Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Алғыс арқалаған шипагер

Алғыс арқалаған шипагер

Тілшілер қауымы ел ішіндегі жағымды жаңалықтарға құлақ түріп, соны оқырмандарға жеткізуді мақсат ететіні анық. Ау­дан­дық басылым қызметкерлері де қашанда жақсыны көріп, жағымды жаңалықпен бөлісуге әзір. Сонымен қатар оқырман­дармен тығыз байланыс жасап, ауданға еңбегі сіңген азаматтар туралы жазып, олардың өнегелі өмірін үлгі етеді.

Жақында Шаған ауылының тұрғындары бір отбасылық жиында ауылда талай жанның дертіне шипа болған медицина маманы туралы жақсы пікір білдірді. Дереу ол кісі туралы жөн сұрағанымызда аялы алақанымен көптеген балаларға ем-дом берген Мейрамкүл Қожанова екенін білдік. Ауыл халқы да өз ісінің білгірі туралы газет бетінде мақала жариялауға ұсыныс айтқан болатын. Ұсынысты қабыл алып, дереу елінің алғысын алған Мейрамкүл Қожановамен кездестік.

Иә, басы ауырып, балтыры сыздамайтын адам болмайды. Ал мұндай жағдайға бала ұшы­раса, ата-анасы дәрігер жағалап кетеді. Басын тауға да, тасқа да ұрып, ұрпағының дертіне шипа іздейді. Дәстүрлі медицинадан ешқандай көмек болмағанда халық емшілеріне барады. Қолында дерттен айықтыратын ерекше қасиеті бар адамдарға кейде шын мәнінде риза болатын жағдайлар да кездеседі. Бүгінгі кейіпкеріміз Мейрамкүл Қожанова өзін емші санамайды. Жасап жүрген емін дінмен немесе басқа да тылсым күшпен байланыстырмайды. Дегенмен мұндай қасиетті шипагердің өзі арнайы алған біліммен байланыстырып, соңғы жиырма жылдан бері айналысып келеді.

Мамандығы фельдшер Мейрамкүл Әлиас­қар­қызы – Шаған ауылының тумасы. Осы ауылда оқып, өседі, Шымкент қаласындағы меди­циналық училищені бітіреді. Алғашқы еңбек жолын туған ауылындағы ауруханада фельд­шер-зертханашы болып бастап, табан аудар­мастан 10 жыл жұмыс істейді.

2003 жылы аудандық жедел-жәрдем бө­лім­­шесіне қызметке ауысады. Бөлімше қайта құры­­­лым­­данғанда облыстық жедел-жәрдем стан­­­­ция­сының №11 бөлімшесінде бағыттаушы-дис­­пет­чер болып, осы уақытқа дейін жұмыстан қол үзген емес.

Шын мәнінде осы күні өз бетінше ізденіп, біліктілігін жетілдіріп, дертіне шипа іздеген балаларды массаж арқылы емдейді. Мейрамкүл Қожанованы ауыл халқы ғана емес, облыстан, республиканың түкпір-түкпірінен арнайы іздеп келетіндер де бар.

– Осыдан бірнеше жыл бұрын қызым қатты ауырып, оң аяғы жансызданып қалды. Сонда дәрігерлер тез арада мықты массаж жасайтын маман қажет екенін айтты. Мен көп ойланбастан өзім де массажды істейтінімді, арнайы курстардан өтіп, шығыс медицинасын меңгергенімді айттым. Дереу массаж жасауды қолға алып, қызымды емдедім. Төрт күн дегенде қызымның аяғына жан бітті. Дертіне шипа болған емнің арқасында аяғына тұрып кетті. Міне, содан бері сәбиінің дертіне шипа іздеген, көмек сұрағандарға қолымнан келгенше массаж жасап ауруынан айықтырып келемін, – дейді Мейрамкүл Қожанова.

Бойында ерекше қасиеті бар Мейрамкүл апа медициналық әдіспен массаж жасауды меңгеріп, әр жыл сайын білікті мамандардан дәріс алып отырады. Қосымша тәжірибе жинап, көбіне мамандардың өзі бара бермейтін күрделі деген диагноздарды емдеуге батыл кірісіп кетеді.

Атап айтқанда ДЦП, ми ишемиясы, жамбас дисплазиясы, мойынның, аяқтардың қисаюы, мойын омыртқаларының шығуы, беломыртқа, арқа остеохондрозы, грыжа тағы басқа көптеген ауруларды емдейді. Науқас адамға медициналық көмек беруге кез келген уақытта дайын тұратын ақ халатты абзал жан ауырып тұрған ересек адамды байқаса шипалы алақанымен емдеуге әзір тұрады. Жалпы массаж жасайтындардан Мейрамкүл Әлиасқарқызының ерекшелігі ересектер мен балаларға анықталмаған диагнозды қолымен ұстап қоятынында. Қай жері ауырып тұр, қай жерінде артық нәрсе бар, сүйек жетілмей тұр ма, барлығын дәл нақтылайды.

Шипагердің айтуынша дүниеге келген шақалақтан бастап, жасөспірім балаға массаж жасайды. Дұрыс жасалған массаждың өзі дені сау баланың ақыл-ойын дамытады. Сонымен қатар иммундық жүйені жақсартып, өсіп келе жатқан ағзаны жетілдіруге, бұлшықетті дамытуға, күні бойы алған стресстен арылуға көмектеседі. Қазір балалардың арасында жиі кездесетін туа бітті ауруларды асқындырмау үшін мықты мамандарға ерте кезден жүгіну керектігіне кеңес береді. Ал күнделікті балаңыздың денесін ұйықтатар алдында уқалауды әдетке айналдырсаңыз жақсы көңіл-күй мен белсенділігін арттырасыз.

– Қазіргі медицина көп жетілген деп айтқанымызбен, әлде де дұрыс диагноз қоюда қателесіп жататын дәрігерлер бар. Негізінен білікті дәрігер ешқашан қателеспеу керек. Ал дәстүрлі медицинадан ем таппай уақыт өткізіп алдыма келген балалардың арасында құлан таза ауруынан айығып кеткендер баршылық. Кейін ем алған балалардың жағдайын біліп, хабарласқанымда, барлығы жақсы болып кеткеніне көзім жеткенде шүкірлік етемін. Әрине, барлығы адамның ниетіне байланысты, – дейді өз ісінің маманы Мейрамкүл Әлиасқарқызы.

Шын мәнінде үлкен адамға қарағанда балаларға массаж жасау үлкен біліктілікті, жауапкершілікті қажет ететіні даусыз. Аса ұқыпты, епті болуды талап ететін ем-шараны ыңғайлы жерде, арнайы үстелде жасау керек. Ал жағдайы күрделі балаларға массаж жасағанда бала мазасызданып, ауырсынуы мүмкін. Сондықтан түрлі жағдайда қандай әдіспен массаж жасау керектігіне аса мән беретін маман қайткен күнде де баланы аяғына тұрғызуға барын салады.

– Біздің баламыздың дертіне шипа берген, алтын қолды массаж маманы Мейрамкүл Әлиасқарқызына айтар алғысымыз мол. Өсіп-жетіліп келе жатқан баламыздың дене бітімі мен омыртқасының жетілуіне күмәнданып, мықты маман іздедік. Ондай маман Шаған ауылында бар дегенді естіп, арнайы іздеп келдік. Бірнеше курс алған соң баламыздың тірек-қозғалысында өзгеріс пайда болды. Уақыт өте келе дертінен толық айығып кетті. Қазір екі аяғына тең тұрып, шауып кетті. Шүкір, ұрпағымыздың дені сау болуына қол ұшын беріп, қолынан келетін істі пұлдамай, барлық кезде көмек беруге дайын тұратын апамызға ұзақ өмір берсін деп тілейміз, – дейді Жалағаш ауданы Аққошқар ауылының тұрғыны Жанар Жұмағұлова.

Осындай жылы лебіздер Мейрамкүл Әлиас­қарқызы­на көптеп айтылуда. Олардың әр­қайсысын тізбектеп жаза беруге қарсылық білдірген маман, өзін мақтай бергеннен гөрі нақты іспен айналысуды жөн көретінін айтты. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» демекші шипагер шын мәнінде қандай дертпен келсе де қолындағысын аямайтындардан артық ақы алмайды. Бұл оның ата-анасынан алған қасиеті болса керек. Мейрамкүл апаның әкесі Әлиасқар шаруашылықта механизатор болып еңбектің көрігін қыздырса, анасы Тайжан су торабында қарапайым жұмысшы болған. Олар бүгінде өмірден өтсе де 6 баласынан тараған ұрпақтары тамырын тереңге жайған. Міне, қарапайым, әрі қанағатшыл болу – адамгершіліктен деп үнемі өз балаларына айтып отыруға жалықпайтын ардақты жан да бес баланың анасы. Жұбайы Сәрсенғали ағамен 2 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірді. Қазір үлкендері Данияр кәсіппен айналысады. Қыздың үлкені Гүлжайна Қызылордада тұрады, бір мекемеде бас есепші болып қызмет етеді. Одан кейінгі қыздары Гүлзада мұғалім болса, кіші қыз Аяулым педагог-хореограф мамандығымен жұмыс істейді. Кіші қыздары Түркістан қала­сында. Балаларының кенжесі Ілесбек пен келіні Әнеля Астана қаласында, екеуі де студент. Ілесбек болашақта мал дәрігері болады. Балаларының білім алып, өмірден өз орындарын табуына қолдау білдіріп отыратын ата-аналары 1 жиен немере сүйіп отыр.

Осы күні өзінің денсаулығы кейде сыр берсе де алдына келгенді емдемей қайтармайтын қасиеті үшін алғыс арқалап жүрген Мейрам­күл Әлиасқарқызы әлі талай баланың денсау­лығының жақсаруына себепші болары сенім­діміз.

Бибісара ЖАНӘЛІ
24 қаңтар 2023 ж. 232 0