Құндылықтар шежіресі
«Қадірлі Қазыбай ағаға» деп өз қолымен жазып берген саясаттану ғылымдарының докторы Мұрат Бақтиярұлының «Құндылықнама» атты кітабын алдым. Қызыл қаламымды ұштап, шұқшия қарап басынан аяғына дейін оқып шықтым. Сондағы түйгенім, біріншіден, дәл осы уақыттағы қоғамдық қажеттіліктен туған дүние екеніне көзім жетті. Себебі, қазіргі кезде рухани ауаның жетімсіздігін бастан өткізудеміз.
Себебі, бабаларымыздан қалған, автордың сөзімен айтқанда «көшпенді өркениет өзегіміз» бізге толық жеткен жоқ. Жастарымыз бен кейбір ақсақалдарымыз да интернет шырмауында.
Екіншіден, ұлтты ұйыстыратын бірден-бір құрал ана тіліміз әлі де заңды мемлекеттік тіл деп есептелгенмен өзінің тарихи-рухани орнын тапқан жоқ. Соңғы жылдарғы геосаяси жағдайдың ушыға бастап, Ресей мен Украина арасындағы соғыстан орыстардың Қазақстан сияқты «жайлы» қонысқа орала бастады. Бұл онсызда басым болып келе жатқан орыс тілінің аясын кеңейтті. Жақсы һәм жаман жақтарымен бізге жеткен И.Сталин 1923 жылы РКП (б)-нің ХІІ сьезінде: «Мы должны бороться с великорусским шовинизмом, подсечь его в самом корне, потому что он стремиться создать «единную и неделимую». Он старется стереть все нерусское, собрать все нити управления вокруг русского начала. Вот эту опосность товарищи, мы должны во что бы то ни стало свалить на обе лопатки» деп мәселенін ашығын айтыпты. Бұл ұлы феноменнің екі ғасыр бұрын айтқан көрегендігі қазір біздің басымызға келіп отыр. Терең ойлап түйсігін тебірентетін қазақ түсінеді ғой деп ойлаймын.
Үшіншіден, «Құндылықнама» еңбегінде діни құндылықтарға ерекше мән берілген. Себебі, дін идеология ретінде тек жақсы жайттарға зор мән береді, соған жетелейді. Автордың аталмыш еңбегі бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жетекшілігімен жарық көрген «Ихсан – рухани тәрбие негізі» атты кітаппен астасып бірін-бірі толықтырып тұрғандай.
Төртіншіден, «Құндылықтаманы» әрбір отбасына, балабақшалар мен мектеп оқушыларына күллі жастар мен студенттерге, оқу бағдарламаларына енгізу еш артықтық етпес еді. Өйткені, бұл – кемел келешегіміздің қажеттіліктерінен туындап отырған дүние. Бесіншіден, «Құндылықнаманы» зерделеп оқыған оқырман автордың көп жылғы ғылыми ізденісінің нәтижесі екеніне көзі жетеді.
Автордың аталмыш еңбегі «Құндылықнама» – құнды кітап» деген ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ғалым жазушы Қ.Салғариннің алғысөзімен ашылған. Әлқисса, сөз басы, яғни еңбектің беташарын автордың өзі жазған. Мұнда ұлттық мемлекет, ұлт, этнос сияқты категорияларға анықтама беріліп, ұлттық рухымызды жандандыру мақсатын тек қазақтар шешетінін меңзейді. Жалпы, құндылық ұғымы адам және адами құндылықтан басталатыны ескеріліп, кітапта тарау деген ұғым шырқау түсінікпен алмастырылыпты. Өте ұтымды ой, дұрыс шешім деп есептеймін. Себебі, дамудың логикалық байланысын есептей отырып, автор әуелгі шырқауда өткен тарихымызды алға тартып, қоғамдық, саяси, экономикалық дамуымыздың жаңа Қазақстанға қарай бет алғанын шынайы дәлелдермен келтірген. Әлемді қамтыған жаһанданудың қыр-сырын аша отырып, оның Қазақстанды ешқашан айналып өтпейтінін, соған дайын болу керектігін қарапайым сөздермен санамызға құяды.
Екінші шырқауда – Әлеуметтік, отбасы құндылықтарын бірінші кезекке қойып, олардың мәні мен мағынасын қазақтың ежелгі салт-дәстүрлері арқылы қарапайым мысалдармен дәлелдейді. Өзекті жанға өлім бар деген қағиданы алға тарта отырып, автор қазақтың басқа ұлттарда кездесе бермейтін жұбату, жоқтау, аза тұту, артын күту, ас беру т.б. сияқты ажалға байланысты тарихи қалыптасқан дәстүрді алға тартады. Ойлана оқысаңыз, ажалдың адамды айналып өтпейтіініне иланып, өзіңізді сабырға шақырып, материалдық дүниені мансап етпей, адамдық, адалдық, қайырымдылық, кішіпейілділік т.б. жақсы қасиеттерді бірінші кезекке қоюға ұмтыласыз.
Тамақ, ауыл, еңбек құндылықтары да автордың қаламынан тыс қалмай, қазіргі отбасы құндылықтарының қас жауларының бірі ажырасу мәселесіне ерекше мән береді. Бұл құбылыс үлкен ұлттық қасірет ретінде қарастырылып, оның қоғамға, отбасына, балаға келтіретін зиянын ерекше атайды. Өте орынды. Тұлпардың тұяғымен, найзаның ұшымен бабаларымыздың біздерге аманат еткен ұлан-байтақ жерінде қазақтардың аздығы ойға оралады. Жастарымыздың ажырасуын ұлтқа басылған қара таңба деп қабылдауымыз керек. Демографиялық процессті жандандыру қазақтардың санын көбейту мемлекет алдындағы өзекті һәм бірінші мәселе болу керек. Бұл – жалғыз менің ғана емес, елдің пікірі, қажеттілігі, болашағы.
Үшінші шырқау – ұлттық тіл, білім құндылықтарын қамтиды. Мемлекетіміздің туы, Елтаңбасы, Әнұраны, ұлттық құндылығымыздың негізгі компоненті ретінде қарастырылады. Тіл құндылығы тарихымыздың негізгі ұйымдастырушысы, дамытушысы, біріктірушісі ретінде көрсетіліп, қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту жайлы нақты ұсыныстар айтылады. Автор білім құндылықтарын мемлекеттік, қоғамдық және тұлғалық құндылықтар ретінде қарастырып, оның болашақ дамуына жол сілтейді. Тәуелсіздік жылдарында ең көп тартымсыз, нәтижесіз реформаларға ұшыраған білім саласы. Бұған дейін бұл саланы басқарған министрлердің ешқайсысы ұсынған реформаларын аяғына жеткізген емес. Бүгінгі күні аталмыш саланың екіге бөлініп, Жаңа Қазақстан жағдайында әрекет етуінен үмітіміз зор.
Төртінші шырқау – мәдени мұра, діни құндылықтар мен Жапония, Қытай, Корея, Туркия, Грекия, көп мәдениетті Канада, көршілес Ресей сияқты елдердің құндылықтарының бізге тиімді жақтарын нақты дәлелдермен келтіреді. Мәдени мұра аясында жүзеге асырылған археологиялық жұмыстар, тарихи ескерткіштер, елордада 2017 жылы мәдениет және спорт министрлігіне қарайтын қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының қызметіне, «Тұран мұрасы» жобасының жетістіктеріне тоқталған. Ұлттық тарихымызға байланысты шетте қалған жәдігерлерді елге қайтару мәселесін көтеріп, кітап реставрациясына, Бабалар сөзінің 100 томдығының тарихи маңызына, Жеті жарғы секілді жеті жобаны талдайды. Діни құндылықтардың, яғни діннің тілден де зор әсерін ескере отырып, ұлттың негізі белгісі тілі болса да, оның дін арқылы қалыптасатынын, отаршылық басқыншылықтан тілдері жойылған ұлттардың діндері арқылы, дәстүр-салты жалғаса беретінін дәлелдейді.
Автор діни дәстүрлерді ұлттық дәстүрлерімізбен байланыстыра қарап, отбасылық дәстүрлерге айрықша тоқталады. Жоқтан жаратушы Алланың мүмкіндігінің шексіздігін Аристотельдің «Әлем ішіне қарай да, сыртына қарай да шексіз» деген кемел қортындысын, Ұлы жаратушының жаратқан дүниесіне адамның білімі жетпейтіндігін көрсететін бірден-бір өлшем екенін алға тартады. Дін тарихының төрт дәуіріне – алғашқы Адам ата мен Хауа ана, екінші пайғамбарлар, үшінші ақырғы пайғамбарлар, төртінші ақыр заман дәуірлеріне сипаттама береді. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) бізге аманат болып қалған Құран Кәріммен, қасиетті хадистердің маңызын көрсетеді. Сезім мен ой, бір мен нөл, жаратылыс, жан, тән, құл мен құлшылық, тобыр сияқты категориялардың мәнін, мазмұнын дінге байланыстырып сипаттайды.
Қорыта айтқанда, Мұрат Бақтиярұлының «Құндылықнама» атты еңбегі оқуға жеңіл, дәйекті дәлелдермен жазылған. Мұнда қазақ ғұламалары мен қатар әлемдік деңгейдегі әртүрлі ұлт өкілдерінің ой пікірлері көптеп орынды пайдаланылған. Қазақстанның жоғары палатасында екі мерзімдік сенаторлық қызмет атқарған Мұрат інім – тек саясатпен емес ғылыми ізденістерінде қатар алып жүрген тұлға. Оның орнына баратын жерлес Сенат депутатына Мұрат Бақтиярұлының адал, шыншыл, шынайы, еңбекшіл, ғылыми, азаматтық әрекеттерін тілеймін.
Қазыбай Құдайбергенұлы,
Қорқыт Ата университетінің
профессоры
Қорқыт Ата университетінің
профессоры