер салып, Күннің шығуы мен батуына, Айдың тууы мен толуына қарап, ауған бұлттардың пішініне, жүгірген аң мен төрт түлік малдың өзгерістеріне қарай ауа райы құбылыстарын болжады.

12 айда 24 амал, 13 тоғыс, 7 белгі, 4 маусым бар.

Қазақ есепшілері 24 амалға қатты назар аударған. Бір амал тура 7 күн болады.

Амалдың кіруі, амалдың ортасы, амалдың шығуы деген бар.

Амалдың басы қатты болса, соңынан жадырап шығады. Ал жайнап кірсе, амалдың соңы қатты болады деген түсінік бар. Қыста қарлы борандар соғып, қалың қар жауады, ал жаздыгүндері сел жүріп, ақ жауын жауатын. Сондай апатты жағдайлардан есепшілер алдын ала есептеп отыратын.

Сондай-ақ әр жылдың өзіне тән мінезі де болады.

− Болжамдарыңыз бойынша алдағы қыстан қандай ауа райы күтілуде?

− Биыл доңыз жылындағы шілде айы қатты қапырық ыстық болды. Ол 270 күнде айналып, ақпан айына келеді.

Мысалы жазғы шілде 26 маусым мен 5 тамыз аралығы болса, қысқы шілде 27 желтоқсаннан 6 ақпан аралығында болады. Бұрынғы есепшілердің тәжірибесіне сүйенсек, биылғы жылдың шілдесі қапырық ыстық болса, келер жылдың ақпан айында қақаған, үскірік аяз болады.

Биыл шілде айында қапырық ыстық болды, бірақ жазда жауын-шашын болмады. Соған қарағанда қыста қара суық, қатты аяз болуы мүмкін. Қыстың басында қар жауса да, ақпанда қар аз болуы мүмкін. Солтүстік, Оңтүстік, Шығыс Қазақстанда жаңбыр көп жауған болса, ол жақтарға қар қалың түседі. Ал қатты ыстық болған болса, қатты аяз болды.

Аспандағы босағалы жұлдыз деген бар. Күзде босағалы жұлдыздың екі арасы жақын көрініп тұрса, қыс қысқа болады. Ал алыс болса, сәйкесінше, қыс ұзақ болады. Келер жыл − тышқан жылы. Тышқан жылының биылғы қысы оңай болмайды деп болжап отырмыз.


08 қазан 2019 ж. 1 038 0